Тағзым

Ескерткіш тақта ашылды

Хромтау ауданыныңТабантал ауылында ҚР Конституциясы күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері, осы елді мекенде 30 жылдам астам ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарған Жалғас Дүйсенбинге ескерткіш тақта орнатылды. Тақта кезінде өзі бастамашы болып салдырған қазіргі ауыл әкімдігінің қабырғасына ілінді.

Жалғас ДүйсенбинЕкінші дүниежүзілік соғыс жылдарында —1943 жылдың қаңтарынан 1950 жылдың сәуіріне дейін әскер қатарында қызмет еткен,

«Кавказды қорғағаны үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», басқа да медальдар мен көптеген марапаттарға ие болған. Ол аудан, облыс жұртшылығына кеңінен танымал тұлға еді.Соғыстан елге келгеннен кейін бухгалтерлер курсында оқып, білім алып, есепші, ауылдағы партиялық ұйымның хатшысы, ферма басқарушы, ауылдық кеңестің еңбекші депутаттар атқару комитетінің төрағасы, аудандық кеңестің депутаты, т.б. басшылық қызметтерде еңбек етті.

Жалғас Дүйсенбин зайыбы Гүлжанмен бірге 12 бала тәрбиелеп өсірді, бүгінде балалары қоғамның әр саласында абыройлы еңбек етіп жүр.

Табантал ауылында өткен іс-шараға осы елді мекенге әр кездері жас маман болып келген, бүгінде басқа жаққа қоныс аударғандар жиналып,Жалғас Дүйсенбинмен бірге еңбек еткен жылдарын, ол кісінің тәрбиелік үлгі-өнегесін айтып, естеліктерімен бөлісті. Олардың қатарында осы елді мекенде 15 жыл мектеп директоры болған Мерғали Кереев, зоотехник болып еңбек еткен Асқар Сейілханов сынды азаматтар бар.

«Жалғас Дүйсенбин от тілді, орақ ауызды, аталы сөзді ретімен айтатын, сөзге шебер кісі еді. Ауызында астарлы әзілі бар аға елдегі тентектерді жөнге салып, дұрыс жолға бағыттайтын», — деп еске алды көзін көргендер.

Аталған іс-шараға облыстық маслихат төрағасы Гүлқасима Сүйентаева, Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Ашабаев, ауыл ақсақалдары қатысты.

Жалғас Дүйсенбиннің ұлы Кеңес Дүйсенбин, немересі Дәулет бастаған ұрпақтары ұйымдастырған іс-шара өте жоғары деңгейде өтті.

 Арынғазы БЕРКІНБАЕВ,

Хромтау, Мұғалжар аудандарының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button