Мереке

«Отбасы — ұлттың тірегі»

Отбасы күні

«Анаға тағзым» ғимаратында орналасқан «Бақытты отбасы» орталығында «Отбасы — ұлттың тірегі» атты салтанатты шара өтті. Отбасы құндылықтарын дәріптейтін шара елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісінде ресми аталып жүрген Отбасы күніне арналып отыр.

Шараға ерлі-зайыптының біреуі немесе екеуі де мемлекеттік қызметте еңбек ететін үлгілі отбасылар қатысты. Олардың әрқайсысы жұптарымен ортаға шыққан кезде сол отбасы туралы бейнеролик қосулы тұрды. Кеш жүргізушілері де әр отбасыға сипаттама беріп, таныстырды. Мәселен, Ақтөбе қаласында тұратын Бекзат пен Майра Тұрғалиевтердің отау құрғанына аз ғана уақыт өтсе де,екеуі отбасының басты құндылықтары — ата-анасының ақ батасы, кішкентай сәбилерінің амандығы екенін жақсы түсінеді.

— Адал махаббат пен кіршіксіз сезім болса, отбасы да берік. Жастық жігер мен терең білімді, іскерлік пеныстық қайратты ел игілігіне жұмсаудың өзі бір бақыт, —  дейді әдемі жұп.

Алға ауданында тұратын Берік пен Мархабат Ақдәулетовтердің жарасымды жұбының өмір айдынында қатар жүзгендеріне ширек ғасырға жуық уақыт өтті.

Отбасының тірегі Берік — Үшқұдық ауылының үлкен-кішісін жатқа білетін ауыл әкімі, ал Мархабат оқушыларға құқық негіздерін үйретуден жалыққан емес.

Әйтеке би ауданынан келген Пірмағамбетовтерді ауылдастары берекелі отбасы ретінде таниды. Бақытқали Нұрқалықұлы мен Бақтыгүл Баймырзақызы — 30 жылдан астам шаңырақтарын шайқалтпай, ұл-қызын салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеген мерейлі мемлекеттік қызметшілер.

Байғаниннен келгенБолатбек пен Жұлдыз Қонаровтар— бес баланың ата-анасы. Бала тәрбиесіне аса мән беретін жұп ұрпағын ұлтжанды етіп тәрбиелеуді ата-аналық парызы деп түсінеді.

Қарғалы ауданында тұратын Аслан мен Алтынгүл Жұмағұловтар — Эльнара, Мерлан есімді балапандары бар жарасымды жұп. Алтынгүл Барлыққызы  — мемлекеттік қызметте,  Аслан Асанұлы — «Қазгидромет» орталығының білікті маманы.

Құрманиязовтар отбасын Қобда ауданы жақсы таниды. Серік Амантайұлы  мен Салтанат Әлібекқызы— мемлекеттік қызметтің жауапты салаларын абыроймен алып жүрген қызметкерлер, көпбалалы отбасы. Қызметте де, бала тәрбиесінде де  талапшыл, тәлімді отбасыбалаларының шығармашылығымен мақтанып, солардың жетістігін зор мәртебе санайды.

Мұғалжар ауданынан келген Аққайыр — мемлекеттік қызметте жүрген ізденімпаз отбасы. Қазбек Тлеуханұлы мен Рауза Амангелдіқызы — «елге қызмет — абыройлы міндет» деген ұстанымға берік жандар. Қазбек 2020 жылы «Үздік ауыл әкімі» байқауының жеңімпазы атанып, нәтижелі еңбек етудің үлгісін көрсетсе, Рауза — ұлы мен қызын жан-жақты, рухани әлемі бай етіп тәрбиелеуден өзгелерге үлгі боларлық асыл ана.

Ал Қожатілеуовтер отбасы Темір ауданынан келді.Асхат пен Нұргүлдің шағын мемлекетінде шыншылдық, шынайылық, шығармашылық секілді асыл қасиеттер аса қадірленеді. Бірі мемлекеттік қызметте, бірі білім саласында табысты еңбек етіп, ізгі қоғам, дамыған мемлекетті қалыптастыруға өзіндік үлес қосып келеді.  Олар — «Ұлдарым — бақытым, қыздарым — жақұтым» деп санайтын үлгілі отбасы.

Ойыл ауданынан келген Қанат пен Гүлжанат Мусиндердің шаңырақ көтергендеріне — 9 жыл. Дүниеге әкелген бес баласына жақсы мен жаманның парқын ұғындырып, бір-біріне кешірімшіл, бауырмал, жанашыр болуға тәрбиелеп жүрген жұп үшін алынбас қамал, бағындырмас шың жоқ. Өйткені олар бір-бірін әрдайым қолдауға, қорғауға әзір. Мусиндер — «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы қатаң ұстанатын берік отбасы.

Шалқар ауданында тұратын Балымовтар —  шаңырақтың шаттығы, үйдің құт-ырысы деген ұлттық ұғымдардың мән-маңызын терең түсінетін ұлтжанды, жас отбасы. Тұрлан Шынтемірұлы мен Гүлзат Құрманайқызы  — мемлекеттік құызметшілер.

Ырғыз ауданынан келген Омаровтар отбасы балаларының келешегі кемел болуы үшін тер төгуден жалыққан емес. Серік Бақытұлы мен Ақбөпе Елкейқызы отбасы құндылықтарын қадір тұтып, «мемлекеттік қызметті абыроймен атқару — азаматтық парызымыз» деп есептейді.

Ал Шакизаевтар отбасы Хромтау ауданында тұрады. Рүстем — аудандағы ауылдық округ әкімдерінің ең жасы. Шынар үйдегі екі кішкентайға күтім жасап, тәлім-тәрбие беріп отыр. Бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін жас отбасы мықты ұлт отбасында қалыптасатынына сенеді.

Кештің қонағы —  «Мерейлі отбасы — 2023» республикалық байқауының облыстық кезеңінің екінші орын иегерлері Марат пен Мәрияш Қабижановтар отбасы болды. Бір шаңырақ астында 57 жыл бірге өмір сүріп келе жатқандарын өлең жолдарымен жеткізген Марат ата жастарға бата берді. Одан соң сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары,облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Бұлбұл Елеусінова отбасы құндылықтарын сақтау — мемлекет дамуының кепілі екенін баса айтып, шаңырақтағы тәрбиенің түзу, өнегенің өміршең болуын тіледі. Одан соң бірқатар отбасыға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады.

Ал Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасарыАйбол Қозбағаров өмірлік ұстанымдары бір арнаға тоғысқан әріптестеріне отбасыларының берік болуына тілеулестік білдірді.

«Бақытты отбасы»отбасын қолдау орталығының психолог мамандары отбасылық жұптарға арнайы тренинг өткізіп, ойындар ұйымдастырды. Кешті республикалық «Жайдарман» ойындарының екі дүркін чемпионы— Шығармашылық академиясының «Академия балмұздақтары» көңілді ойындарымен қыздыра түсті.

«Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалы мемлекеттік қызметшілер арасында отбасы институтын нығайту, ата-ананың  балатәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру мақсатында «Отбасым — тірегім» атты бейнероликтер байқауын жариялаған болатын. Осы кеште «Қызмет» салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Мұхтарита Сағындықова Мұхтарита байқау нәтижелерін хабарлап, жеңімпаздарды марапаттады.

Шара соңында барлық қатысушы жұп ортада вальс биледі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button