Әдебиет

Жанар НҰРҒАЛИ

Жанар Нұрғали1974 жылы Ырғыз ауданында дүниеге келген. 1996 жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Республикалық тәуелсіз «Алтын Орда» газетінде журналист, жауапты хатшы, «Керек.info» апталығында журналист, редактордың орынбасары, шеф-редактор, облыстық «Ақтөбе» газеті аудандық қосымшаларының аға редакторы, Әділет министрлігіне қарасты Қазақстан Республикасы заңнама институтының аға ғылыми қызметкері болып қызметтер атқарды.

2011 жылы жарыққа шыққан «Аппақ әлем» жыр жинағының авторы. Сондай-ақ өлеңдері «Толқыннан толқын туады», «Гүл-ғұмыр» атты ұжымдық жыр жинақтарына, «Жәдігер» атты Ақтөбе ақындарының антологиясына, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан көптомдықтың 48-томына енген.

2019 жылы дүниеден өтті.

…ӨЛАРА ЗАМАН БҰЛ

Өзгерді бұзаман,

мен де өзге, басқамын.

Ұлиды ішімде

ит-тірлік қас-қағым.

 

Жазмышты тілдемен,

Жазмышың — Құдай ғой.

Шолақтау ойласақ,

құрдымға құлайды ой.

 

Адами күйбеңнен

басымдау пенделік.

Жүр көбі бір-бірін

құлатып, сенделіп.

 

Төңкеріс, не болар

ой-сана тартысы?

Діндеме, неде осы

әлемнің бар күші?

 

Әлем тұр есінеп,

түссізге боялып.

Тірілер қалғыды

өлілер оянып.

 

Адам-ой — адасқақ —

менің бар жарам дүр.

Үміті — ай-елес

өлара заман бұл.

 

Сағындым сізді…

Ақын Жұматай Жақыпбаевқа

Сағындым сізді…

Көрмегем, көкте көремін.

Ләйләдай қызды

Жүрегің, өпкен өлеңің…

 

Қояр ем бір гүл,

Алыс қой сіздің белес тым.

Оқыр ем мың жыр,

Алматыда да емеспін.

 

Айналды-ау дертке,

Көрінбей көзге Ләйләңыз,

Қараймын көкке

Іздеп жүр ме деп айдан із.

 

Кеттіңіз ерте,

Өртеген сезім-мұңыңыз?!

Ләйләдай ерке

Соғып тұр жүрек-жырыңыз…

 

Сағындым сізді…

Көрмегем, көкте көремін…

ҮРЕЙ

Айналама қарап ем

ақ па екен деп бүгін бір,

Қара тірлік, қара әлем —

тартты үмітім бұлыңғыр.

 

Күйін кештім жындының,

пендені аяп жыладым —

Жығып жатты бір-бірін

қақпасына күнәнің.

 

Біреуі жоқ түсінген

пәктік деген киені.

Шыңғырдым мен ішімнен

жұқтырып ап күйені.

 

«Жұқтырғаның — күйе емес»,

деп үмітім күбірлеп,

Бүкіл әлем күйелеш… —

жынды жел жүр күл үрлеп!..

 

Аққа сонда кім ие?!

(жоқ, қорғама, жанығып!)

Дөңгеленді дүние

күнә-шекпен жамылып…

 

Кім қайда өзі ұқпадым —

ақ әлемді қашты алып?!

Кір-күйенің жұққанын

«Бақыт» деймін мастанып.

 

Кешеріне сенбедім

Алла деген күштің де,

Ақ кеудеме жерледім

қап-қара мұң іштім де…

Нөл

Аяғы не басы жоқ

Нөлге айналдым, сенер кім?

Бетін сызып жасын-от

Безереді келер күн.

 

«Нең бар?» — дейді,

Нем қалды? —

Дөңгеленген шеңбермін,

Кеудемде елес ем бар-ды,

Сол біткенде-ақ өлгенмін.

 

Оққа, отқа көрінген

Жүрегімді тестірдім.

Нөл боп туар едім мен

Ерте білсем…

Кеш білдім!..

 

Жерлеп бітті төзімді,

Сауалдары көп күннің.

Күнпарақтан өзімді

Жыртып алып жоқ қылдым…

түсімде…

Көрінбеңіз…

Көрінбеңіз көзіме енді, жек көрем,

Сұлулыққа атымды мен жекпегем.

Ғашық бола алмас сіздей адамдар

Сезімінің шекарасын шектеген.

 

«Махаббат жоқ!» — жауыр ұғым қашанғы,

Тек шын ғашық жүрек кілтін аша алды.

Махаббатты өлтіретін жоқ қылып,

Осындай бір ұнатулар жасанды.

 

Адал пейіл махаббатпен кең дейді,

Ол ешқандай бөгеулерге сенбейді.

Ғашық болу ұлылығы дәл қазір,

Мына Сіздің қолыңыздан келмейді.

 

Айтыңызшы, мына күйбең жалғанда

Мыңды емес, бірді сүйер жан бар ма?

Өмірінде көп ұнатып, бір рет

Шын ғашық боп көрмегендер арманда!

Сіз сияқты…

Әжем-ау…

Мен жай бір төбе болсам,

Сен заңғар тауым едің.

Мазасыз дауыл болсам,

Басатын жауын едің.

 

Ірісі ең ірілердің,

Тарыдан ұсақ едім.

Мұз сәтім ерітетін,

Ашылар құшақ едің.

 

Жел үрсе ебелектеп,

Қалтырар құрақ едім.

Жаныма жылу шашып,

Жылытар шуақ едің.

 

Жүрегім тілімдеген,

Найзағай, жасын болдың.

Өкініш-ой аралас

Қазір көз жасым болдың.

 

Көзімнен бұлбұл ұшып,

Бүгін күн жоғым болдың.

Апандай үңірейіп,

Босаған орын болдың.

 

Мен сенің балаң — ескек,

Сен ерен кемем болдың.

Ақыры бар болғаны

Жазылар өлең болдың.

«Мен Жанарды көрген жоқпын. Мүмкін көрген де шығармын-ау, бірақ арнайы таныспаппын. Алайда баспасөз бетінде жарияланған өлеңдерінің бәрін де соншалықты ризашылықпен оқушы едім. Ол табиғи дарынды ақын болатын!
Жанар Нұрғалидың шынайы да көркем кестелі жырлары қазақ оқырмандарының көңілінде ұзақ сақталатын болады».

Байбота СЕРІКБАЙҰЛЫ,

ақын.

Жарық ай

Жақсының азы қалды, көбі кетіп,

Сағыныш — жазылмас дерт дәріге түк.

Бәріне де төреші, шебер Құдай

Сені ғана қалдырған Жарық етіп.

 

Мен — балаң боп, мойныңа асылмадым,

Еркелеп еш, анам деп бас ұрмадым.

Қалай, қайтіп ішіңде жатыр екен

Маған деген сезімің — жасырғаның?!

 

Өзге ұл-қыз бар, қалғанмен емен құлап…

Келесің ғой қартайып менен жырақ.

Менің Тынық мұхитым толқын ұрса,

Саған барып соғар ой-кемем бірақ.

 

Бала десе ауырар жаны дәйім,

Жапырағың жайқалсын, кәрі қайың!

Үнсіз, іштей жүрерміз сағынысып…

Сен сөнбегін, ей, менің жарық Айым!

Туған жерім мамырға сыр

Мамыр, Мамыр, кеше ғой құндағыңда

сәби боп шырылдағам.

Сенің иісің алау, от — жырларымда

өріліп бұрымдаған.

 

Жабықсам, мініп көңіл ұшағына

зор қуат сенен алам.

Әжемді алды бір төбең құшағына,

таң алды елең-алаң.

 

Талай перзент маңдайдың жазуымен

жатыр-ау тербетіліп.

Кестеленген жүректе жазуым ең,

жұмағым жербетілік.

 

Бәрін куә көктегі бағамдар Ай,

қымбатсың бұрынғыдан.

Тартып кеткім келеді саған қарай

шырқалса бұлыңғыр ән.

 

Әлемдегі, сірә, сен менің бар қыр,

сырыма қанық алаң.

Төсіңдегі топырақ келбетінен

өзімді танып алам.

 

О, мен үшін төс, төскей бүкіл денең,

еректеу жатпақ дара.

Жүрегімнің кішкентай лүпілдеген

бөлшегі аппақ қана.

 

Сату деген ой болса, қақпан құрып,

келеді тайталасқым.

Жетем бір күн, мезі етсе жаттандылық,

құшағың айқара ашқын.

Жалғызбын…

Жоқты аңсап, барды сезінбей,

Арманның құрып ындыны,

Іздейді екем өзімдей

Қиялы аппақ жындыны.

Мойнымда тынбай сыңғыры,

Жазмыштың темір шылбыры.

Дүние кезіп кетсем бе,

Ойдырып тасқа табанды —

Ұға алмай өзің кеткенде,

Күнім де — айсыз қараңғы.

Тірілте алам ба өлеңмен

Жарамды «сен, сен!..» деп өлген?..

Сарғайып сіңіп сағымға

Жалғандық әнін салғыздың,

Мен үшін меңіреу жаныңда

Қалмаса мейір — қар, мұзбын.

Көйлегін киген сан күздің,

Көлеңкесі жоқ жалғызбын…

«Аласарма!» деп…

«Аласарма!» деп, Ай төсін

Кезетін мен деп жалғыз үн!..

Жоғалып кетсе, қайтесің

Жер бетіндегі жалғызың?..

 

Ұққансып Сені сөзіңнен,

Тақылдағанда жүз көмей,

Ішінен мені көзіңмен

Тұра алармысың іздемей?..

 

Кеудеңе кенет енгенде

Бір көктем менсіз «күз» дерсің,

Тірімде тұрмақ өлгенде

Еңіреп жүріп іздерсің…

Кешіріңіз

Келмеске мүлде кеткім келеді —

Жетінші қатқа,

«Сағынып сені кеттім» деп еді,

…Нешінші қақпа?

 

Тамұқ па сенің тынығар жерің —

Жырынды ғалам?

Есеймейтұғын кім ұғар менің

Мұңымды балаң?

 

Кеудемде жүрген күлегеш үміт

Жылай ма налып?..

Шағынсам ба екен, дүреге өшігіп…

Құдайға барып?..

 

Батпағын жердің тізеден кештім —

Алданам босқа…

Ойлы ақымақты түземейді ешкім

Алладан басқа…

 

Күнәлі ауызға есіміңіз,

Түсіп кетіпті… кешіріңіз…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button