Денсаулық

«Саламатты Қазақстан» пойызы ауылға келді

«Саламатты Қазақстан» әлеуметтік пойызы Ақтөбе облысына келді. 17-19 қыркүйек күндері Байғанин ауданының Ноғайты ауылында болған медициналық пойыз 20-21 қыркүйек күндері Мәртөкке аялдады.

Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және «ҚТЖ» мемлекеттік республикалық кәсіпорны және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйымдастырған жылжымалы медициналық пойыз кәдуілгі емхана секілді. Қабылдау бөлімінде әрбір науқасқа медициналық карта ашылып, электронды базаға енгізіледі. Өтініш берген адам жан-жақты тексеріліп, қабылдауға жазылады. Купе-бөлмелер қан  талдауын, рентген және флюорография, эхокардиография және электрокардиограмма, ішкі ағзаларды тексеруді және тіпті шағын операцияларды (жаралар, қисайып өскен тырнақтарды алу, ұл балаларды сүндеттеу) жасауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жабдықталған.

Зерттеу қорытындылары, сараптамалар науқасқа бірден беріледі және олар бір жыл бойы жарамды болады. Осы сараптамалармен науқастар емдеуші дәрігеріне  бара алады. Денсаулық пойызында тұрғындар тісін де тегін жұлдырып, емдетіп алып жатты. Былайғы кездері балаларға, кейбір санаттағы адамдар ғана тісін тегін емдететін, сондықтан тісі қақсаған науқастарға бұл да бір үлкен олжа болды.

Мәртөк ауданы орталығынан шалғай орналасқан Бөрте ауылының тұрғыны Лариса Якуша медициналық пойыздың келгенін аурухананың медицина қызметкерінен білген. Вокзалға таңертең ерте келіп, аз уақыттың ішінде терапевт пен невропатологқа қаралған.

— Инсульт алғаннан кейін дәрігерлерге жиі барып тұрамын. Денсаулық пойызындағы мамандардың барлығы жоғары санатты екен, науқасты қабылдауы, ем жүргізуі — барлығы да тамаша. Немеремді де ерте келгенмін, оны да дәрігерлерге қаратып алдым, — дейді ол.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы — әлеуметтік жоба. Оған қоса елімізде шалғайдағы «Денсаулық» және «Жәрдем» станцияларының тұрғындарына тағы екі пойыз тегін медициналық көмек көрсетеді.

— Қаралуға, ем алуға келгендердің барлығын қабылдап жатырмыз. Тіпті ауыл тұрғындарына қонаққа келгендерді де қабылдаймыз. 26 сәуірде Алматы-2 станциясынан жолға шықтық. Қазіргі уақытта біз 11 облысқа аялдап, 50 мыңға жуық адамды қабылдадық,  оның 15 пайызы — балалар, қалғаны — ересектер. Медициналық пойыз сегіз вагоннан тұрады. Оның төртеуі медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған, дәрігерлер мен кондукторларға арналған екі тұрғын вагон, мейрамхана вагоны бар. Сонымен бірге барлық медициналық құрылғылардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін дизелдік вагон бар. Құрылғылардың барлығының үздіксіз жұмыс істеуі үшін қуаты жоғары электр энергиясы қажет, мәселен, флюорографиялық аппарат 380 вольтты қажет етеді.  УДЗ аппаратына да қуатты электр энергиясы керек, себебі ол жарты жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп тұр, — дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.

Жылжымалы медициналық пойыздың дәрігерлері төсекке таңылған, инсульт алған, ота жасатқан науқастардың үйіне барып та қызмет көрсете алады. Ол үшін дәрігерді үйге шақырсаңыз болғаны, келіп, тексеріп, ем-дом жазып береді.

Ауыл тұрғындарының көпшілігі, негізінен, невропатолог, неонатолог, стоматолог дәрігерлерге қаралды, сонымен бірге УДЗ  аппаратына түсіп, қандағы қант деңгейін тексерткендер де көп болды.

Мамандардың айтуынша,  есепте тұрған науқастарға қосымша ем-дом тағайындалып, туберкулез, онкология аурулары анықталғандардың жайы туралы жергілікті емдеуші дәрігерлерге хабарланады. Кейін емдеуші дәрігерлер мұндай науқастарды толық тексеруден өткізіп, диагнозды анықтап, тіркеуге қойып, ем жүргізетін болады.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы әрі қарай Батыс Қазақстан облысына ат басын бұрды, одан кейін Қызылорда, Түркістан, Жамбылға бармақ. Тұрғындарды қабылдау 6 желтоқсанға дейін жүргізіледі.

Елена ОНИСЬКОВА.

Суреті автордікі.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button