Тарих

Нәубет жылдар жаңғырығы

«Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі — 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді…

Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек».

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

«1921-1922  жылдардағы  ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді» деп басталады көп деректерде, бірақ бұл ашаршылық қолдан жасалған еді.  Бұған дәлел мына өлең жолдары:

«Жауыздар жасап қолдан қанды бүлік,

Адамның арманына салды құрық.

Тұтқынның жан ұшырған айқайынан,

Тұр әлі бүкіл дала жаңғырығып».(Сырбай Мәуленов)

1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 20 миллион астам адам аштыққа ұшырады.  Осы ашаршылық салдарынан азайып қалған қазақ халқы үшін саяси қуғын-сүргін жылдары еліміз үшін тағы да бір ауыр кезеңді алып келді. Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер» дегенөтірік жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастырды. Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді.

1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке  келген Ф.Голощекин елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырады. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізді. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындаудан басталды. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтен алып, елден қудалап, олардың көзін жоюды қолға алды. Бұл «зұлмат» ұлтты да, адамды да, адамның жасын да есепке алмады: заң қызметкерлері де, колхоз басшысы да, ауылдағы малшы да, молдалар да, байлар да, мәдениет қайраткерлеріне де түрлі жалалар жабылып, «халық жауы» болып шыға келді.

1927 жылдары ел ішіне ылаң салған кәмпеске басталды. Біздің өңірде, соның ішінде қазіргі Хромтау ауданы да одан тыс қалмады. Алғашқылардың бірі болып мешіт салдырғаны үшін әрі бай деп ұсталғандардың бірі  Жағалбайлы, Бескүрек руынан Божыр екен. Сол жылы бірнеше бай дегендерді ұстап, малдарын кәмпескелеп, өздерін ату жазасына кескен екен. Божырдың отырған ағаш үйіне дейін  қызыл белсенділер алып кеткен. Кейін сол ағаш үйді алған адам да көп ұзамай қайғылы жағдайға душар болды дейді. Баласы Божыров Ермағанбет 1889 жылы туған.1937жылы 14 қазанда УНКВД үштігі шешімімен ату жазасына кесілген.1989 жылы ғана ақталған. Божыр бай деп, балаларын байдың тұқымы деп қуғын-сүргінді көп көрсеткен.Оған музей қорындағы мұрағат құжаттары «Тергеу хаттамасы№46, №48» дәлел бола алады.Бұл хаттамада аттары мәңгілікке  өшпестей жазылған.

Саяси  қуғын-сүргін Қазақстанда Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталады. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылып, олардың бірі түрмеге  қамалса, бірі ату жазасына кесілді, ал енді бірі еріксіз жер аударылды.Ұлт қайраткерлеріне «КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды» деген заңсыз жала тағылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады. Осы зұлмат жылдарында Ақтөбе облысынан 5мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Бүкіл  Қазақстанды шарпыған зұлмат жылдарында, мысалы, Хромтау өңірі де бұл қанды қырғын тұзағынан тыс қалған жоқ.

«Хромтау өңіріндегі бір ғана Марьевка селосының өзінде 50-дей адамға «халық жауы» деген жала жабылып, қуғын-сүргін қармағына іліккен.

1937-1938 жылдары Қиыр Шығыс өлкесінің 23 ауданынан Оңтүстік Қазақстан облысына, Арал теңізі, Балқаш көлі, Өзбекстан, Ақтөбе өңіріне 20789 корей отбасы немесе 98454адам жер аударылған. Соның 660-ы Новоресей, әсіресе Бөгетсай МТС-і колхоздарына орналастырылды.НКВД 1938 жылдың ортасынан бастап, «қауіпті, күдікті адамдар» деген себеппен корейлерге жала жабылып, 130 корей «жапон тыңшысы» деген желеумен ұсталған» («Хромтау өңірі: қуғын-сүргін құрбандары». З.Байдосов).

Өтірік  жаламен жабылған саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі — Әкімәлі Қаржауұлы.

«Ақ сұңқар құстай ұша алмай,

Ұмтыла түсіп құладым.

Төбеттер тартып құлатты-ау,

Арқаның киік құланын»,

— деп өзінің жағдайын баяндайды.  Қазан төңкерісінен кейін елге оралып, жаңа өмір құруға құлшына атсалысады. Өзі туып-өскен аймақта «Ойсылқара», «Қызыл еңбек» колхоздарын ұйымдастыруға қызмет етеді.1929-1930 жылдарда ауылды колхоздастыру жұмыстарына қызу атсалысқан Ә.Қаржауұлы 1916 жылғы қара жұмыс кезінде бейнет әсерінен ауруға жиі шалдығады және сол кезеңнің қанды қақпанына ұшырап, түзету лагеріне айдалып, Өзбекстан жерінде 1932 жылы 7қазанда түрмеде қайтыс болған.  1962 жылы 22 наурызда ақталған («Халқыма хат» кітабы.Шаһимарал Қаржауов).

Қысқаша өмірбаянына тоқталсақ, Әкімәлі Қаржауұлы 1885 жылы дүниеге келген. Ақынның өз өлендеріндегі мәліметке қарағанда туған жері — Ақтөбе уезі, Ойсылқара болысының үшінші старшинасына қарасты Сәндібек қопасы. Бұл өңір ол кезде Торғай облысына қараған. Осы мекен — қазір Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Құдықсай елді мекені. Әкімәлі ауыл молдасынан сауат ашып, ел арасына тараған хисса, дастандарды оқып, жас кезінен өлең шығарған.Әкімәлі 16-18 жасынан ақындық өнерге ден қойып, он тоғыз жасында ел арасына аты мәлім бола бастаған.Әкімәлі 1916 жылы патша үкіметінің «Июнь жарлығына» ілініп, әскерге алынады. «Июнь жарлығына» ілінгендердің ауыр тұрмысы мен туған жер, өскен елінен аулақта жүрген қазақ жастарының қайғылы көңіл күйін елестетерлік нақты деректер «Қазақ» газетінің 1917 жылғы №215санында берілген. Газеттің осы санында Әкімәлінің мақаласы мен «Халқыма хат» атты өлеңдері жарияланған. «Ырғыз уезінің Талдық, Қабырға, Құланды, Ордақонған, Қарасай, Толағай, Белқопа, Темірастау, Шеңгел болыстарынан 390 жігіт 16 қаңтарда Орынбор арқылы Сызранға өттік. Әзір аманбыз…» — дейді Әкімәлі. Мақала соңында «Действующая армия. 108-я полевая почта, 223 инор. раб. партия. 2-ой отряд. 6-я сотня» дейтін Әкімәлінің мекенжайы жазылған. Себебі «Қазақ» газетінде майдан жұмысынан алынғандардың халін Әкімәлі сияқты сауатты жігіттер ғана жазып тұрған.

Қуандық Алтынбаев 1901 жылы Ақтөбе облысы қазіргі Хромтау ауданының​ Қопа елді мекенінде сол кездегі етік тігу шебері​ Алтынбай Жездібайұлыотбасында дүниеге келген. Балалық шағы​ Қопа, Ойсылқара ауылдарында өткен.1920жылы Орынбор қаласына 2 жылдық курсқа оқуға түседі.Осы жерде​ «Алтын сақина» сахналық қойылымына қатысып, «Харидай-ау» әнін орындап,Александр Затаевичтің ықыласына бөленеді. Ол  қазақ өміріндегі тұңғыш​ ән жинағының​ өмірге келуіне тікелей себепкер болды және қазақтың тұңғыш сахналық қойылымы — «Алтын сақинада» басты рөлді ойнайды. «Қазақтың 1000 әні» жинағына Қуандық орындаған 7 ән енгізілген: «Хоридай-ау», «А-уй, а-уй!», «Адасқан», «Айжан-ай», «Сырымбет», «Қараторғай», «Ахау, арман». Бұл жинақ бірінші рет 1925 жылы басылып шыққан. Ашаршылық кезінде қазіргі Хромтау ауданына 2 вагонмен астық жібереді.1936 жылы Оңтүстік Қазақстан Тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары қызметін атқарады.Осы қызметте 1937жылы «халық жауы» деп тұтқындалып, Сібірге, Норильскіге айдалады.1946жылы «негізсіз сотталған» деген қорытындымен ақталып,босатылады.

ҚуандықАлтынбаевтың фамилиясы кей деректерде «Жездібаев» деп кездеседі.  Бұл туралы Жездібаевтың ұрпақтарының бірі Шолпан Жайылханқызымен сұхбаттасқанда сұраған болатынбыз. Шолпан апайдың айтуы бойынша, Алтынбай — Қуандықтың әкесі, ал Жездібай атасы болған, бастапқыда фамилиясы атасының атында болған, кейін өз әкесінің атына, яғни 1930 жылдары Алтынбаев деген фамилияға ауыстырған. Енді бұл жерде негізі дұрысы  Жездібаев Қуандық Алтынбайұлы болу керек деген ой келеді.

Шолпан Жайылханқызының айтуы бойынша, ҚуандықАлтынбаев жүрек қалауымен үйленген жары қайтыс болғаннан кейінгі екінші рет Таисия атты орыс қызына үйленген. Бірінші әйелінен бір ұл, бір қыз — екі бала қалған. Қуандық тұтқындалған кезде жары Таисиядан Арыстанбек деген ұлы болған, осы кезде Таисия балаларды  алып, Орынборға кетіп қалған.  ҚуандықАлтынбаевтың бірінші әйелінен қалған екі баланы Орынбордың балалар үйіне өткізіп жіберген, ал бұл кезде өз баласы  Арыстанбек 3 жасар болған. Кейін Таисия басқа біреуге күйеуге шығып, баласының аты мен фамилиясын өзгертіп жіберген. Қуандықтың баласы Арыстанбек — Журавлев Лев Васильевич (деп өзгертілген) Қиыр Шығыс балық шаруашылығы институтының қызметкері, ғылым кандидаты, корабль капитаны болған,  орыс, жапон, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Қазіргі таңда Владивостокта тұрып жатыр.

Әмір Қапин 1880жылы Новоресей ауданы Қопа өңірінде дүниеге келген. Ақтөбе облыстық байланыс басқармасының бастығы қызметін атқарған.Жаппай коллективтендіру науқаны басталысымен, сол кездегі Жағалбайлы руының Бескүрек атасының ел сыйлаған азаматтары — Байұзақ, Төрежан, Қапа, Қасен, Қали секілді беделді байлардың адамы деп, ең ауыр салықты Әмір Қапинге салған. Жағдайдың ауырлауына байланысты 1929 жылы қызыл вагонмен Алматыда тұратын інісі Сабыр Қапинді сағалап, сол жаққа көшеді. Сабыр Қапиннің жақын туысы ретінде Әмір Қапинге «Халық жауы» деп айып тағылып, 1938жылы 11 сәуірде түрмеге отырғызылады. Сол жерде 1939жылы қаза табады.Облыстық прокуратура 1992 жылы 4 қарашада ақтаған.

Сабыр Қапин —Әмір Қапиннің інісі, Ақтөбе оқытушылар семинариясында оқыған, кейін Ташкент университетінің заң факультетін бітіріп, елдегі зиялы азаматтардың бірі болған. Сабыр Қапин  Алматыда жауапты қызмет істеп, елдің зиялы азаматтарымен араласқан. Белгілі ғалым Ишабай Қарағұловтың, Аққағаз Досжанованың, жазушы Ғалым Ахмедовтың үйлерімен жиі араласып тұрған. Мұхтар Әуезовтің үйімен бір көшеде тұрған.  Көп ұзамай «халық жауы» деген айыппен ұсталып, 1938жылы  27ақпанда атылған («Арулар-аналар, даналар» Р.Ілиясова; Алматы «Зерде» 2003).

Қадырбай Мақашев1900жылы Новоресей ауданы 17 ауылда дүниеге келген. Қарабұтақ ауданында прокурор қызметін атқарған. 1937жылы ұсталып, 1938жылы КСРО Жоғарғы соты Әскери Коллегиясы шешімімен ату жазасына кесілген. 1957 жылы 11 маусымда КСРО Жоғарғы соты ақтаған.

Мырзағали Оспанов 1904жылы Ор өзені жағасында Сарыоба ауылында дүниеге келген. Әкесі Оспан дәулетті адам болған. М.Оспановтың баласы Тәбен Мырзағалиұлының айтуы бойынша, әкесіне қойылған кінә— «байдың баласы», «халық жауы», «жапон тыңшысы». Шын мәнінде, Мырзағали Оспанов жапондықтарды өмірінде мүлде көрмеген. 10 жыл бойы Сібірде айдауда болған. 1989жылы 28 маусымда облыстық прокуратура ақтаған.

Владимир Шпрайцер 1891жылы Югославия,Сараевода дүниеге келген. Гимназияны «Алтын белгімен» бітіріп, Вена университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, 1914 жылы бітірген. І дүниежүзілік соғыста Австро-венгрия армиясының құрамында қатысқан, орыс армиясына тұтқынға түскен. Ұлы Октябрь социалистік революциясы кезінде Оңтүстік Батыс майданда 76-шы жаяу әскер полкінде қызмет еткен. Далалық өлкенің төтенше комиссары Ә.Жангелдиннің басшылығымен құрылған интернационалдық қызыл отрядқа мүше болған. Сондай-ақ Югославия коммуналары дутовшылармен шайқастарға жергілікті жерлерде Қызыл Армия отрядтарын құруға және сол бөлімдердің құрамында әскери тапсырмаларды орындауға қатысқан. Жоғары беделді, әскери білімділігімен ерекшеленген В.Шпрайцерді Ақтөбе майданының штаб бастығы етіп тағайындаған. Азамат соғысы аяқталған соң Ақтөбеде қалып, орыс қызы Евгения Игнатьеваға үйленген. Шпрайцер өз мамандығы бойынша заң саласында қызмет еткен. Азамат соғысы кезінде большевиктер жағында соғысқаны үшін Югославия елі оған отанына оралуға тыйым салған. Ол неміс, ағылшын, қазақ, татар тілдерін жетік білген. Кейін Новоресейде бау-бақша өсіруші болған. УНКВД үштігі шешімімен 1937жылы неміс тыңшысы деп айыпталып, 1938 жылы 11 қазанда атылған. Оңтүстік Орал Әскери округінің трибуналының шемімен  1957 жылы 4 сәуірде, өлгеннен кейін  ақтаған («Ер есімі, ел есінде. Возвращенные имена», Ақтөбе1990).

Ахмет Тұнғаншин 1890жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген. 1905 жылы бастауыш мектепті үздік бітіріп, 1906-1913 жылдары Орынбордағы ерлер гимназиясында оқыған. 1913жылы Варшава малдәрігерлік университетіне оқуға түсіп, оны бітірген соң 1917 жылы елге оралған. 1920 жылы Рабиға Сейдалинаға үйленген.  1928жылы қамауға алынып, Ресейге жер аударылған. Бұл жерде оны Воронеж облысына жұмысқа жібереді.1943 жылы Тұнғаншиндер семьясы Орынбор облысына көшіріледі.1947 жылы Тұнғаншиндер Қазақстанға оралып, Шалқар қаласындағы малдәрігерлік бактериялогиялық станциясының директоры болған.1950жылы 10жыл бас бостандығынан айырылып, Ақтөбе облысы Хромтау қаласындағы колониясында жазасын өтеген. 1958 жылы ақталып, ауыр науқастанып үйіне оралған. Біраз уақыт Алматыда ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істеген. 1972 жылы Алматы қаласында қайтыс болған.

Кунте Пауль 1888 жылы Австрия астанасы  — Венада жұмысшы отбасында дүниеге келген. 14 жасынан бастап типографияда жалдамалы  жұмысшы  болған. Типографиядан басылып шыққан барлдық кітаптарды оқыған. Мектепті «қызыл аттестатқа» бітірген. 1906 жылы Вена университетінің философия факультетіне түскен және осы оқуымен қатар математика пәнінен дәрістерге қатысып жүрген. 1910 жылы университетті ойдағыдай аяқтап, кейін диссертация қорғап, тарих ғылымының докторы, профессор атағын алған.1908жылы студенттік шағынан бастап, социал-демократиялық партия мүшесі болғандықтан, мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға жол берілмеген. Қайтадантипографиядағы қызметіне оралып, Австрия, Швейцария типографиясымен қатар, мектепте де жұмыс жасаған. Бірінші Дүниежүзілік соғыс басталып, жағдай ушыққан кезде, жұмысшы қозғалысына белсене қатысқаны үшінКунте Пауль Корсика аралына жер аударылады. 1922жылы Сібірге жіберіледі. Бұл жерде коммунист-лениншіл ретінде көзге түсіп, Алматыға жоғары оқу орнына жұмыс жасауға жіберіледі. Мұнда ғылыммен айналысуға мүмкіндік алған Пауль «Прошлое Казахстана в источниках и материалах» деген жинағын шығарған.

Пауль Кунте неміс, орыс, француз, қазақ тілдерін жетік білген. 1931 жылы Кунтенің әйелі коммунисттік партияның мүшесі болып қабылданған, бірақ партияға білдіртпей анасының жағдайын білу үшін Чехословакияға барып келеді, мұндай әрекеттер ол кезде рұқсат етілмеген, осылайша арада жеті жыл өткеннен кейінол  КПСС қатарынан шығарылады, мұның кесірі Кунтеге де тиіп, осылайша ерлі-зайыптылар  1937жылы қуғынға ұшырап, Ақтөбе облысының Новоресей ауданына жер аударылып келеді. Бұл жерде орыс орта мектебінде орыс тілі пәні мұғалімі болған. 1956 жылы жаман ауруға шалдығып, Ақтөбе қаласында қайтыс болған. Кунте Пауль Отан алдында атқарған еңбегі үшін 1948 жылы «За доблестный труд в годы Великой Отечественной войны1941-1945 годов» медалімен марапатталған.

…Осы зұлмат жылдарда азап шеккен адамдар туралы  біздің білетінімізден білмейтініміз қаншама?.. Аталған қасіреттің кесірінен қаншама ұлт зиялылары зардап шекті, кеңестік өкімет тіліміз бен дінімізді, тіпті күллі қазақ халқын түпкілікті жоюға дейін тырысып бақты. Әлі күнге дейін ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары қаншама деген сұрақ та туындайды… Әрине, дөп басып, зардап шеккендердің нақты санын беру мүмкін емес. Бұл сұрақ — өте ауқымды әрі зерттеуді, зерделеуді қажет ететін үлкен бір мәселе.

 Лаура ЖОЛДЫБАЕВА,

Хромтау аудандық тарихи-өлкетану

музейінің қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button