Мереке

Тәртіп сақшылары марапатталды

Қалалық Мәдениет үйінде учаскелік инспекторлар күніне орай «Қоғам тыныштығының тірегі» атты мерекелік іс-шара өтті. Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекетоблыс орталығында тыныштық күзетіп жүрген тәртіп сақшыларын кәсіби мерекесімен құттықтады.

— Қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде учаскелік полиция маңызды рөл атқарады. Ақтөбеде 180-ге жуық учаскелік инспектор бар. Жыл сайын олардың қатары артып келеді. Полиция қызметкері болу оңай емес. Бұл — әрі маңызды, әрі жауапкершілігі зор жұмыс. Ол үшін білік пен білім, ақыл-қайрат, ең бастысы қайсарлыққажет.Сын сағаттарда төнген қауіп-қатерді елемей, уақытпен санаспай атқарып жүрген қызметтеріңізді жоғары бағалаймын! Осындай жауапты жұмыста сіздерді әркез қолдап отыратын отбасыларыңызға алғысым шексіз. Сіздерге зор денсаулық, отбасы амандығын, қызметтеріңізге абырой тілеймін. Айбынымыз әрдайым асқақ, байрағымыз әрқашанда биік болсын! — деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет учаскелік полиция инспекторларын кәсіби мерекелерімен құттықтап.

Халық сенімі — полиция қызметіне берілетін басты баға. Сол сенімнің үдесінен шығу үшін қаламызда полицияның материалдық-техникалық базасы әрдайым нығайтылып отырады. Қазір қала бойынша 26 учаскелік полиция пункті жұмыс жасап тұр. Оның ішінде Есет батыр тұрғын алабынан заманауи талапқа сәйкес жабдықталған жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Биыл полиция басқармасына жаңа 9 қызметтік автокөлік берілді.

Одан соң 6 полиция ардагеріне «Қала құрметі» төсбелгісін тапсырды. Қызметте жүрген учаскелік инспекторлардың төртеуі, яғни Ербол Бердіғалиев, Дастан Сұлтанғалиев, Төребай Оспанов және Қуандық Днимов «Қазақстан патриоты» әскери төсбелгісіне ие болды.Ал40 учаскелік инспектор қала әкімінің Алғыс хаты мен мерекелік сыйлығын алды.

Мереке иелерінің бірі — №13 полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы Мирас Мұхтаров. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің заң факультетінің түлегінің қызметте жүргеніне де он жылдан асыпты.

— Қоғам тыныштығын күзетіп жүрген он жыл қызметте тапанша қолданатыноқиғалар болған жоқ, тек оқу-жаттығу кезінде ғана қолдандық. Ал бұзақылармен кездесіп қалғанда күрестің түрлі айла-әдістерін қолданып жүрміз, — дейді Мирас Мұхтаров.

Учаскелік инспекторларға арналған мерекелік іс-шара қалалық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған концертке ұласты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button