Пікір

Болашаққа салынған үлкен инвестиция

Ел Президенті халыққа арнаған кезекті Жолдауында бірнеше өзекті мәселеге тоқталды. Соның ішінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты жақсы айтты.

Айталық, өзім кәсіпкер болғандықтан, мемлекет басшысының орта және шағын бизнес субъектілерін негізсіз тексеруді қысқарту керек деген пікірі ұнады. Шынында, құқық қорғау органдарының рейдтік жұмыстары соңғы уақытта жиіледі. Бұл айналып келгенде бизнеске бет бұрған азаматтарға қай жағынан да кесірін тигізеді. Ал осы салада еңбек ететін қазақстандықтардың аз еместігін ескерсек, осы тапсырмадан соң оң өзгерісті көпшілігі сезінеді ғой деген ойдамын.

5 баланың әкесімін. Қасым-Жомарт Тоқаевтың«Ұлттық қор — балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды» деген сөзі қуантты. Бұл — біздің болашағымыз — балаларға салынған үлкен инвестиция. Өз тарапымнан балаларға, соның ішінде дарынды, оқуда озат ұл-қыздарға қамқорлық күшеюге тиіс деп есептеймін. Мәселен, белгілі бір себептермен ҰБТ-дан төмен балл жинаған немесе грантқа іліге алмай қалған жастарымыз көп. Солардың арасынан толық емес, әлеуметтік жағдайы төмен, отбасылардан шыққан балаларға жеңілдік жасалса, тіптен олар оқу ақысын төлеуден босатылса деген ұсыныс-тілегім бар. Егер білімді, алғыр, бірақ әлеуметтік жағдайы осал түлек болса, неліктен оған сондай жеңілдік жасамасқа?! Талапты жас ертең-ақ елдің үмітін ақтайтынына сенімім кәміл, тек қолдау керек.

Сондай-ақ Жолдауда жол, жұмыссыздық, ауылды дамытуға қатысты мәселелердің көтерілгені дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, шынында да, бұл түйткілдер елімізде ерекше өзекті.

Бір айтарым, көпшілік сияқты мен де Жолдаудан тек жақсылықтар күтемін. Талай ұсыныс, тапсырмалардың енді іс жүзінде көрініс табуын тілеймін.

Наурызбек САРБАСОВ,

облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер.

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button