Білім

Тапсырма саны қысқарып, уақыт өзгерді

ҰБТ

2024 жылғы ҰБТда тест сұрақтарының саны өзгереді, сондайақ бейіндік пәндерге жаңаша тапсырмалар қосылып, тестілеу уақыты қысқарады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау пәндері. Алайда оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық міндетті пәндерінің әрқайсысынан 5тапсырма қысқарады. Ал бейіндік пәндер бойынша сұрақтар саны артып, әрқайсысынан 40 тест тапсырмасы беріледі. — Бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Бұл өзгерістер — тест тапсырмаларының сапасын арттыру мен олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстардың заңды жалғасы, — деді Ғылым және жоғары білім министрі.

ҰБТ тапсырмаларының санымен жоғары балл өзгеріссіз қалды. Жалпы 120 сұрақ, 140 балл болады:

Қазақстан тарихы— 20 тапсырма; Оқу сауаттылығы— 10 тапсырма; Математикалық сауаттылық— 10 тапсырма; екі бейіндік пән бойынша— 40 тапсырма.

Жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты тестілеу уақыты қысқарады. Енді ҰБТ тапсыруға оқушыларға 3 сағат 30 минут (210 минут) беріледі. Бұрын 4 сағат (240 минут) болған-ды. Дегенмен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады.

Шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлер Қазақстан тарихы, оқусауаттылығыпәндеріменқатар, математикалық сауаттылықты міндетті пән ретінде тапсырады. Математикалық сауаттылықтан тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімдерін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталған. Сондықтан бұл пән барлық талапкерге міндетті, — дейді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, бейіндік пәндердің комбинациясы бойынша да өзгерістер бар. Оқушылардың, ата-аналардың және педагогикалық қауымның пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, «B059 — Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар», «B055 — Математика және статистика», «B063 — Электротехника және автоматтандыру» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясын тапсырады.

2024 жылы талапкерлер биылғыдай ҰБТ-ны 5 рет тапсыра алады. Оның екеуі грант тағайындау конкурсына қатысуға, қалған үшеуі ақылы оқуға түсуге мүмкіндік береді.

Г.МАХАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button