Мәдениет

Аяулымның алғашқы рөлі

Балауса

Досжан ишан Қашақұлының өмірінен сыр шертетін тарихи-танымдық «Аманат» қойылымындағы кішкентай Кежек — Аяулымның театрдағы алғашқы рөлі.  Еш дайындықсыз үлкен сахнада драма театр артистерімен қойылым көрсеткен жас өнерпазға аталған спектакльдің режиссері, «Шапағат» медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Дәметкен Құсайынова да жоғары бағасын берді.

— «Аманат»  тарихи-танымдық қойылымын театр ұжымы алғаш рет өткен жылы Ырғыздағы «Жармола жәрмеңкесінде» сахналаған болатын. Досжан хазірет мемориалды кешенінің салтанатты ашылуына орай сценарийді қайта қарап, жарты сағаттық тарихи деректі көрініс жасап шығардық. Рөлдерді сомдаған барлық актер — театрдың артистері. Тек қойылымдағы жесір әйелдің қызы — Кежектің рөлін сомдаған Аяулымды аудандық мәдениет бөліміне хабарласып, телефон арқылы таңдап алдық. Темір ауданына барған соң 1-2 рет дайындық жасап, көрерменге ұсындық. Аяулым өз рөлін тамаша ойнап шықты, — дейді Дәметкен Құсайынова.

Кежек ананың бала күнін сомдап, көрермен ықыласына бөленген Аяулым Аманжол Шұбарқұдық ауылында 3-сыныпта оқиды. Есепті шемішкеше шағатын жас өркен бос уақытында Н.Байғанин атындағы Темір аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған «Көркемсөз» үйірмесіне барады. Фортепиано сыныбына барып жүргеніне де биыл үшінші жыл.

— Анамның, апайларымның жетекшілігімен көптеген байқауға қатысып жүрмін. Бірақ театрландырылған қойылымға қатысып көрген жоқпын. Спектакль басталмас бұрын режиссер апай қандай сөз айтатынымды, қалай жүретінімді көрсетіп берді. Мен соны орындап шықтым. Ешқандай қорқыныш болмады. Маған сахнада өнер көрсеткен ұнайды. Өскенде актриса болғым келеді, — дейді Аяулым.

Кішкентай талант иесінің арманының орындалуына біз де тілекшіміз! Өнерің өрге жүзсін, Аяулым.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button