Ұлттық қор — балаларға

Тәттігүл ТАЛАЕВА, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы жарияланған Парламент палаталарының бірлескен отырысына Сенат және Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдар басшыларымен қатар, Ұлттық құрылтайдың, адам құқықтары жөніндегі комиссияның, әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, қоғам мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты. Мен де Жолдауды сол жиында тыңдадым.
Жолдау өмірдің барлық салаларын қамтыды. Айталық, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі жалақының мөлшері өсіп, 85 мың теңге болады. Жолдауда атап көрсетілгендей, бұл 1 миллион 800 мың адамның, соның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.
Президент әсіресе автомобиль жолдары құрылысы саласының проблемаларын,жолдар құрылысыныңсапасысын көтермейтінін айрықша айтты. «Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі — осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет», — деді.
Жол салуда міндетін адал атқармаған компаниялар заң бойынша жауапқа тартылады. Осыған байланысты бақылау күшейіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылданатын болады.2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу міндеті де алға қойылды.
Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру барысында елімізде жүргізілетін реформалардың басты мақсаты— экономиканың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу. 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр.
Сонымен бірге«Жайлы мектеп» жобасының аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Ал қазір ауылдық жерлерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор — балаларға» жобасынан да үлкен үміт күтеміз. Бірнеше айдан кейін, яғни жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды.
Қорыта айтқанда, ел игілігі жолында көптеген жұмыстар жасалып жатыр және олар жалғаса береді. Ал сіз бен біздің міндетіміз — игілігін бүкіл халқымыз, ертеңгі ұрпақ та көретін осы істерден шет қалмай, өз үлесімізді қосу.