Сапалы білім беру — жарқын болашақ кепілі

Гүлсім ҮМБЕТАЛИНА,
№1 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізді одан әрі қарқынды дамыту жолындағы білім және ғылым жүйесінің алдында тұрған бірқатар маңызды және өзекті мәселелерді атап өтті.
«Сапалы орта білім алу — әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз — «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек», — деген Мемлекет басшысы қалада да, ауылда да балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуы керектігін жеткізді.
Сондай-ақ Президентіміз алдағы уақытта техникалық және жұмысшы мамандар тапшылығы мәселесін шешуді тапсырды.
Шынында да, қазір ауылдарда осы салада еңбек ететін жастардың қатары өте аз. Өйткені жас буынның көбі жұмысшы, техникалық маман болып жұмыс істегісі келмейді. Біз осы мәселені шешу үшін мектептерде балаларға барынша техникалық мамандықтарды таңдауына ықпал етуіміз керек. Егер елімізде осындай салаларға қамқорлық жасалса, жастар жұмыс істеуден қашпайды. Бұл орайда мектеп мұғалімдері де өз үлесін қосуы керек.
Жалпы, Президентіміз қай Жолдауында болса да, білім саласына үнемі көңіл бөліп, ұстаздар қауымына қамқорлық танытып отырады. Бізді, ұстаздарды, бұл ерекше қуантады. Сондықтан жаңа оқу жылында барша ұстаздарды ел мүддесі үшін қалтқысыз еңбек етіп, Президентіміздің Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалуына сүбелі үлес қосуға шақырамын.
Ырғыз ауданы.