Денсаулық

Бақша өнімдерінің сапасы қандай?


Қазір қала көшелерінде бақша өнімдерінің, яғни қауын-қарбыздың саудасы қызған шақ. Күннің шіліңгір ыстығында шөліңді басатын қарбызы мен қауыны теңкиіп-теңкиіп жатқан базарлар көбейді.

Бұларды еліміздің оңтүстігінде маусымның соңында-ақ ауызға салып үлгерді. Ал біздің өңірдің базарларына шілде айында бағасы аспандап келе бастады. Бірқатар жұрт ерте әкелінген өнімдердің санитарлық сапасынан сескенсе, енді біразы қалтаны қағатын удай бағасынан қорыққан. Қазір, шүкір, баға күн сайын төмендеп келеді. Ал осы бақша өнімдерінің сапасы қандай екен? Әлқисса…

Күдіктенбеңіз!..

Жаздың ортасы қала көшелері мен базарларда қауын-қарбыз көп сатылады. Халық көбіне қаламызға ерте әкелінетін қарбыздардың сапасынан қорқатындарын айтады. Шын мәнінде қандай?

Осыны білу мақсатында біз әуелі Орталық базарға бардық. Қауын-қарбыз Ақтөбеге қайдан әкелінеді? Араладық, қауын-қарбыз тау боп үйіліп-үйіліп жатыр. Сатушылар да бірінен-бірі өтіп, лыпылдап тұр: «Мына қауын «красное мясо» деп аталады, іші — қып-қызыл, сол себепті халық солай атап кеткен. Ал мынау «балшекер», мұның екінші атауы — тасқауын. Алыңыз, қай қайсысын алсаңыз да өкінбейсіз, дәмі тіл үйіреді, тәтті…».

Сатушылардың бірі Жұмабике Омарованың осы базарда тұрып, қауын-қарбыз сатқанына 12 жыл болыпты.

—  Маусым айынан бастап бақша өнімдері бізге еліміздің оңтүстік облыстарынан әкеліне бастайды. Ал біз 41-разъездегі көтерме базардан аламыз. Ол жақта өнім түскен кезде санитарлық талаптарды қатаң сақтап, тексеріп қабылдайды. Ал саудамызды осы жерде қыздырамыз. Қазір сатып жатқан қауын-қарбыздар Қызылордадан әкелінген. Жергілікті қауын-қарбыздар енді пісіп жатыр. Мысалы, қазір біз Ақтөбе су қоймасы маңында қауын-қарбыз өсіретін ақтөбелік кәрістердің өнімдерін сата бастадық. Енді тамыздың ортасында жергілікті өнімдер қаптайды. Баға сол кезде тіпті түседі. Қазір қарбыздарды еш қорықпастан сатып алуға болады, себебі, тамыз айы — бақша өнімдерінің нағыз пісетін кезі, — дейді Жұмабике.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыстық жәрмеңкелерге әзірге жергілікті бақша өнімдері шығарылған жоқ. Тамыздың аяғы, қыркүйектің басында пісетін жергілікті қауын-қарбыздарды қыркүйекте өтетін кеңейтілген жәрмеңкеден көретін боламыз.

Біз Жұмабикенің сатып тұрған бақша өнімдерінің бағасына назар аудардық: шілденің басында бір келісі 100-150 теңге болған қарбыздардың бағасы күн сайын төмендеп, қазір 35-40 теңгеге дейін түсіпті. Ал «колхозница» деп аталып кеткен кішкене қауындардың келісі – 130-150 теңге. Соңғы бір аптада базар сөрелеріне қауынның жаңаша түрі – «торпеда» қосылыпты. Оның да бір келісі — 150 теңге. «Балшекер», яғни тасқауынның да бағасы осындай —150 теңге.

Бәріміз судың көп мөлшері мен күннің қызуын қажет ететін қарбыздың мерзімінен бұрын пісуі үшін кейбір пайдақұмар бағбандардың оны дәрімен егіп өсіретінін естиміз. Базардағы сатушылар да дәрімен егілетін қарбыздардың болатынын жасырмады. Алайда қазір одан қауіптенудің реті жоқ. Себебі, ондай егілген қарбыздар көбіне сәуір-мамыр айларында кездесуі мүмкін. Сатушылардың бірі қазір нитраттың бағасы қымбат екен, сондықтан да оны көптеп сатып алуға кез келген бағбанның қалтасы көтермейтінін айтты. Әрі қауын-қарбыздың нағыз бабына келіп пісетін кезі — тамыз айының аяғы.

Бақша өнімдерінің маусымы болғандықтан, Ақтөбе базарларындағы қауын-қарбыздың сапасын білу үшін  ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиолдогиялық қадағалау комитеті облыстық департаментінің Ақтөбе қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына хабарластық. Басқарманың санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бастығы Нәзима Сербаева басқарма жаз басталса, бақша өнімдерін үнемі назарда ұстап, жоспарлы тексерулер кезінде базарларды аралап, зертханалық зерттеулер жүргізетінін айтты.

Ақтөбе базарларындағы қауын-қарбыздарды қорықпастан жеуге болады. Санитарлық-эпидемиологтар осындай қорытындыға келіп отыр. Өйткені қарбыз бен қауын әкеліне бастаған уақыттан бастап барлығы 131 сынама жүргізілген. Зертхана қызметкерлерінің айтуына қарағанда, зерттеу нәтижесінде нитраттар мен пестицидтердің қалдық мөлшері бойынша гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін сынамалар анықталған жоқ.

Таңдау және тазалық

Қарбыздың адам бүйрегін тазалайтынын медицина мамандары да растайды.

Еліміздің оңтүстік облыстарында ерте пісетін бақша өнімі адам ағзасына қаншалықты пайдасы болғанымен, қарапайым тазалықты сақтамасаңыз, ауырып қалуыңыз әбден мүмкін.

Мәселен, таңдаған кезде бәріміздің де қарбыздың ақшылын алып қалмас үшін, тексертетін әдебіміз бар. Ал сатушы түрлі қалыпқа салып, әдемілеп тіліп көрсете қояды. Алайда кескен адамның пышағы да, қолы да таза екеніне кім кепіл? Ал мамандар түрлі ішек инфекцияларының алдын алу үшін қарбызды бұлай тексеруге үзілді-кесілді қарсы!

Сонымен қатар, маман әр көшенің бұрышында жерде үйіліп жатқан қарбыздарды сатып ал­мауға кеңес береді. Өйткені қарбыздың сыртқы қабығына шаң-тозаң тұрып қалады. Әрі жол бо­йын­да жатқан қарбыздардың ав­то­көліктерден шығатын улы газ­дағы ауыр металдарды сі­­ңіріп алуына бірнеше сағат қана жетеді екен. Ал егер қарбызды сатып алған екенсіз, үйге келгеннен кейін оны жақсылап жуып, сүртіп тазалау қажет. Әйтпесе, мұндай қарбыздар жұқпалы ішек ауруларын тудыруы әбден мүмкін.

Піскен қарбызды дұрыс таңдап алу үшін әуелі оны сатып алудың дәл уа­қытын білу керек. Тамыз-қыркүйек айлары — оның өз күшімен, еш нитратсыз пісіп-жетілетін кезеңі.

Халық арасында қарбыздың піскен-піспегенін былай таңдайды: піскен қарбыздың жер бауырлаған жағының түсі сары болу керек. Сондай-ақ құй­рық­шасы құрғақ қарбызды еш күмәнсіз ала беруге болады. Өйт­кені піскен кезде қарбыз собы­ғынан ажырайтыны белгілі. Сол кезде оның өсіп-дамуына қажетті хлорофилл өндірілуі тоқтайды да, жарықтың әсерінен ашық дақ­тар пайда болады. Піскен өнім­нің қабығы өте қатты және сыртқы жолақтарының түсі өте айқын болуы шарт. Собығынан жұ­лынған қарбызға ылғал келмейді де, қабығы қатты болып кетеді. Оның піскендігін анықтайтын тағы бір тәсіл, қабығын тоқыл­дат­қанда таза сыңғыр естілуі тиіс. Сондай-ақ қарбызды суға сал­ғанда, ол судың бетіне қалқып шық­са, бұл — қарбызды дұрыс таң­дағаныңыздың белгісі.

Кесіл­ген немесе қабығына зақым кел­­­ген жемiстi сатып алмаған жөн.

Өнімнің зақымдалған тәт­ті бетіне түскен бактериялар және бө­­лінген қарбыз бірден желінбей, бөлме температурасында сақталса да микроағзалар тез кө­бейеді. Мұндай бөлікті міндетті түр­де тоңазытқышқа салу керек. Егер қарбыз жарылмаған болса, ыл­ғалдығы қалыпты, құрғақ жер­­де сақтау қажет.

Денсаулыққа пайдалы

Дәрігер-диетологтар тамыз айында қарбыздың көмегімен денсаулықты біраз түзеп алуға да болады деп есептейді.
Өзіңіз өсірмесеңіз, өнімнің жүз пайыз сапалы екендігіне ешкім ке­пілдік бермейді. Қарбыздың нитраттар жиналатын зиянды бөлігі — қабығына жақын тұрған жұмсағы. Сондықтан, әсі­ресе, балаларға ортасынан кесіп берген жөн. Бірақ 2 жастан кіші балаларға беруге болмайды.
Қарбыздың адам денсау­лығына пайдасы көп. Мысалы, қарбыздың құрамында магний өте көп болғандықтан, ағзаға қажетті бір күндік магнийді бар-жоғы 150 грам­м­ қарбыз қамтамасыз ете алады екен. Сондықтан ар­териялық қан қысымы бар жан­дарға оны ас мәзіріне міндетті түр­де қосуы керек.

Сондай-ақ, жү­рек-қантамырлары ауруларына шалдыққандарға да өте пайдалы, себебі, қарбыз адам бойындағы хо­лестеринді шығарады.

Тағы бір ерекшелігі сол, қарбыздың шырынында табиғи қышқылдар мен тұздар болмайды. Бірақ ол сіл­тіге бай. Ал бұл не­сеп жолдары үшін өте пайдалы екен. Сондықтан дәрігерлер бүйрегіне тас байланған жандарға осы жемісті жеуге кеңес береді. Қуықтың қабынуы, бүйректің қа­бынуы кезінде қарбызды көбірек пай­даланған жөн. Мамандар кү­ніне қарбыздың кем дегенде екі келісін жеуді ұсынады. Бұл қа­наздықты емдеуге жақсы көмектеседі.
Қарбызды жегенде тез тойып кеткендей әсер аламыз. Алайда оның құнарлылығы өте төмен, жүз грамында бар-жоғы 38 килокалория болады екен. Бірақ тәбетті төмендету үшін арықтағысы келетін жандарға таптырмас құрал бола алады.

Бетті күтіп-әрлеуде де қарбызды қолдануға болады. Халық арасында қарбыздың жұмсағынан бетке арналған жақпа дайындайтынын білеміз. Жұмсағын мыжып, бетке жағып оны 20 минуттан кейін жуып тастаса, бет біраз жасарып қалады.
Қарбыздың тек жұмсағы ға­на емес, қатты қабығы да пай­­далы бола алады. Оның қа­бы­ғы­нан жүрек пен бүйрек ау­ру­ла­рына байланысты пайда бо­латын ісіну мен домбығудан арыл­татын қайнатпа дайындауға болады. Қарбыздың дәндері де пайдалы. Оны құрғатып, кофе ұнтақтағыштан өткізіп, 1:10 қа­ты­насында сүт қосып жіберсе, ағ­заны паразиттерден тазартатын қайнатпа дайын. Бірақ мұндай қай­натпаларды дәрігермен ке­ңесіп барып ішу қажет. Өйткені қар­бызды жеуге болмайтын жағ­дайлар да бар. Созылмалы ішек ауруымен ауыратындарға қарбызды көп жеудің қажеті жоқ. Ол ішті кептіріп жібереді. Қант диабетімен ауыратындарға да пайдалы емес. Сондай-ақ жүктіліктің соңғы үш айында да одан бас тартқан абзал.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button