Асқазан ауруы азаймай отыр
Статистикалық мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда еліміздегі әрбір екінші тұрғын асқазан ауруынан зардап шегеді. Мамандардың сөзіне қарағанда, ауру-сырқаудың 70 пайызы, өлім-жітім көрсеткішінің 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болатын көрінеді. «Ауру — астан». Десек те, кейбір адамдардың тұрыс тамақтана бермейтіні шындық. Мұның соңы ас қорыту жұмысын бұзып, асқазан ауруына душар етеді.
Қазір көбінесе бұл аурудың ішінде асқазанның қабынуы, асқазан жарасы, асқазан рагы жиі кездеседі. Асқазан қабынуының жедел және созылмалы түрі бар. Жедел қабыну кейбір дәрілерден, арақ-шараптан, шай, кофені қою ішуден, ыстық немесе суық тамақ жеуден әрі астан уланудан пайда болады. Бұл кезде науқастың жоғары құрсақ тұсы жайсызданады, жүректің айнуы, құсу және іш өту байқалады. Асқазанның созылмалы қабынуы жедел қабынудың жазылмай қайталануынан туындайды. Ол аш ішек сөлінің кері ағуынан, ұзақ уақыт ішімдікті, дәрілерді пайдаланудан, бактериялық қабынудан, т.б. болады. Науқастың бойында кекіру, ащы запыран келу, жүрек айну, құсу, арықтау және қаназдық белгілері байқалады. Ауруды арнайы құралмен анықтайды. Ауру адам тағам, демалыс режимдерін сақтап, асқазан сөлін тежейтін дәрі-дәрмектер ішуі керек. Асқазанның ойық жарасы маусымға байланысты өршіп отырады. Көбінесе тамақтанғаннан кейін бір-екі сағат ішінде науқастың жоғарғы құрсақ тұсы ауырады. Бұл кезде ауруды емдеу үшін тұз қышқылын бейтараптайтын дәрілер қолдану қажет.
Сағыныш НҰРБАЕВ,
Ақтөбе қаласындағы №2 қалалық емхананың терапевт дәрігері.



