Ауыл

Тұрғындармен кездесті, шаруашылықтарды аралады

Ойыл ауданына «Ауыл аманаты» жобасының жұмыс тобы келіп, ауыл тұрғындарымен кездесіп, несиелеу шарттары, кооперация құру механизмі мен жобаның тиімді тұстарын түсіндірді. Сондай-ақ топ өкілдері жобаға қатысушылардың жұмысымен танысты.

Облыстық мәслихаттың депутаттары Талғат Салфиков пен Естай Сисенбаев бастаған жұмыс тобының өкілдері бағдарлама аясында жобалары алғашқылардың бірі болып қолдау тауып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алған Саралжын ауылдық округі Бестамақ ауылының тұрғыны Серікбай Жұмағалиевтің шаруашылығында болды. Кәсіпкер өз шаруашылығын дамыту жоспарымен бөлісті.

Одан кейін топ өкілдері Бестамақ ауылының тұрғыны Асылбек Нижанов пен Мейрамгүл Бақтыгерееваның отбасындағы шаруашылыққа барды. Аталған жоба бойынша несие алған отбасы бүгінде құс және сүт өнімдерін өндіріп отыр. Мейрамгүл несиеге сиыр сауатын аппарат пен өзге де жабдықтар сатып алған. Қазір ол 15 сиыр сауып, күніге 60 литрге жуық сүт алады. Одан қаймақ, май, құрт, сүзбе, майқұрт, айран дайындап сатады.

Бестамақ ауылының тұрғындарымен кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Рақым Қарабалиев ауылдың берекесі туралы әңгіме қозғаса, мамандар жеңілдетілген несие шарттары, жұмыссыздықты жою, жеке кәсіп ашу арқылы табысты көбейту мәселелерін көтерді.

Жұмыс тобының сапары одан кейін Көптоғай ауылдық округінде жалғасты. Облыстық жұмыс тобының мүшелері осы округтегі «Ауыл аманаты» жобасына қатысушы Қарлығаш Батырбекқызымен тілдесті. Ауыл тұрғыны жоба аясында 2,5 пайызбен 4 миллион теңге несие алған. Бұл қаржыға қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, қазір сүт және жартылай дайын өнімдер дайындап жатыр. Кәсіпті бастағанына бір айға жуық уақыт болған.

Қарлығаштың айтуынша, округте құрт, қаймақ, майқұрт, балқаймаққа сұраныс жоғары. Тартылған ет пен тұшпараны да сұрайтындар көп екен. Ол жартылай дайын өнімдерін — «Адал ас», сүт өнімдерін «Адалmilk» деген атаумен шығарып жатыр.

Ауыл тұрғындарымен кездескен топ мүшесі, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Мереке Бисембин кәсіп ашқысы келетіндер  үшін «Ауыл аманаты» жобасының берер мүмкіндігі мол екенін жеткізді.

Мұндай келелі кездесулер Көптоғай ауылдық округінің Амангелді ауылында және Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округтің орталығы Қаратал ауылында да өтті. Кездесуден мол мағлұмат алған ауыл тұрғындары мамандарға сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.

Сапар соңында жұмыс тобының мүшелері «Спарта» және «Тәжібай-АГРО» ЖШС-ның бау-бақша және тары алқаптарында болып, Амангелді және Қаратал ауылдарын көктемгі су тасқынынан қорғау үшін салынып жатқан дамбыларды көрді. Сондай-ақ мал азығын дайындап жатқан шаруалармен тілдесті.

 Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button