Денсаулық

Туберкулезді жоямыз!

Бұл — «Қазақстанда туберкулезді тоқтату» ұлттық әріптестігінің ұраны. Олар еліміздегі әлеуметтік аурулардың бірі —  туберкулез дертін түбегейлі жою мақсатында мемлекеттік мекемелермен бірге жұмыс істеп келеді.

22 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының туберкулез мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі кездесуі өтеді. Оған біздің елімізден Денсаулық сақтау министрі бастаған делегация аттанбақ.

Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен жұмыс істейтін «Стоп ТБ» жаһандық әріптестігі 2001 жылы құрылды. Оған 1700-ден астам ұйым мүше. Біздің елдегі ұйым —  «Қазақстанда туберкулезді тоқтату» ұлттық әріптестігі 2017 жылдан бастап жұмыс істейді.Еліміздің әр өңірінде осы ұйымның филиалдарын ашу жоспарланған. Денсаулық сақтау министрі — 2018 жылдан бастап жаһандық әріптестік басқармасының мүшесі.

Осыған дейін еліміздің өңірлерінде тақырыптық кездесулер ұйымдастырылды. Сондай адвокациялық кездесудің бірі біздің облыс орталығында да өтті. Еліміздегі фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы облыстық фтизиопульмонология орталығымен бірлесе «Туберкулез» жаһандық қорының қолдауымен ұйымдастырылған шараға мемлекеттік қызметшілер, денсаулық сақтау саласының және осы бағытта жұмыс істеп жүрген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Өңірдегі қоғамдық денсаулық сақтау проблемасы ретінде туберкулезді жоюдағы  үкіметтік емес ұйымдардың, «Стоп ТБ» ұлттық әріптестігін дамыту» тақырыбындағы шарада ұйымның облыстық филиалын ашу туралы әңгіме қозғалған болатын. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөліне оң баға беріліп, осы бағытта нәтижелі жұмыс істеп жатқан «Сенім-тірек» қоғамдық ұйымы аталды. «Сенім-тірек» үкіметтік емес ұйымының үйлестірушісі Теміржан Күндоловтың айтуынша, ұйым өңірдегі үй-күйі жоқ жандар, сотталғандар, түзету мекемелерінен шыққандар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, туберкулез және АИТВ жұқтырғандар арасында әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсетіп, әлеуметтік маңызы бар ауруларға қарсы күрес жүргізеді.

Ал облыстық фтизиопульмонология орталығының үйлестірушісі Нұрлан Ағзамовтың айтуынша, үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік туберкулезге қарсы күресті күшейтуге тиіс.

— Алдағы уақытта осы бағытта облыстық бюджеттен 17 миллион теңге бөлінбек. Ал «Стоп ТБ» әріптестігінің түпкі мақсаты — туберкулезді тоқтатып қана қоймай, эпидемияны түгел жою. Сондықтан «Сенім-тірек» секілді әлеуметтік осал топ өкілдерімен жұмыс істеп жүрген ұйымдарды қолдаған жөн, — дейді Нұрлан Ағзамов.

Облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімовоблыста туберкулезге қатысты эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін айтты.

— Бүгінде біздің облыс туберкулезді емдеудің тиімділігі бойынша елімізде жетекші өңірлердің бірі саналады.Соңғы бес жылдатуберкулезбен күрес оң нәтиже беріп келеді, яғни ауру жұқтыру 31,5 пайызға төмендеді. Туберкулезбен күрес шараларын таралу жайы төмендегенше жалғастыра беру керек. Бұл дертке қатысты өлім-жітім соңғы жылдары 64,3 пайызға төмендеді, бұл тұрғындардың туберкулездің алдын алу және тиімді емделу жөнінде жеткілікті ақпараттандырылғанын көрсетеді. Сонымен қатар аурудың алдын алу және емдеу жолдарын жетілдіре беруіміз қажет. Мұның бәрін жергілікті атқарушы органмен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жасасақ, жүйелі әрі нәтижелі болмақ, — дейді Ерлан Тәтімов.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button