Әдебиет

Ертай АШЫҚБАЕВ

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Үш таған» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры.

«Қос мең» («Жалын»), «Ғашықтар мектебі», «Қобыландының қонысы» («Жазушы»), «Таныс жұлдыздар» («Атамұра») тәрізді он шақты жыр жинағы мен шығармаларының екі томдығы, бір томдығы, «Өлең мен өмір» атты әдеби мақалалар кітабы жарық көрген.

«Аударма» баспасының «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясы бойынша Хуан Рамон Хименес, Ярослав Сейферт, Стефан Георге, Герман Гессе, Пауль Целан, Райнер Мария Рильке, Збигнев Херберт, Уильям Батлер Иейтс, Джон Китс жырларын («Еуропа поэзиясы. ХХ ғасыр», 2010; «Еуропа классикалық поэзиясы», 2011), Фридрих Шиллерді («Жарық пен жылу», 2020), армян ақындарының антологиясын («Арараттан ескен леп», 2019) қазақ тіліне аударған.

АЛМАТЫ – АҚТӨБЕ

Курстастарға

Сол кеткеннен, әйтеуір, шешпедім бел,

Көп сортақты біледі кешкенімді ел,

Біледі кейде жел боп ескенімді ел,

Енді сәл дес беріңдер.

…Алматыны… сол жылы… бұл менен де…

Алып қалып едіңдер… не істедіңдер?..

Күндіз кімдер жүреді біздей қалқып,

Біздей балқып жүреді кешке кімдер?

…Маң-маң басқан әнеу бір кербездердің

Көкейлерін неліктен теспедіңдер?

…Альбомда қандай сурет сақталыпты,

Түседі оңашада еске кімдер?

 

Мына жақта жүрегім жүз ұлыды,

Алматының тәтті еді… Күзі… Мұңы…

Көп еді аңқау аға, қызық іні,

Әрине, көркем еді… Қызы… Гүлі…

Алматының сол сәнін тартып алған —

Өмір деген ақылсыз бұзық ұры.

Солай ма, құрметті М.Талдыбаев,

Солай ма, қадірлі М.Ізімұлы?!

 

Ашылмайды, әйтеуір, күн қабағы,

Бұлақ бастан осылай бұлғанады,

Осылайша дүлділ күн ұрланады.

Біз көрмеген біреулер тепсінеді,

Біз көрмеген біреулер бұлданады.

…Біздер кезген бақтарға кім барады?

Алматының мөп-мөлдір жылғалары

Жүрген жоқ па шілдеде құрғағалы?

Құм астында көміліп жатыр ма екен

Біздің шашпа қыздардың сырғалары?

…Сол кеткенде… сол жылы… бұл менен де…

Алып қалып едіңдер бұл қаланы…

 

Мұңайғаным болмаса күзде кей күн,

Мен сендерді аса көп іздемеймін.

Бір бөрікке сыймайтын бір басымда

Кесірлігі бар, сірә, жүз кедейдің,

…Ақтөбенің шаттығын үзбегей күн.

Мынау Күләй ханымның мойнындағы

Жоғалмайтын ақ моншақ тізбедеймін.

…Сондағы… алып қалған Алматыңыз…

Қайырлы бола берсін Сізге деймін.

АҚТАУ. КАСПИЙ

Беу, жүрмін арасында мың Адайдың,

Әрнені ұқтырады ұлан айдын,

Ақтаудан мен ештеңе сұрамаймын.

Қалды ғой мына жүрген балаларға

Анау жыл бастан кешкен бұлағай күн.

Бұл күнде көргені мол бір ағаймын,

Көп болса, заманы өткен кінәдаймын.

Әрине, ұнатамын кәрі мұңды,

Әрине, жас күлкіге ұнамаймын.

 

Ақтауға кім келмеген, кім кетпеген,

Сөзінен айналайын құрметтеген,

Жасады аялдама жүрдек кемем.

Каспий сәл суық екен. Ештеңе етпес,

Сан рет Ойылда да дірдектегем.

Бұл жақта тіпті кімге міндеттенем?!

…Анау жыл қалып қойған бұла күннің

Ып-ыстық бу-кесесін үрлеп келем.

 

Мен әлі ұмытқам жоқ сол Ақтауды —

Білмейтін ұнатпауды, жолатпауды.

(Жігіттер, күндер қайда, о, мақтаулы?!)

Жастықтың сол желкені құлап қапты

Секілді сөзі тозған ағат қаулы.

Біз енді қайтып қыран бола алмаспыз,

Біз, бәлкім, ителгіміз балақ баулы.

 

Қош боп тұр, ұлық қала, ұлан айдын,

Қайтеміз, келіп қапты мынадай күн,

Несіне шақырамыз ұран-айбын?!

…Кетейін… Ешбірінен мың Адайдың…

Ештеңе сұрамаймын.

ОРАЛ ҚАЛАСЫ. 2007 ЖЫЛ

Орал-ғалам, о, шіркін, Орал-ғалам,

Көне музей секілді тоналмаған.

…Осы мұңшыл қалпымда оңалмаған

Бұдан да аман жүруші ем, одан да аман,

Селт еткіздің бейтарап жүрегімді

Менің ескі хатымдай жоғалмаған.

Көкірегімді шымшыды көп талдарың

Көңілім қалып жүргенде көк алмадан.

Сезімімнен айналдым өзімнің де

Сал тірлікті сүюді доғармаған.

Қарадым еңсесі зор естелікпен

Кезіме көк етікті бола алмаған.

Мынау қайың, мынау гүл, мынау майса,

Тұрғандай болғысы кеп бодан маған.

Кірпігін ашып алды сол бір күндер,

Қайта оянды, па, шіркін, сол арман-ән.

Көне музей секілді тоналмаған,

Орал-ғалам, о, шіркін, Орал-ғалам!

…Енді, сірә, кетпессің көз алдымнан

Көрсетілер фильмдей көп арнадан.

СЕМЕЙГЕ ХАТ

Хат жаздым арнап сізге,

Тыныштықбек,

Осымен бүгін, міне, бір іс бітпек.

Көңілімді бірер мұң жүр істіктеп.

Қолыма қалам алдым сол себепті

Шақырып сіз тараптан бір ыстық леп.

Біз дағы —

біраз-біраз сөйлемдердің

соңына қойылатын дұрыс нүкте ек.

Алаңсыз өлең жазып отырмысыз,

Жүрсіз бе бақшаңызды тыныш түптеп?

 

Семейде қандай-қандай жаңалық бар,

Тұра ма көшелерде таранып тал,

Жүре ме маңғазданып қалалықтар?

Терезеден түсетін нұр-сәулелер

Шаршай ма бөлмелерге қамалып тар?

Жаңбыр байғұс тамшысын үнемдей ме,

Жауа ма жан-жағына қаранып қар?

Өзіңіздің зарпыңыз орнында ма —

Әлеуметтің аңқылын дәл анықтар?

 

Жұрт аман біз жақта да,

билік те аман,

Мен өзім тым алысқа құйғып барам —

Қолыма ұстағаным жүйрік қалам.

Шайлығым ел қатарлы жүріп жатыр,

Ел қатарлы кәдімгі сыйлық та алам.

Жайсаңдардың көңілін орнықтырдық,

Бетінен жақсылардың сүйдік тәмәм.

Кейде көрер тәп-тәтті түсіміз бар,

Ісіміз бар,

әйтеуір,

үй құптаған.

 

Күшімізді қосыла төгіп барша,

Ұстап алдық бақытты торып қанша,

Рас, қудық, әрине, зорыққанша.

Жайымыз бар осылай жайнап тұрған

Қамқорлыққа алынған қорықтарша.

Бұнымыз ұнамай тұр біреулерге,

Біреулер қызғанады көріп қалса.

Сіз, әрине, көрмейсіз…

Сау болыңыз,

Алматыда тағы да жолыққанша.

АРҚАЛЫҚ — ЖАСТАР ҚАЛАСЫ. 1973 ЖЫЛ

Сондағыдай еш шаһар болмағандай,

Отырмын ешбір теңеу қолдана алмай,

Мені ұққысы келмейді оңбаған қай?..

Ол жас қала еді ғой, мен де жаспын,

Сіміруші ек зәмзәмін уыз күннің

Мен де қанбай, әрине, ол да қанбай.

Мұңсыз өмір мәңгілік орнағандай,

Түр көрсеттік қыста да… тоңбағандай…

Біз мінген көңіл деген жорға қандай —

Алқынбай алты айшылық жолды алардай,

Ай, шіркін, сол дүние, сол ғаламды-ай!

Сондағы нұр әлі де сөнбегендей,

Сондағы гүл әлі де солмағандай.

Сонда да… көрген қызық көрмегендей,

Сонда да… болған қызық болмағандай,

Құсымыз еш айдынға қонбағандай.

Заманы өтіп кеткен формалардай

Қалдық-ау көп қиялды оңғара алмай.

Арқалық, шаһар болдың сонда қандай?!

…Екеумізді мәңгіге тастап кеткен

Сол бір ЖАСТЫҚ шынымен оңбаған ба, ай?!.

КӨКТЕМ. ВЕНГРИЯ. ВЕСПРЕМ ҚАЛАСЫ

Хат жазбағандарға өкпелілерді,

Жүргендерді қанша налып,

Жұбатқалы Веспремнің көктемі келді,

Қарсы алалық.

 

Көрелік мүлде басқа көктемді,

Тыңдайық анау құстарын.

Кейін айтармыз бастан өткенді,

Айтпаспыз кейбір тұстарын.

 

Бізден де бұрын мақтанғандардан

Үлгі жинасақ айып па?!

…Кете бер,

ызғар,

ақпаннан қалған,

Міне бер,

шуақ,

қайыққа.

 

Бейтаныс мына гүлдер де, тіпті су басқа,

Күн бұлт бүркенді. Ұялды.

Жолдас солдаттар, уәде етіңдер қумасқа

Ұстатпайтын қиялды.

 

Жарқырат анау қаптаған төсбелгіңді,

Аумай қал С.Мұқанов жазған сарыала шенді ұлықтан.

Шіркін, біздің бастан ұшпа бұлттай көшкен күнді

Кім ұққан?!

 

Кім ұққан мына Веспремнің мұң-наласын,

Ұға ма күндердің бір күнінде?

Өмір, ауық-ауық бұлданасың,

Мұның не?

 

Біз, солдаттар, қайталайық білетін жырымызды,

Әнімізді естіген.

…Ал, сіз, төге беріңіз халықаралық нұрыңызды,

Веспрем!

ҚЫРКҮЙЕК. СТУДЕНТТІК ЕҢБЕК СЕМЕСТРІ. ҚОСТАНАЙ

Шіркін, сол бір социалистік жоспар-ай,

Бәрі мәлім — бұрылады көш қалай?

Біздерге де бақ сыйлады мошқамай.

…Қыркүйекте… он төрт вагон студент…

Жететін ек аңсап сені, Қостанай.

Сені Алматы қалсын қалай қостамай,

Бірін-бірі тәрбиелеп жол бойы

Жеті қырдан желең жеткен достар-ай,

Егіс басын елеңдеткен қостар-ай!

Сол күндерде, айтшы, қашан өшті арай,

Уа, қайдасың, төбемізден күлген Күн,

Уа, қайдасың, түнде сәуле қосқан Ай?!

Комбайндар қиян асқан Қостанай,

Студенттер ұя басқан Қостанай.

Алыс кетіп электрлі ауылдан

Қараңғыда жиі адасқан Қостанай.

…Самайларын қырау шалған достар-ай,

Тұсымыздан өтіпті ғой көш талай.

Қостанайдың көк даласы бізді енді

Дерексіздің қатарына қоспағай,

Керексіздің қатарына қоспағай…

БІР ӘҢГІМЕ

Ұсынылған жоқ бізге де төр бірден,

Көп тірлікке өзімді өзім көндіргем.

Ойыл — мынау,

Қиыл — анау,

содан соң…

Алматыны көргім келді,

көрдім мен.

 

Ерте солып біздің жақта бүлдірген,

Бөлісуге жарамады құрбыммен.

Бақша — шағын,

көше — шолақ,

әрине,

Алматыда жүргім келді,

жүрдім мен.

 

Қызыл-жасыл гүлге толып кетті іргем,

Көп таныстым ылғи жаңа тек-түрмен.

Күндер болды көкірекке леп кірген,

Түндер болды аздап азап шектірген,

Шуақ анау,

көз жасымды кептірген.

Мен —

Ақтөбе өлкесінің өзені,

Алматыдан кеткім келді,

кеттім мен.

 

Алматыңыз сол еді,

Енді, міне, ертіп келіп көнені,

Аспан неге мазалайды,

о, мені,

Бұлттар неге ұсақ тамшы төгеді,

Жұлдыз неге бірте-бірте сөнеді?

Бір сынық мұң түрткілейді,

төнеді,

Мен білмеймін,

не сұрайды ол менен?

…Ай, жөн еді Алматыны көрмеген,

Алматыға бармағаным жөн еді…

АСТАНА. «АҚ ТІЛЕК» ТОЙХАНАСЫ

Он алты жасымда жоғалтқан моншақтарымды,

Беу, қайдан теріп алам?

Есіме салды сол шақтарымды —

Тұрғынбекұлы Серік ағам.

 

Мен жас қылыш ем, майырылмайтынмын,

Қайнатасыз ба, о, мейлі, пісіресіз бе?!

…Кетіп барады кейінге қайырылмайтын күн,

Астана,

түсінесіз бе?

 

Қараймын, аспан да мұңды,

Мен —

қыздар күтпейтін хаттаймын.

Теріп алғым келеді шашқандарымды,

Таппаймын.

 

Астана үндемейді. Не десін?!

Мәлім емес оған менің соқпақтарым.

Өмір, тоқтамайтын кемесің,

Мені де тоқтатпадың.

 

Мынау думан — мерзімдік аялдама,

Бет бұр, інім, көңілді тарапқа ана.

Мен —

көп беттік тым ұзақ баяндама,

Қайтесің, парақтама.

 

Қайтесің, алаңдама,

Емеспін мен жібек желкен, жас ұран.

…Мұңдар бар тиесілі маған ғана,

Тойханадан да жасырам!

ЖЕЛТОҚСАН. ЕЛОРДА. «ДИПЛОМАТ» ҚОНАҚҮЙІ

Уақытша келгенмін, қонғанмын,

Ертең кетемін. Дайынмын.

Ақтөбеде де мен тоңғанмын,

Мен аязды танитын қайыңмын.

 

Иемін төсекке уақытша жайылған,

Өзгеріс енген жоқ кестеме.

Қыста жапырақ сұрай ма қайыңнан?..

Менен де сұрама ештеңе.

 

Мен деген уақытша тұрғынмын,

(Көңілім, беу, демал, аптықпа!)

Жоқ мұнда күлкісі баяғы құрбымның,

Әрине, жоқ бағзы шаттық та.

 

Ақ шамдал. Боз кілем. Сұр тұтқа.

Қабағын ашпайды кеш мүлде.

(Жас Бекжан, ешкімді пір тұтпа,

Қызықпа ешкімге!)

 

Мінеки, қайтуға бекінді

Қаншама уақытша келгендер.

Барлығы бақытты секілді,

…Сенбеңдер!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button