Мәдениет

Мақпал ЖҮНІСОВА, Қазақстанның халық артисі: Ақтөбе дегенде ойыма алдымен Бәкір аға оралады…

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақпал Жүнісова бізге берген сұхбатында алдағы мерейтойына дайындық, осыдан 25 жыл бұрынғы Ақтөбедегі гастрольдік сапардағы естеліктер, сахнадан тыс тіршілігі, т.б. туралы айтып берді. Газет оқырмандарына ізгі тілегі жазылған қолтаңбасын қалдырған әншімен әңгімеміз төмендегідей өрбіді:

— Бұрынғыдай емес, гастрольдік сапармен өңірлерге жиі шықпайтын сияқтысыз. Мысалы, Ақтөбеде соңғы рет 2019 жылы шығармашылық кешіңізді өткізіпсіз…

— Биылдыққа өзім қызмет ететін Роза Бағланова атындағы мемлекеттік «Қазақконцерт» ұйымындағы әріптестеріммен Ақтөбеге жол түсті. Дәм бұйырып, бір топ өнерпазбен бірнеше ауданда да концерт қойдық. Ұжымдық концерт болғандықтан, 5-6 әнді ғана орындадым. Халықтың қабылдауы жақсы. Әсіресе Бәкір аға Тәжібаев әнге қосқан Қобда ауданының халқының қошеметі ерекше болды. Ақтөбеден шыққан Бәкір ағаның бірқатар әні репертуарымда бар. Соның ішінде «Ақбұлақ», Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметоваға арналған «Қос шолпан» әндері тыңдарманыма жақсы таныс. Осы орайда «Ақбұлақты» 3-сыныпта оқып жүргеннен шырқайтынымды айтқым келеді, кезінде автордың батасын да алғанмын. Өлмес туындыларды жарыққа шығарған талантты адам ғой, қаншама керемет әндері бар. Ақтөбе десе, ойыма Бәкір аға, сосын қазақ музыкасында орны ерек Ахмет, Ғазиза Жұбановтар еске түседі. Өзім бала кезімде республикалық Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектепте оқығандықтан, көрнекті композиторға құрметім бөлек. Жалпы, әнсүйер қауымға бұл кісілердің есімі жақсы таныс қой.

Ал жеке концертке келсек, шынымен, арада 4 жыл өтіп кетіпті. Оған себеп — ұйымдастыру жағы кемшін. Мен де соның әсерінен тартыншақтап жүріп қалыппын. Өйткені бұның машақаты көп, бәрін өз деңгейінде атқара білу керек.

Бірақ осындағы көрермендерім «инстаграмым» арқылы (әлеуметтік желідегі парақшасын айтады — А.Т.) үнемі шақырып жатады. Әңгіменің ашығы, ешкіммен қоян-қолтық жұмыс істемегендіктен, концерттік директорым немесе продюсерім болмағандықтан, осы жағынан қиындықтар болып тұрады.

Өткенді аңсап отыр демеңіз, бірақ ертеректе әр облыстың мәдениет саласына жауапты басшылары хабарласып, халықтың көңілін серпілтіп, кең көлемдегі концерт ұйымдастыруға ықыласты болатын. Солармен келісімшарт жасасып, күніне 5 концертке дейін өткізетін едік. Әлі есімде, осыдан 25 жыл бұрын Қобда ауданын аралап, мәз-мейрам болғанымыз бар. Сол кезде түсірілген суреттерді парақшама жіберіп, есте қалған оқиғаларын жазатындар әлі күнге кездеседі. Бұл бізге, өнер адамдарына жақсы көңіл күй сыйлап, шығармашылығымызды шыңдай түсуге сеп болады. Қазір бір концерттің өзін ыждаһаттай алмайды. Бұл жерде мен концертіме көрермен жинап бер болмаса қосымша ақы төле деп тұрғам жоқ. Тек жарнама жағын келістіріп, ұйымдастырушылық жұмысты атқаруды айтып отырмын. Әйтпесе бүгінге дейін кейбіреулер сияқты билеттерді мәжбүрлеп сатып, залға «массовка» жинауға түбегейлі қарсымын. Концерттерім онсыз-ақ аншлагпен өтеді.

— Ешкіммен жұмыс істемейтініңізді айтып қалдыңыз. Сіздей белгілі адам бәріне қалай үлгереді? Шығармашылық жұмысты есептемегенде, үйдің шаруасы бар…

— Зәкең (Заманбек Нұрқаділовті айтады — А.Т.) кезінде «Саған көлік жүргізіп не керек?!» деп автомектепке баруыма рұқсатын бермеген. Қанша жылдан бері менімен жұмыс істеп келе жатқан көлік жүргізушім бар. Содан басқа қарамағымда ешкім жоқ, үй шаруасына қызым Мерей көмектеседі. Үш қабатты үйді сол екеуміз кезектесіп жинаймыз (күліп). Концерттік директор, оққағар, көмекші, жалпы ешкімге сенбеймін. «осы адам дұрыс-ау» деген қыз-келіншектердің өзі ақырында көңілімді қалдырды. Отағасым да үйде бөгде біреудің жүргенін жаратпаушы еді.

Мен ешкімге зияны жоқ адаммын, тыңдармандарым көп болса, «суретке түсейікші» деп жібермес. Оған етім үйренген.

— Көшеде бәрі танып, жан-жағыңыздан қаумалап алса не істейсіз? Танымалдылықтың жағымсыз тұстары бар ма?

— Үлкен сахнада 40 жылдан астам уақыт жүргендіктен, бұны қалыпты құбылыс ретінде қабылдаймын. Әр кәсіптің өзіне тән қиындығы болады ғой, сол сияқты әншіліктің де сондай тұстары бар. Айтылар сын көп. Мәселен, үйдің қасындағы дүкенге нан алуға барсам да,бетімді әрлемей, көпшілік сияқты қарапайым қалпыммен шыға алмаймын. Тым құрығанда көзімді бояймын. Әйтпесе «Масқара, мына Мақпалға не болған?» — демей ме халық? Оларға біз әрдайым экрандағыдай әп-әдемі түрімізбен көрінуіміз қажет. Сол сияқты сенің атақты болғаныңды көре алмай, тасада тұрып тас ататындар көп. Қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды, ойына келгенді жазып кетеді. Жаман пиғылмен «хат жазатындардың» денін танымаймын да, жүзбе-жүз көрмеген адамдар, мысалы. Соның бәрін оқып, мән бере қарасаң, тіптен жүрегің ауырады. Соңғы жылдары ондайға назар аудармайтын болдым.

Жалпы, мен Құдайдан ғана қорқатын адаммын. Еліміздің қай түкпірінде де емін-еркін жүре беремін. Алматыда да аптасына кемінде бір рет «Көк базарға», ательеге, басқа да жерлерге бару — мен үшін кәдімгідей дәстүр.

— Ал тойға қаншалықты жиі шығасыз?

— Той әншілердің негізгі табыс көзі екенін көпшілігі біледі. Әйтпесе Үкіметтің жұмысынан алатын 300 мың теңгені қайда жеткіземін? Жердің шалғайлығына қарамастан, алдын ала келісілген отырыстарға да барамын. Рас, менің жасымда әрі-бері ұшу оңай емес, бірақ амал жоқ. Десек те, ақшаның түбіне ешкімнің жетпегені белгілі, шектен шығып, той қуып кетуге тағы болмайды.

Мерей екеуміз ылғи жатарда: «Алла тағала, халық аман болсын, бізді тойға шақырып тұрсын» деп тілегімізді айтамыз. Сол тілегіміз қабыл болады-ау, ертеңіне жұрт хабарласады ғой (рахаттана күліп алды).
— Осы орайда сіздің ән жазатын қабілетіңіздің барын естідік…

— Өзім шығарған он шақты әнім бар. Бірақ бұны жарияға жар салып, «сазгерлік қырым бар» деуден аулақпын. Өйткені ұлы композиторлардың әндерін орындағасын, өзімді олармен қатар қойғым келмейді. Екіншіден, композиторлықты оқыған жоқпын. Әр адам өзінің қолынан келетін, оқыған саласы бойынша еңбек етуі керек деп есептеймін. Жалпы, тұрақты көрермендерім әкеме арнаған, махаббат тақырыбындағы авторлық туындыларымды біледі. Әрқайсысының авторлық құқығы бар, арнайы тіркеуден өткен. Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Мен сені ұнатамын» деген төл туындымды концерттерімде орындап жүрмін.

— Айтпақшы, алдағы жылы мерейтойыңыз екен… Дайындық қалай?

— Иә, 60 жасқа келіп қалдым. Бұйыртса, қаңтар айында «тал түстің» қандай екенін көреміз…

Шынымды айтсам, мерейтойымды дүркіретіп, өзгелер көрсін дегендей алаулатып-жалаулатып өткізгім келмейді. 60 жасқа кім толмай жатыр? Қартайып жатқанымды тойламайтын шығармын… Бір жағынан, бұл белеске жетпегендер де бар деп ойлаймын. Бір анығы, міндетсіп, ешкімнен ештеңе күтпеймін, әкімшіліктен де концертімді өткізіп беруін сұрамаймын. Әдеттегідей өз күшіммен есеп беру кешімді беруді жоспарлап отырмын. Сосын өңірлердегі ауыл-аудандарды аралағым келеді. Қазіргі таңда біраз жаңа әндерді жазып жатырмын. Соларды сары майдай сақтап, Алла жазса, мерейтойлық концертіме жаңа бағдарламамды ұсынбақпын. Жиналғандар сұрап жатса ғана ескі әндерді айтармын.

Әлгінде сұхбаттың басында «Ақтөбеге көптен келмей кеттіңіз» дедің ғой. Оның бір себебі осында жатыр. Аймақтарда жыл сайын шығармашылық кештерімді өткізе бермей, сағындырып келгенді жөн көремін.

Осы тұста анекдотқа айналып кеткен қызықты оқиға есіме түсіп тұр. Анам 70 жасқа енді толғанда бір құрбысы үйіне телефон шалып, 75 жастағы бәленше деген замандасы қайтыс болғанын айтыпты. Шешей ұзақ кідірместен: «Аз жасамаған екен ғой, арманы жоқ шығар. Иманды болсын!»— деп, тұтқаны қоя салыпты. Сөйтсе, өзінің де соған қарайлас екені есіне түсіп кетіп, жалма-жан әлгі кісіге қайта звондапты да: «Жас кетіпті ғой… Дәм-тұзы ерте таусылған екен», — депті (күлді). Сол сияқты жас кезімізде 60-тағы апаларымыз үлкен көрінетін. Қазір қарап отырсам, оларды қарт деуге келмейді екен… Өзіме сол 25-30 жастағы Мақпал сияқтымын. «Көңіл қартаймайды» деген рас…

«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» демекші, анам қасымда, соған шүкіршілік етемін. Ол кісі барда біз бала боп жүре береміз ғой…

— Мақпал Мұхамедиярқызы, қазір көптеген әнші-актерлер өзі жайында кино түсіріп, кітап жазуды сәнге айналдырды. 60 жасқа күнде тола бермейсіз…

— Ондайдан Құдай сақтасын (күліп)! Онсыз да өміріміз халықтың көз алдында өтіп жатыр ғой.

Обалы не керек, қаншама киногерлер, жазушылар мұндай ұсынысты талай білдірген. Олар менің өмір жолымның ерекше екенін айтып, тағдырым, өнерім жөнінде әлгіндей дүниелерді жарыққа шығарғысы келді. Мен рұқсатымды бермедім.

Меніңше, өзім туралы кино түсіруге болмаса кітап жазуға әлі ерте. Тыңдарманыма ұсынғанымнан ұсынарым көп. Менің шығармашылық күш-қайратымәлі сарқылған жоқ, шүкір.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button