Базарбайы еді ауылдың

Әр ауылдың ел аузына қараған азаматы болады. Олардың көпке жанашырлығы, жақсы істердің бастаушысы болып жүретіні жан жадыратады, жалпы жұрттың мерейін көтереді. Өзіміз талай ілгері ісіне куә болған, тіршілікте сыйласқан аға-дос, арғы тегін айтсақ, жүзжылдықты болжаған Мөңке бидің асыл ұрпағы Базарбай Сәрсенов те сондай сиректердің бірі еді…
Өкінішке қарай, кешегі бірер жылдық ауқымындағы жан шошытар дүрбелең кезең қармағына ол кісі де ілігіп, ортамыздан кете барды.
Асқар тау алыстаған сайын биіктейтіні тәрізді, саналы азаматтың жарқын тұрпаты бірте-бірте жарқырап, көкіректе сағыныш сезімін орнықтырғандай. Шалқар ауданында Крупская атындағы ұжымшар аумағында дүние есігін ашқан Базекең жасы оннан енді асқанда әкесі Жақсылықтан мәңгіге көз жазып қалды. Анасы Жамал отағасы аманатын бойтұмар етіп, төрт ұлды жеткізу мақсатында ұжымшардың біріне-бірі ұштасып жататын мехнаты көп қара жұмысына жегілді. Аллаға шүкір, перзенттері әкесі барлардан кем болмау ниетін ұстанып, мектептегі оқуын да үлгерді, ауылдағы алуан шаруаны меңгеріп, ағайын-туыстың құрметіне бөленді. Сол төртеуден үлкені Қуанышбай (тұрғылықты халық көбіне-көп Тәтебай деп те айтады) ғана ортамызда жүр, механизатор, трактор бригадасының бригадирі болды, кеңшарда ферма басқарды. Ауылдың жасы 80-нен асқан батагөй қариясы.
Бір қуаныштысы, Қуекең ағамыздың, дүниеден озған Базарбайдың, Шүйіншібайдың, Кенжебайдың соңында бой-басы түзу, адал еңбекпен ержеткен әдемі ұл-қыздар өсіп-өніп, тіршілік көші сәтімен жалғасуда.
Журналистік қызмет ретімен бұрынғы бірнеше ұжымшар негізінде біріктірілген «Бершүгір» кеңшарында сан мәрте болғанымыз рас. Сонда қасында менің нағашым Кенжебай Сүйеумағанбетұлы бар, Базарбай ағаны қайнаған тірліктің бел ортасынан көруші едік. Осындағы сегізжылдық мектепте математика пәнінің жілігін шағып, майын ішкізген ұстазы Мырзаберген Әбдіғалиевтен үнемі «бестік» баға алған, шахмат үйірмесіне үзбей қатысып, зияткерлік өнерді біршама меңгерген кейіпкеріміз сегізжылдық білімнің куәлігі қолға тиген бойда Ақтөбе кооператив техникумының есеп бөліміне маңдай тіреді. Диплом қалтада, жолдамамен Жұрын аудандық тұтынушылар қоғамының кеңсесінде есепші-ревизор қызметін екі жыл атқарды. Анасына сүйеу болу ниетімен туған өңіріне — «Бершүгір» кеңшарының 1 фермасына есепші болып ауысты. Жалғыз келген жоқ, қасына Жұрынның аруы Нұржамал Бірманованы сыңар етіп, анасы Жамалды, бауырларын, ағайын-туыстарын қуантқаны және бар.
Ата-бабадан ұрпаққа жеткен «Жетім қозы тасбауыр, түңілер де отығар» деген тәмсілдің ақиқаттығынан Базарбай аттап кеткен жоқ. Жетімдіктің кермек дәмімен жалаңаяқ бұзау бағып, қозы қайырған ол кеңседе шіреніп отырмай, басшылық қайда жұмсаса да мұқияттылығымен, табандылығымен көзге түсті: қой қырқымына, көктемгі сақпанға, шөп тасуға, басқа да науқандық жұмыстарға белсене қатысты.
Бесаспап маманның қабілеті дер кезінде бағаланып, 1976 жылы 1 ферма басқарушылығына тағайындалды. Бұл қызметті үзіліссіз он үш жыл атқарып, ұйымдастырушылық қабілетін, адамдармен тіл табысу шеберлігін көрсетті. Нәтижесінде ферма науқандық жұмыстар қорытындысымен аудан бойынша алдыңғы қатардан орын алды.
Кеңшар директоры Елемес Жумин қарауындағы жас мамандардың қабілет-қарымына зейін қойып жүретін. Сол қасиетімен Базарбай Сәрсеновті өзіне шаруашылық жөніндегі орынбасар қызметіне шақырды. Сөйтсек, көптен көкейінде жүрген ізгі ниетпен кеңшар орталығы Қайыр ауылына (қазіргі Мөңке би ауылының сол тұстағы атауы) табиғи газ желісін тартуды ойлаған екен. Айтуға оңай бұл шаруаның қиямет-қайымы жетерлік болып шықты. Кеңес Одағы кезінде мұндай күрделі мәселенің түйіні Мәскеу арқылы шешілетін. Құзырлы органдардың рұқсатын алу, жобалау-сметалық құжаттарды дайындау, есеп-қисапты реттеу, қажетті материалдар қорын жасақтау — бәрінде де директордың шаруашылық жөніндегі орынбасарының іскерлігі қажет екені байқалды. Базарбай осылайша Мәскеу, Свердловск, Алматы қалаларына іссапарға шығып, апталап-айлап жүруге мәжбүр болды. «Өзіміздің Ақтөбеге бару үйдің қасындағыдай болып қалды ғой» деп күлетін марқұм. Тынымсыз жүріс-тұрыс қарымтасын қайтарды — Шалқар ауданындағы ауылдардың алдыңғы сапында Қайыр ауылының тұрғындары көгілдір отын игілігін көріп, көмір жағу, күл шығару бейнетінен құтылды. Оны айтасыз-ау, әлеуметтік қызмет нысандарының (мектеп, клуб, дәрігерлік амбулатория, кітапхана, т.б.) тірлігіне қан жүгірді, ауылға өзге өңірлерден көшіп келушілер легі ұлғайды. Ақиқатын айтайық, директор Елемес Жуминге үлкен бедел әкелген істің бірі осы болды.
Кеңшар таратылды, былайғы жұрттың бірқатары дағдарып қалды. Қашанда сергек, жинақы жүретін Базарбай Сәрсенов дүр сілкініп, көрші Мұғалжар ауданының аумағынан жер алып, арпа, бидай, тары егуді ұйымдастырды. Тәңірім ниетін қабыл алғаны ғой, егістік алқап тым-тәуір өнім беріп, ауылдастарының жеке малына жем таратылды, сабан тайланып буылып, малға азық ретінде түсірілді. Базарбай елдің батасымен тағы да көгерді.
Халқымыз жоғары бағалаған киелі жеті қазына бір Базекеңнің бойынан табылатын. Жүйрік ат, ұшқыр тазы, нысанаға дөп тигізетін мылтық, үйінде кең жайылған шұрайлы дастарқан азаматымыздың абыройын асқақтата түсті. Оның үстіне сұлу да ақылды, қимыл-қозғалысы орнықты Нұржамалды кезіктіргенін қарасайшы! Екеуінің бауырынан өрбіген алтын асықтай балалары Қайрат, Жәнібек, Дамиға, Венера, Жанбатыр, Қанат салиқалы сөзімен, биязы мінезімен, жағымды ісімен қиялын көкке өрлетті.
Мен домбырашы, әнші, қолы жомарт, аңшылықтан алдына жан салмайтын Базекеңнің қасынан нағашым, осы заманның сал-серісі Кенжебай Сүйеумағанбетұлын көріп, марқаятынмын.
1980 жылы жазға салым Шалқар қаласының іргесіндегі ипподром алаңында шопандар тойы өтіп жатты. Қыстың ауыр бейнетін кейінде қалдырған жамағаттың көңілі көл-көсір. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер, бірімен-бірі сағыныса қауышқан адамдар, ар жағында бүкпе жоқ, құлаққа жағымды күміс күлкілер, буы бұрқыраған самаурындар, оты маздаған жер ошақтар. «Бершүгір» кеңшарының қатар тігілген екі киіз үйін бетке алып келеміз. Қасымда Мұқанбетәли, Иманияз, Әкімжан, Дәулетияр, Орынбасар, Аманғос. Дастарқанда отырғанымыз сол, Базарбай мен Кенжебай домбыраға қосылып, «Мойынқұмда жайлауым» әнін шырқай жөнелді. Жабықтан сығалаған қыз-келіншек. Сонда «Мәдениет министрі» атанып кеткен, әншейінде көп ішін бермейтін Әкімжан Дүйсенбаевтың:
— Е-е, Ришат-Мүсілім Абдуллиндер мұнда жүр екен ғой, — дегеніне шалқып-тасығанбыз. Ол күндер де келмеске кете барды.
Сол тойда бершүгірліктердің бәйгеге қосқан жүйрік аттары бірінен соң бірі мүше тістеп, мәреге жеткенде жұртшылықтың аузынан «Мұны да ұйымдастырған Базарбай мен Кенжебай ғой» дегенін естігенбіз.

Нағашым сыңарынан айырылғанына қамығулы пейілімен бір әңгімесінде 1982 жылдың ақпан айында Коммунистік партия қатарына қабылданғанын тебірене айтып еді. Ол кезеңде қолға түсе бермейтін қуаныштың бірі. Тағы бір сөзінде қора іргесінде күшіктеп жатқан ала қаншық тазыны қасқырлар алып кеткенде екеулеп соңына түскенін еске алғаны бар. Бірер күн бұрын дала бөрілері Күмісбай мен Бадаштың аңға салған иттерін бөктеріп кетіпті.
— Сонда біз екі жақтап әлгі қасқырлардың ізіне түсіп, ұзатпай атып алдық, олжалы күйде Көксудың тұсында қауышқанбыз,— деді Кенжебай.
«Жігіттің сырттаны» атанған, сегіз қырлы, бір сырлы Базарбай Сәрсеновпен менің соңғы кездесуім 2019 жылдың 2 қарашасында Алматы қаласында болды. Оңтүстік астанамыздың Алатау ауданына қарасты аумақта үлкен көшелердің біріне Мөңке бидің есімі берілу салтанатына қатыстық. Облысымыздан барған топтың құрамында Жұманазар Асанов, Аманғали Мұханбетуллин, Кенжебай Сүйеумағанбетұлы, Еркін Қадір, Жеткерген Елемесов, Мұханбетсағыр Еркешев, Қанатбай Елеусізұлы, басқа да бір топ азаматтар бар. Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Бибігүл Иманғазинаны, журналист Мақсат Дүйісмағанбетовті, Алматы қаласындағы «Тілеу-Қабақ» қорының тең төрағалары Бақытжан Қосановты, Иманбай Жұбаевты, басқа да зиялы қауым өкілдерін кездестіріп мәз-мәйрам болдық. Театрландырылған көрініс, репертуары бай концерт, ғылыми-теориялық конференция көңілімізді көтерді. Сонда ерлі-зайыпты Базарбай-Нұржамал Сәрсеновтер балаларын жұмылдырып, үлкен мейрамханада ас берді. Аз-кем әңгімесінен ұққанымыз — ұл-қыздарының ұйғарымымен Астана қаласына көшіп барыпты.
Сол жүздесуден кейін жарықтық дүниеден өтерін сезді ме, балаларына Шалқар ауданындағы Мөңке би ауылында исі қазақ табынар тұлға, ұлы бабасы Мөңке би Тілеуұлының рухына бағыштап, мешіт салуды аманат етіпті. Есті ұрпақ өздерін баулып, түзу жолға салған әке өсиетін жерге түсірмей, осы замандық үлгіге сай ғибадатхана салып бітірді, ресми ашылу салтанатын 15 қыркүйекте Мөңке би ауылында өткізу белгіленді.
Абзал азаматтың рухына тағзым тұрғысындағы жазбамызда игі шаруаның басы-қасында жүрген қыздары Дамиға мен Венераға, күйеубалалары Ғалымға, Тұрарбекке, ұлдары Жанбатыр мен Қанатқа, келіні Гүлдәуренге шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Осы игі іске қолдау білдірген Базекеңнің басқа да ұрпақтарын асыл азаматтың рухы қолдап жүргей!
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.



