Әділетті Қазақстан және адал азамат ұғымдары — егіз құндылық

Айгүл ДҮЙСЕНОВА, облыстық мәслихаттың депутаты, әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларды жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру жолында нақ бүгінгі күні алда тұрған үлкен міндеттерді айқындап берді. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің зор экономикалық серпіліс жасауға толық мүмкіндігі бар және осы мақсаттағы жұмыстар батыл жүргізілуі қажет.
Осы Жолдауда мен әсіресе Президенттің бюджет саясатына қатысты пікірлеріне ерекше ден қойдым. Қазіргі таңда бюджет үдерісінің ашықтығы, оған қатысушылардың жауапкершілігі күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелердің біріне айналды. Президент бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгертудің де өте өзекті мәселе екеніне, сонымен бірге жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру қажеттігіне айрықша тоқталды.
Былтыр біздің облыстың бюджеті 429 миллиард теңге болса, биыл 209 миллиард теңгеге артып, жалпы мөлшері 638 миллиард теңгеге жетті. Бұл да бюджет саясатының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижелерінің бірі деп білемін. Ал бұл бағыттағы жұмыстардың алда жалғасын тауып, қандай нақты істер, қадамдар арқылы жүзеге асырылатыны осы Жолдауда егжей-тегжейлі айтылды.
Әр өңір, әр елді мекенде сол жердің өзіне тән, жедел шешілуге тиіс мәселелер бар. Сондықтан алда аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру, сондай-ақ жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын да аймақтардың өзіне беру мәселесі қарастырылмақ. Бұл қадамдардың түпкі нәтижесі — аймақтардың табысты дамуына жол ашу, ықпал ету. Өз кезегінде бұл мемлекет іргесінің нығая түсуіне, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.
Осы Жолдаудағы көрсетілгенміндеттер үш жыл ішінде орындалуы қажет, ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітілетін болды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер… Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады», — деп орынды атап өтті. Расында, ел ең алдымен өз азаматтарының адалдығы, жанашырлығы, еңбекқорлығы, жауапкершілігі арқылы өркендеп, дамиды. Сондықтан да әрбіріміз өз ортамызда Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдарын егіз құндылық ретінде дәріптей, насихаттай жүрсек деймін.



