Демеу жырау

Жыршылық өнерді жастайынан жанына серік етіп, республикалық жыршылар сайысында Ақтөбенің үмітін ақтап, абыройын асқақтатып жүрген Демеу Жолымбетовпен сұхбаттасқан едік…
— Ел арасында ұмытылуға айналған жыршылық өнерді таңдауыңызға не себеп болды?..
— Әкем Құрмаш — ескіше оқыған кісі. Жыр айтудан да алыс болмады. Еңбекке баулығаны шығар, кішкентай кезімнен шөп шабуға ертіп кетеді. Жол қысқарсын дейді ме екен, барғаншажыр-термелерді айтып барады. Айтқандары құлағыма құйылып, жүрегімде жатталып қалды. Сол кезден бастап жыр айтуға құштарлығым оянып, қолға домбырамды алдым. Арал аудандық Мәдениет үйінде жұмыс жасап жүрген кезімде Әбілхан Маханов, Құдайберген Жасекенов ағаларымыздың қолдауымен өзімнің қатарластарым, жыршы Рысбек Әшімов, Сұраған Мырзаев, Бекұзақ Тәңірбергеновтермен бірге жүріп, бұрынғы жыраулардың ізбасары ретінде жыр-термелерді насихаттай бастадық. Менің жыр жолына түсуіме себепкер болған әкеме алғысым шексіз!
— Жыр жаттауға уақыт бөлесіз бе?
— Ауылда қойдың кезегі деген бар. Қойды өргізіп жіберіп, кешке дейін жырымды айтып отырамын, ешкім мазаламайды. Көп дүниелерді сол кезде жаттап алдым.
— Қоржыныңызда қанша қисса-дастан бар?
— Тарихи дастандарды жаттауға жиырма төрт жасымнан бастап ден қоя бастадым. Сонан бері отыз бес қисса жаттаппын. Әрқайсысының көлемі әртүрлі. Кейбір жырларды бес сағат айтқан кездерім бар. Жыр айтудың да өз ерекшелігі бар. Тыңдаушыңды жалықтырып алмау үшін әр мақамға салып құбылтып отыруың керек. Ауылда Әптіқұл деген жыршы ағамыз болды. Оның орындау шеберлігі тіпті бөлек. Жырдың желісіне қарап жылайтын жерінде жылап, күлетін жерінде күліп, оқиғаның ішінде өзі жүргендей әсер қалдыратын. Ағадан алған үлгіміз бар, қолымнан келгенше халыққа қызмет етіп келемін.
— Демеу мотоциклден құлағаннан кейін жыр жаттау қабілеті артты деген әзіл-шыны аралас әңгімелер айтылады, сол рас па?
— Несін жасырайын, жастық шағымда ащы суға әуес болдым,оны ішпесең, шаруаң бітпейтін сияқты көрінетін.1993 жылы мотоциклден құлап, бір жеті есімді білмей емханада жаттым. Көретін жарығым бар екен, аман қалдым. Сонан бері ащы суды татып алған емеспін. Адам баласытүсіне бермейтінөмірде түрлі жағдайлар болып жатады ғой,сол оқиғадан кейін ұзақ жырлардың өзін тез арада жаттап алатын қабілет пайда болды.Анық-қанығын бір Алла біледі.
— Жыршы-жыраулар сайысы жиі бола ма?
— Жыраулар сайысы 1996 жылдардан бастап қолға алына бастады. Сонан бері есептесем, сегіз рет бас жүлде, төрт рет бірінші орын алыппын. Екінші, үшінші орын алған кездерім де бар. Жалпы бос қайтқан кездерім болған емес.
— Жаттаған жырларыңды ұмытып қалған кездеріңіз болды ма?
— Спортпен шұғылданатын адамдар жарысқа дайындықсыз бармайтыны сияқты, үйде оңашалау отырып күніне бір рет қайталап алып отырамын.Ағайынның тойы көп қой, жыр айтуға шақырып жатады. Сондай ортада жырлап отырғанымда ұмытып қалатын кездерімде бар. Сол ұмытқан жерімді әйелім Ғалия айтып жібереді.Қасымда отырып жыр тыңдап жүргесін жатталып қалғаннан болар.
— Шәкірт тәрбиеледіңіз бе?
— Ағалап келіп ақыл сұрайтын жастарымыз көп, қолымнан келгенше жыршылық жолға түсуіне септігімді тигізіп отырамын. Өзімнің мақтанып айтатын екі шәкіртім бар. Біріншісі — Ақниет Әленова. Өте талантты, дауысы да ерекше, талай жыр сайысында жүлделі орындарға ие болды.Алматыға барып Қаламқас Орашова апасының қасына еріп, жарқырап көрініп жүрді. Тұрмысқа шыққаннан кейін соңғы кездері көп көрінбей кетті. Екінші шәкіртім — Мубин Биімбетов. Мен жаттаған дүниелердің бәрін магнитофонға жазып алып, бір айналып келгенімше жаттап алып отырады. Таңды таңға жалғайтын нағыз төселген жыршы болды.Қазіргі кезде Астана қаласында мектепте сабақ беріп жүр. Ауылымыз алыс болғанымен бір-бірімізден қарым-қатынасымызды үзген емеспіз.
— Өскен өлкеңізден қоныс аударғалы отыз жылға жуықтапты. Ақтөбеден жыршы-жыраулар көп шыққан ғой, кімдерді білесіз?
— Әбубәкір Кердерінің жырлары бөлек қой, әкеміз «Білгіш молда» деп отыратын. Нұрпейіс Байғанин, Сарышолақ, Таразы ақынның өлеңдерін көп білетіндердің қатарынанмын. Сарышолақ ақынның 160 жылдығына арналған Шалқарда үлкен іс-шара өтті. Сонда ақынның жырларын 2-3 сағат көлемінде жырладым, орнынан тұрып кеткен адамды көрмедім. Сарышолақ ақынның шығармалары көп дәріптелмей жүр.Елдің қамын ойлап, орыстың отаршылдығына қарсы шығып, діни исламдық жолды насихаттап, нақыл термелер жазған үлкен дүниелері бар ақын ғой.Таразы апамыз да насихатталу керек тұлғалардың бірі, оның жазған жырларын оқысаң, ерекше әсерде қаласың. Әділбек Сарин жетекшілік ететін «Ер Едіге» жыр мектебінен дәріс алып жатқан жас жыршыларымыз өлкеден шыққан ақындарымыздың жырларына басымдық бергені дұрыс деп ойлаймын.
— Зейнеткерлік жасқа жеттіңіз, жыр айтудан шаршаған жоқсыз ба?
— Шаршадым деп айта алмаймын, қайта жыр айтқан сайын жеңілденіп қаламын. Жұмыста жүрген кезімде шақырған жерге бара алмай қалатын едім, зейнет жасына жеткесін қолым босады.Шақырған жерден барынша қалмауға тырысамын. Басқа өңірлерден шақырулар жиі болып тұрады. Биыл Атырау қаласына екі рет барып келдім. Астанаға да барып, жас жырауларға дәріс оқып қайттым.
— Жырларыңызды қазақ радиосынан естіп қаламыз…
— Қазақ радиосы біршама жыр-термелерімді жазып алды, күн сайын болмағанмен ара-тұра беріп тұрады. «Едіге» жырын да жазып алды.
— «Едіге» жырын толық білесіз бе?
— «Едіге» жыры бес мың жолдан асады. Оның төрт мың жолын жатқа айтамын, толық жаттауға қорқамын. Ертеректегі жыршылар «Едіге» жырын толық айтқандардың өмірі қысқа болыпты деген әңгіме бар.Толық жаттауға ешкімнің батылы жете бермейді.
— Жеке шығармашылық кешіңіз өтті ме?
— Елу жасқа толғанымда ел азаматтарының қолдап-қолпаштауымен шығармашылық кешім өтті.Жалпы, кездесулерге шақырып тұрады. Арал аудандық Мәдениет үйі жұмыс жасаған жерім ғой, жыл сайын жеке шығармашылық кешімді өткізуге өздері өтініш жасайды. Соны қанағат тұтамын.
— Абырой марапат пен атаққа байланысты ма?
— Мен мәдениет саласында емес, мұнай саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан адаммын. Үлкен республикалық жыршы-жыраулар сайысы өтетін кезінде басшылыққа хат жазып, шақыртып алады. Сондай кезде ғана көздеріне түсемін. Мен атақ алайын, маған атақ береді деген ой миыма кіріп шықпапты. Өздері ұсыныс жасаса, оған қарсы емеспін.Мен үшін ең бастысы — жүректегі жалынымды жыр жолдары арқылы жұртшылыққа жеткізу, халқыма рухани нәр беру. Тыңдаушым барда мәртебем төмендемесіне сенемін.
Сұхбаттасқан Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.