Денсаулық

Құтырма ауруынан сақтаныңыз!

Маман кеңесі

Ақтөбе қаласында биылғы жылдың 8 айында адамдар арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ. Дегенмен де құтырма ауруының эпизоотологиялық ахуалы алаңдатушылық туғызып отыр.

8 айда Ақтөбе қаласының емдеу-профилактикалық мекемелеріне жануарлардың тістеуінен, тырнауынан және сілекейленуінен зардап шеккен 725 адам (2022 жылдың 8 айында — 933 адам) медициналық көмекке жүгінді, оның ішінде 520 жағдай — иттен, 184-і — мысықтан, 21-і басқа жануарлардан зардап шеккендер. 2022 жылдың 8 айымен  салыстырғанда биылғы көрсеткіш 208 жағдайға төмен болып отыр.

Құтырма ауруы — аса қауіпті, адамдар мен малдардың арасында тарайтын,  орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жұқпалы індет. Оның ауру қоздырғышы — өте ұсақ вирустар. Табиғатта аурудың қоздырғыштары қасқыр, түлкі, қарсақ секілді жыртқыш аңдарда  сақталады. Қолға үйреткен жануарлар — ит пен мысық та бұл ауруға жиі шалдығады және  олар құтырма ауруымен адамдардың және басқа да үй жануарларының ауруына себепші болады. Құтырма – ақыры өлімге әкеліп соғатын аса қауіпті ауру.

Құтырма дүниежүзінде кең тараған, онымен барлық жануарлар мен адамдар ауырады.  Қоздырғыштар ауырған жануардың ми жасушаларында өсіп жетіліп, сілекейі арқылы тарайды. Жануар адамды немесе басқа жануарларды тістеп, қапқанда, жараға жұққан  сілекейі арқылы ағзаға түседі де, қан арқылы нерв талшықтарына жетіп, орталық нерв жүйесіне қарай жылжиды. Жұлын жасушаларында қоздырғыштар өсіп, жетіледі.  Сол себептен қоздырғыштар түскен жара неғұрлым  нерв жүйесіне жақын болса, солғұрлым қауіпті, ауру туу мерзімі тез болып келеді. Мысалы, бас, мойын, бет және ұсақ жүйке талшықтарына бай қолдың саусақтары — аса қауіпті орын. Қоздырғыш енген жерде, алғашында қышыма пайда болып, невралгия сипаттас ауру сезімі дененің басқа жерлеріне беріле бастайды. Адамды қорқыныш билеп, қатты алаңдап, күйзеліске ұшырайды.

Ауру белгілері басталғаннан кейін 1-3 күн өткен соң ол судан, жарықтан, шудан қорқа бастайды. Жарық сәулесі немесе аздаған жел лебінің өзі, судың сылдыры аурудың денесін құрыстырып, дірілдеп қалшылдатады. Әсіресе тыныс жолдарының бұлшық еттері қарысып, тұншығады. Ақыры мидың сал болуынан адам өледі.

Құтырма ауруының алдын алу шаралары:

— Қаңғыбас, бұралқы иттер мен мысықтарды аулау, жою, жануарларды үй жағдайында ұстау ережелерін сақтау, үй жануарларын құтырма ауруына қарсы профилактикалық егу.

— Жануарлар тістеуінен, сілекейленуінен, тырнауынан зардап шеккен адамдар сол бойда медициналық көмекке жүгінуі керек.

— Дәрігер тағайындаған антирабикалық екпені схемаға сай алу. Зардап шеккендер емдеу-профилактикалық егуді 5 рет алады (қаралған күні 0 екпісі, 3-күні, 7-күні, 14-күні, 30-күні). Екпе қабылдап жүргенде қатты ыстықтан, салқыннан қорғану қажет және алкогольді ішімдіктер ішуге болмайды.

— Адамдарды тістеп алған ит, мысық және тағы басқа да жануарларды емдейтін  (ветеринарлық) мекемеге жеткізіп, 10 күн бойы бақылау керек. Адамды қапқан жануарды өлтіруге болмайды, өйткені бақылау қорытындысы бойынша алдын ала емдеу тактикасын таңдау қажет болады.

— Үйде ұстайтын иттер мен мысықтарды жыл сайын құтырма ауруына қарсы еккізіп отыру керек, серуендету жөніндегі ережені сақтау қажет. Сондай-ақ жаңадан сатып алған итті тіркеуден өткізіп, ектіру міндеттеледі. Кешкі уақытта итті тек жабық аулаға жіберу керек. Жалпы ортақ аулаға серуендету үшін көшеге итті тек қысқа қарғыбаумен және мұрындықпен шығару керек.

— Құтырмамен ауырған адам сауықпайды, бірақ алдын алуға болатынын есте сақтау қажет. Ол үшін құтырма ауруына қарсы қолданылатын егулер уақытында жүргізілуге тиіс.

Зардап шеккен адамды сақтандырудың бірден-бір шарасы — егу. Сондықтан сырт көзге дені сау болып көрінген жануардың тістеуінен немесе тырнауынан зардап шеккен жағдайда да дереу дәрігерге көрініп, дәрігер тағайындаған егудің толық курсын алу қажет, екпелерді үзуге болмайды. Екпе жеңіл өтеді.

Ақтөбе қалалық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button