Референдум арқылы шешілетін болды

Асхат КЕҢЕСОВ,
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы:
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциямыздың 59-бабына сәйкес халыққа кезекті Жолдауын жариялады. Жолдау, негізінен, еліміздегі экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған. Сондықтан жолдау «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталады.
Президент Жолдауында бүгінгі өзекті мәселелерді қозғады.
Біріншіден, шикізат экономикасынан бас тартуды жалғастыру. Яғни Қазақстанды ІТ орталығына айналдыру. Бұл — бүгіннің өзінде сұранысқа ие және пайдалы салалардың бірі. Сонымен қатар креативті экономиканың үлес салмағын өсіру. Әсіресе аймақтағы креативті индустрияның дамуына аса назар аударды. Аталған ұсыныс аймақтардағы дарынды және талантты азаматтардың ел дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді.
Екіншіден, экология мәселесін шешуді қолға алғанды жөн көрді. Нәтижесінде, жасыл экономика үлесін елімізде арттырудың қажеттілігі маңызды екендігін атап өтті.
Үшіншіден, еліміздің әскери саласындағы сұрақтардың жауабы ретінде Қарулы Күштерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету керектігі айтылды. Бұл — маңызды қадам, өйткені әлемде болып жатқан қиын геосаяси процестер аталған шараларды жүзеге асыруға итермелейді. Әскери саладағы жаңа технологиялар — ел болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі.
Төртіншіден, елімізде ашық теңізге шығу мүмкіндігі аз болғандықтан, Қазақстан Еуразия құрлығында басты транзит хабына айналу керектігін басып айтты. Ең бастысы, бұл көршілес мемлекеттермен қарым-қатынас жасауға және экономиканың дамуына көмектеседі. Қазақстандағы автожол мүмкіндіктерін толықтай пайдалану керек.
Бесіншіден, соңғы уақыттарда халық арасында көп талқыланып жүрген, біраз пікір талас тудырған АЭС салу мәселесінің нүктесін қойды. Яғниатом электр станциясын салу мәселесі елге ортақ болғандықтан, тек референдум арқылы шешілетіндігі туралы мәлімдеді.
Біздің ойымызша, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы әлемде және қоғамдағы бүгінгі трендтерге жауап бере алады және біздің алдағы жылдардағы дамуымыздың басты стратегиялық құжаты екендігіне ешқандай күмән жоқ.



