Ауыл

Мұғалім жаңа кәсіп бастады

 Алға ауданы Маржанбұлақ ауылындағы орта мектептің мұғалімі Роза Есжанова «Ауыл аманаты» жобасы аясында жаңа кәсіп бастады.

Мереке күні ауылдастарына балмұздақ, шырын ұсынуды бастаған «Айналайын» дәмханасына біз де бас сұқтық.

— «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге өтініш білдіріп, 4 миллион теңгеден астам қаражатқа екі жобаны бастап жатырмыз. Біреуі — балмұздақ, екіншісі — шырын өндіру бизнесі. Ауылымыз облыс орталығына жақын болғанымен, ауыл тұрғындары қалаға күн сайын бара бермесі анық. Сондықтан ауылдастарыма қалада ғана сатылатын дәмі тіл үйіретін балмұздақтың бірнеше түрін ұсынуды жөн көрдік. Мысалы, қуырылған, яғни ролл-балмұздақ жеп көрдіңіз бе? Жемесеңіз, біздің дәмханаға келіңіз. Екінші жобамыз — жеміс-жидектер мен көкөністерден сығып алынатын шырын бизнесі. Әзірге жеміс шырынын ғана жасап көріп жатырмыз. Болашақта асқабақ, сәбіз секілді көкөністерден тәтті шырын жасау ойда бар. Әйтеуір, денсаулыққа пайдалы шырындарды ұсынып, тиімді тамақтануды насихаттаймыз, — дейді Роза Есжанова.

Көпбалалы ана «Ауыл аманаты»ауыл тұрғындарына беріліп отырған үлкен мүмкіндік екенін айтады.

— Бұл жобаға мұғалім қатыспасын деген шектеу жоқ. Сондықтан бизнес- жобамды ұсынып көрдім. Әріптестеріме еш қысылмаңыздар деймін, ойлап жүрген жоба болса, талаптанып көруге еш кедергі жоқ, —  дейді Роза Есжанова.

Бұл отбасы ізденімпаздығымен таңғалдырды. Ең әуелі балалары ауылдастарына компьютермен мәтін теру, принтерден шығару, көшірме жасау секілді қызметтер көрсетеді. Одан соң Роза Сағынышқызы жолдасымен бірге балаларын қолдау үшін ізденіп, «Даму» бағдарламасына қатысып, 16 пайызбен несие алып, кеңсе тауарларын сататын шағын дүкен құрылысын салады. Бір қызы «Jas Projekt»жобасына қатысып, бір миллион теңге көлемінде грант ұтты. Осы үйдің тағы бір қызы Асыл бүгінде Алматыдағы «Тұран» университетінде «Мейрамхана ісі, қонақ үй бизнесі» мамандығында оқып жатыр. Оның мақсаты — мейрамхана ісін қолға алу.

— Дәмханамыздың атын марқұм атамыздың рухы қолдап жүрсін деп, «Айналайын» деп атадық. Өйткені ол кісі балалары мен немерелерін үнемі айналып отыратын. Бөтен тілге аударуға келмейтін бұл сөздің мағынасы зор.Атамнан естіген осы бір жылы сөзді дәмханаға қоюдың себебі — осы, — дейді Роза Есжанова.

Балмұздақ пен жеміс шырыны — маусымдық өнімдер. Десек те ауылда сұраныс бары көрініп тұр. Себебі мектепте мыңның үстінде оқушы бар. Сонымен қатар ауылда екі балабақша жұмыс істейді. Балалардың бәрі балмұздақ пен шырын жақсы көретіні белгілі…

Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі Мейіржан Еламанның айтуынша, округтегі екі ауылда 3910 тұрғын бар. Оның 3646-сы округ орталығында тұрады. Ауыл тұрғындары, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады, кейбірі бау-бақша, жылыжай ісін дамытып отыр.

— «Ауыл аманаты» жобасына 44 тұрғын өтініш білдіріп, 30 жоба мақұлданды. Бүгінде 8 жоба бойынша тиесілі қаражат талапкерлердің есепшоттарына түсті, екеуі ісін бастап жатыр, — дейді Мейіржан Еламан.

Маржанбұлақ — облыс орталығына жақын орналасқан ауылдардың бірі. Тіршілігі қайнап жатқан ауылға сырттан көшіп келушілер жетерлік. Сол себепті ауылда 300 орындық жаңа мектеп  бой көтеріп келеді. Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Маржанбұлақтың 8 көшесіне асфальт төселіп, қалған қосымша көшелерге қиыршықтас төгілген. Округ әкімінің айтуынша, 80 үйі бар Қайыңдысай ауылына ауызсу құбырытартылып жатыр, сондай-ақ жаңадан салынып жатқан үйлерге жарық жүргізілмек.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button