Тарих

Өнегелі іс — перзенттік парыз

Бабалардың өткен тарихын зерделеп, тиісті бағасын беру — өсер елдің дәстүрі. Осындай игі де сауапты істі жүзеге асыру мақсатында жеке кәсіпкер Ізбасар Қарамолдин былтыр есімі руға берілген Майлы Жамаладдинұлына ескерткіш-нысан орнатуды шешкен. Осы мақсатта Саралжын ауылдық округінің қоғамдық кеңесінің шешімімен қажетті 200 шаршы метрдей жер алған. Бұл шешімді аудандық жер комиссиясы мақұлдаған. Ескерткіш орнатуға бастамашыл топ құрылып, қажетті қаражаты жиналып, Алматы шеберханасында күмбезді монумент жасатқан. Биыл жаз бойы еңбектеніп, құрылысты аяқтап, жуық арада салтанатты түрде ашып, тарихи-танымдық іс-шара өткізбек.

Бұл жерде облыстық ономастика комиссиясында тіркелу мәселесі болып тұр. Осы ретте біткен істі аяғына дейін жеткізу мақсатында өлкетанушы ретінде төмендегі мәліметтерді ұсынамын: «Атадан — ұлағат, ұрпаққа — мұрағат» кітабында жазылған деректерге сүйенсек, Мұңайтпас сол заманның сауатты адамы болған. Кіші баласы Жамаладдиннен Майлы шамамен 1595 жылы, ал Қоңыр 1600 жылдар шамасында туған. Қоңыр қол бастаған батыр және би болған. Ал Майлы көріпкел әулие, Қоңырдың кеңесшісі, ақылгөйі болыпты.

Майлы ұрпақтарының негізгі жайлаған мекені — Ойыл ауданының Саралжын жері. 1927 жылы алғашқы ұжымдастыру кезінде «Майлысай» серіктестігі құрылып, Майлысай бастауыш мектебі ашылған, ол қазіргі Ә.Дербісәлин атындағы Саралжын орта мектебінің негізі деп есептеледі. («Ойыл» энциклопедиясы 2010 ж. 32-бет).Есімі руға атау болған Майлының шын мәнінде қайраткер, елі алдында зор беделге ие адам болғанын, ұжымдастыру кезінде Саралжын жерінде құрылған алғашқы серіктестік пен мектепке «Майлысай» атының берілгенін ескеру керек. Себебі қай кезде де жайдан-жай атау берілмеген. Ескерткіш қоярда да кімнің кім екені зерттеп-зерделенгені дұрыс.

Жақсылық БИСАЛИЕВ,

өлкетанушы, Саралжын ауылдық округінің қоғамдық кеңес мүшесі.

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button