Құқық

«КЕК»

Екі ауыл жастарының арасындағы жанжал екі арыстың өмірін қиды

Қасиетті ораза айы басталар түні, дәлірек айтсақ, тамыздың алғашқы таңы ататын түнде Ембі-Жаңажол бағытындағы тас жолдың бойында жан түршігерлік оқиға болды. Мұғалжар ауданы Бірлік ауылының әскерден енді ғана келген өрімдей жастары Артур Қауысов пен Асқар Имағамбетовті айуандықпен (бастарын жарып, белін сындырып, ішін ақтарып) өлтіріп кеткен. Шайтандар кісенделіп, күллі мұсылман Жаратқаннан шапағат күтетін түні, араздасқан бауырласып, соғыс тоқтайтын түні қанішерлер өз қандасының қанына қолын малыпты. Бұл оқиғаны ауыл-аймақ естігенімен облыс жұртшылығы құлағдар бола алмады. Тас жол бойында жансыз қалған қос жеткіншектің денесіндей өлі тыныштық орнады. Әншейінде «сүйінші» сұрағандай болып жарыса жамырайтын бұқаралық ақпарат құралдары қанды оқиға туралы жақ ашпады. Ләм-мим (мағынасын Алла біледі). Өлі тыныштықты Бірлік аулынан қос қаралы ананың «жоқтау-хатын» ала келген Асқардың әкесі Абай Имағамбетов пен Артурдың ағасы Еркебұлан Қауысов бұзды. Қайғы жұтқан отбасы мүшелері түршігерлік оқиға жайында құзырлы мекемелердің жарты айдан бері қалың бұқараға жақ ашпай отырғанына қынжылады.

Абай Имағамбетов:

— Асқар мен Артур арасынан қыл өтпейтін достар еді. Екеуі осыдан бір жыл бұрын бір күнде әскерге аттанып, маусым айының соңында Отан алдындағы борыштарын өтеп келді. Әскерге барғанға дейін балам Ақтөбедегі политехникалық колледжде оқыды. Ауылға келгесін оқуының қалған 8 айын жалғастыру жұмыстарымен облыс орталығына екі-үш рет барып та келді. Сол аралықта көлік жүргізу куәлігін де алды. Жұмысқа тұрғысы келіп жүрген.

31 шілде күні кешкілік ауыл жастары ұйымдастыратын би кешіне кетті. Ертесіне ұйқыдан тұрып, төсегін қарасам, балам орнында жоқ. Артурдың үйі бізге көрші тұрады. Анасынан сұрасам, Артур да  сол түні үйге қонбапты. Екеуі бірге жүрсе, келіп қалар деген оймен алаңсыз күнделікті шаруама кірістім. Ертеңгі сағат сегіз шамасында үйге ауылдың басшылары мен үлкендері бар бір топ адам келіп, Асқар мен Артурдың сол түні кісі қолынан бақилық болғанын естіртті. Бұл  хабарды естігенде, есімнен адастым. Қазір анасы мен егіз қарындасының еңірегенде етектері жасқа толып отыр.

Ауыл адамдарының айтуынша, сол түні көрші Құмжарған ауылының жігіттері ауылға «кек» қайтармақ болып келген. Себебі, Асқар мен Артур әскерде жүрген кезде екі ауылдың жігіттері келіспей қалып, төбелескенге ұқсайды. Би кешінде ескі дау қайта жалғасады. Ауыл балаларының намысын қорғамақ болған Асқар мен Артурды және  тағы бір баланы Құмжарғанның жігіттері сол түні көлікке отырғызып, жанжалды шешу үшін ауыл сыртына алып кетеді. Сол кезде үшінші жігіт жарты жолда көліктен секіріп түсіп қалады. Қазір ол жігіт ауылда жүр. Асқар да, Артур да — қайратты жігіттер. Сол түні көлікте Құмжарғанның үш жігіті болған. Асқар мен Артурды айуандық жолмен өлтіруге олардың әлі келмейді. Менің ойымша, бұл іске көп болып кіріскен. Медициналық сараптама қорытындысында Асқарды ұрып-соғу кезінде ұшы жоқ құрал пайдаланғандары, оны бел омыртқа мен сабақты омыртқаның тұсына тыққаны жазылған. Баламды зәбірлегендері соншалық, ішкі бас сүйегін жарып, аяқ-қолын сындырған, миына қан құйылған. Ауыл азаматтары Асқар мен Артурдың өлі денесін Ембі-Жаңажол бағытындағы тас жолдың бойынан тауыпты.

8 тамыз — Асқардың туған күні. Жиырмаға толатын күнінде тума-туыстар мен дос-жарандарды шақырып, құран оқыттық.

Ембі қаласындағы ішкі істер бөліміне барғанымызда, ондағылар осы іске қатысты Құмжарған ауылының үш жігіті күдікті ретінде ұсталғанын, кейін оның біреуін бостандыққа жібергендерін айтты. Қазір қамауға алынған үш жігіттің тума-туыстары үйімізге келіп, кешірім сұрап жүр.

Баламның мінезі өте ақкөңіл еді, ешкімге болмасын демейтін. Кім-кімге де қол ұшын бергісі келіп тұратын. Өмірден озғанына жарты ай өтсе де, оны әлі өлді  деуге қимаймыз. Бір ауылда екі бірдей қыршын жасты бір мезгілде азаптап өлтірген оқиғаны ел құлағына естіртпей отырған құқық қорғау органдарының бұл ісін қалай түсінуге болады?.. Жабулы қазан жабулы күйінде қалмаса екен дейміз.

Көңілімізде осы қанды оқиғаны жылы жауып қойғысы келетін пиғыл бар ма деген де күдік бар. Олай бола қалған жағдайда аяғымыз жеткен жерге дейін арызданамыз. Қазір істің дұрыс қаралуы үшін прокуратураға шағым дайындап жатырмыз. Сүттей ұйып отырған ауылымызда мұндай жан түршігерлік жағдай осыдан жиырма жыл бұрын орын алған еді. Екі қызды зорлаған жігіттер ату жазасына кесілген…

Еркебұлан Қауысов, Артурдың ағасы:

— Артур — отбасында үшінші бала. Әкемізден ерте айрылдық, ол барда өзімді жалғыз сезінбейтінмін.  Інімді зәбірлеп өлтірген қылмыскерлер жазасын алуға тиіс. Осы жылдың маусым айында Артур мен Асқар Павлодар облысында бір взводта әскери борыштарын өтеп келді.  1 тамыздан бастап ол ауылға электрик болып жұмысқа орналасқанын айтып, қуанғаны әлі есімде. Артур әскерден келген соң құжаттарын оқуға  тапсырып та үлгеріп еді. Оның қолынан келмейтін іс жоқ болатын. Әрдайым білуге құштар, шұқыма жұмыстарды жасағанды жақсы көретін. Ол: «үйленемін, бірақ әзір емес», — деп жүретін.

Материалды дайындау барысында Мұғалжар ауданы Ембі қаласындағы ішкі істер бөліміне хабарластық. Полиция капитаны Мақсат Қалдыбаевтың айтуынша, бұл іске қатысты күдіктілер қазір Ақтөбедегі уақытша тергеу изоляторында отыр. Ол: «Қазір бұл істі облыстық ішкі істер департаментінің тергеу бөлімі қарап жатыр. Жағдайдың қалай болғаны жайында айта алмаймын. Өйткені тергеу әлі аяқталған жоқ. Тергеу жұмыстары аяқталмай, біз ол туралы ешқандай мәлімет бере алмаймыз», — деді.

Бұл оқиғаның осыншама уақыт өтсе де, бұқаралық ақпарат құралдарына не себепті хабарланбағаны жайында әрі тергеу ісінің қаншалықты деңгейде жүргізіліп жатқанын білмек болып, облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне хабарласқан едік. Баспасөз қызметінің жетекшісі Алмат Иманғалиевтен: «Кеңқияқтағы жағдайдан кейін бұл оқиғаны халыққа хабарлауды жөн көрмедік. Бұл оқиға Мұғалжар ауданының Бірлік ауылында 1 тамыз күні орын алған. Жергілікті полиция қызметкерлері сол күні ауыл шетіндегі автобус аялдамасынан 20-22 жастағы екі жігіттің мәйітін тапқан. Қылмыскерлер екеуін де азаптап өлтірген. Бұл іске байланысты Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылының 3 жігіті күдікті ретінде ұсталды. Қазір оның екеуі қамауда, біреуінен тергеу жұмыстары аяқталғанша тұрғылықты мекен-жайынан ешқайда шықпауға қолхат алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 96-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деген жауап алдық.

P.S. Жастардың бойындағы жалған намыс екі шаңырақты шайқалтып кетті. Бізді ойландыратыны — екі ауыл жастарының арасындағы келіспеушіліктің адам санасына сыймас қылмысқа дейін жеткені. Үлкен өмірге енді ғана қадам басқан, әлі жалғанның дәмін татып үлгермеген жастарды қорлап өлтіретіндей олардың не кінәлары бар еді? Ал көрші ауыл жастарының осынша азапты қолдарымен істейтін айуанға айналуларына не себеп? Бұрын «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» еді. Ішін ақтарып, белін сындыру, омыртқасын үзіп, мәйітті қорлау қатыгез заманның қазаққа тартқан «сыйы» болар?.. Тәрбие, қайда барасың…

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button