Мәдениет

«Қазынаның» көрермендері

«Қалалық  қазақ  зағиптар қоғамы Мәдениет үйі жанынан құрылған «Қазына» ансамблі өнерпаздары «Шабыт мекені» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

«Қазына» ансамблі 2019 жылы құрылған. Ансамбль жетекшісі — Қайсар Махмет.

Қазіргі таңда аталған мекемеде 64 қатысушысы бар 6 үйірме жұмыс жасайды. Соның ішінде «Қазына» аспаптық ансамблінде 11 адам өнер көрсетеді.

Бұл шара өнерді жаны сүйетін, өнермен жұбанатын, әлемді жүрекпен ғана сезініп, көре алатын мүмкіндігі шектеулі жандардың бос уақытын тиімді пайдалану әрі оларды өнерге баулу мақсатында ұйымдастырылды. Қатысушылар түрлі аспапта ойнайды. Жылдық жоспар бойынша өтетін барлық және арнаулы кітапхана шараларына «Қазына» ансамблі өнерпаздары белсене атсалысып жүр, — деді Ақтөбе қаласындағы зағиптар Мәдениет үйінің директоры Ақыл Жарылғасынов.

Сахна шымылдығы композитор А.Жұбановтың «Би күйімен» ашылды. Бұдан әрі көрермен ансамбльдің орындауындағы Дәулеткерейдің «Қосалқа», «Көрғұлы» күйлерін,  сондай-ақ тағдыр тауқыметін қайыспай көтеріп жүрген жандар шырқаған «Жыр жазамын жүрегімнен», «Қаздар қайтқанда», «Ақ сәулем» сияқты өзге де әндерді тамашалады. Жеке орындаудағы әндердің барлығы ансамбльдің сүйемелдеуімен тыңдарманды ерекше әсерге бөледі. Сонымен қатар кеште «Әжелер» вокалдық тобы «Беу айдай», «Елге сапар» әндерін шырқады.

Домбыра, сыбызғы, сырнай, қылқобыз сияқты аспаптарда ойнайтын «Қазына» ансамблінің өнерпаздары облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүр.

Шара соңында Ақыл Жарылғасынов бүгінде аталған қоғамға облыс бойынша 1000-ға жуық зағип жанның тіркелгенін тілге тиек етіп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін осындай концерттерден бөлек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі демалыстар ұйымдастырылатынын айтып, кеш көрермендері мен  өнерпаздарға алғысын білдірді.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button