Елдің әлеуетін көтеру — басты мақсат

Амангелді ШУНИМОВ,
Мемлекеттік қызметтің ардагері,
Мұғалжар ауданының құрметті азаматы.
Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында елдің сыртқы және ішкі саяси жағдайын саралап,келешек дамуымыздың нақты талаптарын алға тартты.
Халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартып, өмір сапасын арттыратын бірнеше басымдықты атап өтті.Мәселен, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады. Бұл шара елдегі біраз адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететіндердің әл-ауқатын арттыруға септігін тигізбек.
Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын арттыруда 2029 жылға дейін ұлттық экономика деңгейін 2 пайызға жеткізуді тапсырды. Экономиканың игілігін әрбір азамат ертең емес, бүгін сезінуі керектігін айтты. Өңдеу өндірісіне аса мән беріп ұлттық тауарларды одан әрі көптеп экспорттауды тапсырды.
Еліміздің электр энергияға тәуелді болмауы үшін жел қуатынан өндірілетін энергияны 2027 жылға дейін 1,4 киловаттқа жеткізу қажеттігін, сондай-ақ су тапшылығының алдын алу үшін осы бастан үнемдеу керектігін баса айтты.
Ауылшаруашылық саласында биыл Үкіметке пайдаланылмай жатқан 8 миллион гектар жердің қайтарылғанын айтып, алдағы үш жылда ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді 70 пайызға дейін жеткізуді тапсырды.
Жаңа экономикалық, әлеуметтік дамуға бет алған елдің жыл сайынғы жаңа жоспары жаңа белестерге жетуге толық мүмкіндік береді. Ол—жоғымызды түгендеуге, барымызды саралауға, кеткен кемшілікті түзетуге мүмкіндік беретін жаңа даму платформасы деп есептеймін.