Мәдениет

«Геолог» мәдениет үйінің өз «Дос-Мұқасаны» бар

Қай кезде де ретро әндерге сұраныс көп. Бүгінде осындай сағындырған әндерді Ақтөбедегі «Тасқын» вокалды-аспапты ансамблі керемет орындап жүр.

Аталған ұжым 2017 жылы Ақтөбедегі «Геолог» мәдениет үйі жанынан құрылған болатын. Мұқтарбек Қарабалин жетекшілік ететін ансамбль құрамында зейнет жасындағы өнерпаздар өнер көрсетеді. Олардың ішінде Серік Құлекешов — ритм гитрада, Көпжасар Қыпшақбай — дауылпазда, Қадырбек Байжанов — «Ямаха» пианиносында, Сағынтай Калиев — гитарада, Қуантқан Тұржанов бас гитарада ойнайды. Бибігүл Сейітова мен Эльмира Басығариева жеке дауыста ән салады.

Құрылған күннен бастап көрерменін баурап, алты жыл ішінде көпшіліктің көңілінен шыға білген «Тасқын» вокалды-аспапты ансамблін «Геолог» мәдениет үйінің «Дос-Мұқасаны» десе де болады. Себебі өнерлі ұжымның репертуары бір кездері «Дос-Мұқасан» ансамблі орындаған ретро әндерге бай.

— «Тасқын» ансамблі қазақ композиторларының туындыларын орындайды. Сонау 80-90 жылдардағы хит әндерді де шырқайды. Ансамбль құрамында өнерлі бес ақсақалымыз бар. Олар сахнаға қолдарына гитара, барабан, бас гитара мен ямаха ұстап шыққанда жұртшылық қуана қарсы алады. Бұған біз де шын қуанып қаламыз. Шаһарымыздың мәдени шараларына атсалысады. Алты жылдың ішінде өңіріміздің барлық ауданында өнер көрсетіп қайтты,  — дейді ансамбльдің жетекшісі Мұқтарбек Қарабалин.

Қаламыздың Алматы ауданына қарасты «Геолог» мәдениет үйінің әр мерекелік кешінде өнер көрсетіп жүрген «Тасқын» вокалды-аспапты ансамблі — көптеген қалалық, облыстық, аймақтық байқаулардың лауреаты.

Әркез халықтың ілтипатына бөленіп жүрген, үлгілі атаққа лайық ансамбль алдағы уақытта қатарына жастарды да тартуды жоспарлап отыр.

 Бибігүл ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ,

«Геолог» мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button