Мәдениет

«Ахтанов алаңында» бас қосты

Биыл белгілі жазушы, драматург, Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, Ақтөбе топырағының перзенті Тахауи Ахтановтың туғанына 100 жыл толады.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен жазушы есімін иемденген өнер шаңырағы — облыстық драма театры бірлесіп, жыл басынан бері осы мерейтойға орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Мысалы, көктемде Ақтөбеде «Театр — өнердің ұлы күші» атты республикалық халық театрлары фестивалі өткен болатын. Ал осы күндері өнер мерекесі деп атауға лайық тағы бір үлкен жиын— «Ахтанов алаңы» республикалық театр форумы өтіп жатыр. Бұл іс-шара аясында театр саласындағы жастардың кәсіби шеберлігін шыңдау үшін жан-жақтан белгілі мамандар шақырылған.

Форумның ашылу салтанаты 24 қыркүйекте өтті. Жиынға театр, мәдениет саласының қызметкерлері, жастар, соның ішінде Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының театртану факультетінен келген болашақ театр мамандары мен театр сыншылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен сахнаға дәріскерлер шақырылды. Алты бағыт бойынша дәріс оқитын кәсіпқой мамандар көптеген тілек білдірушілердің арасынан іріктеп алыныпты. Атап айтқанда,астаналық Әлібек Өмірбекұлы — режиссурадан; мәскеулік Гүлназ Балпейісова — актерлік шеберліктен; алматылық Анна Цой — хореографиядан; алматылық Арсений Макаров —  «Жарық қою суретшісі» бағыты бойынша; уфалық Лилия Хисматуллина — «Сценография және сахналық костюм» бағыты бойынша; ал астаналық Аягүл Шалғымбаева «Гримм» бағыты бойынша дәрістер оқиды. Олардың бәрі де — өнерсүйер ортада өз ісінің шебері ретінде танылған мамандар.

Дәріскерлерден кейін сахнаға Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдениет комитетіне қарасты театр өнері басқармасының басшысы Алтынгүл Нұрбекова мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Алтынай Юнисова көтерілді. Алтынгүл Нұрбекова жиналғандарға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Министр өзінің хатында Тахауи Ахтановтың ұлттық әдебиетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып, халқына өшпес мұра қалдырғанын, оның шығармалары еліміздің театрларында үзбей қойылып келе жатқанын атап өтеді. Сондай-ақ оның құттықтау хатында: «Мерейтой аясында облыс әкімдігінің қолдауымен Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры республика көлемінде алғаш рет «Ахтанов алаңы» театр форумын ұйымдастырып отыр. Аталған форум өнер иелерінің, театр қызметкерлерінің шығармашылық ізденісіне серпіліс беріп, көркемдік әрі сапалық тұрғыдан жаңа белеске көтеріп, өнер әлемінің өркендеуіне үлес қосады деп сенемін», — делінген.

Ашылу салтанатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова да құттықтау сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Туған топырағымыздың перзенті, Мұхтар Әуезовтің батасымен әдебиет әлеміне қадам басып, кейін өзі де қазақ әдебиетінің алыптарының біріне айналған Тахауи Ахтановтың мерейтойын лайықты түрде атап өтуге жыл басынан бастап ден қойдық. Бүгін басталған форум — жыл басынан бергі іс- шаралардың жалғасы. Форум аясында театр саласының мамандары керекті дәріс алып, тәжірибе жинап қана қоймай, шығармашылықтарына серпін беретін рухани күш-қуат алады, жаңа достар табады, жаңа ізденістерге жол ашылады деп сенемін, — деді Алтынай Юнисова.

Соңынан театр саласының ардагері, Т.Ахтанов атындағы театрдың бұрынғы директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мағзұм Бақытжанов жастарға бата берді.

Форум жұмысы 28 қыркүйекке дейін жалғасады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button