Білім

11450 баланың алғашқы қадамы

Ақтөбе қаласындағы 106 мектеп Білім күнін атап өтіп, жаңа оқу жылын бастады. Шаһардың ескі бөлігінде орналасқан №8 орта мектептегі Алғашқы қоңырау салтанатты шарасы да ерекше болды.

Аталған білім мекемесінің директоры Айсұлу Жақсыбаеваның айтуынша, мұнда 1648 бала оқиды. Соның 148-і мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. 2023-2024 оқу жылдары бойынша барлығы 65 сынып жасақталған.

Оқушыларды атаулы күнмен құттықтау үшін арнайы келген Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет:

— Бұл мереке біздің мектеп қабырғасында өткізген балалық шағымызды еске түсіреді. Ал еңбек жолын жаңа бастаған жас мұғалімдердің алғашқы жұмыс күні. Тұңғыш рет мектепке келіп тұрған балалардың есінде де бүгінгі күн мәңгіге сақталады.

Былтыр қалада 1-сыныпқа 11351 оқушы қабылданса, биыл қаламызда 11450-ден астам бала мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отыр.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында 87 мемлекеттік мектеп және 19 жеке мектеп тіркелген.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе қаласы бойынша 13 мектеп салу жоспарланды. Соның ішінде9 мектептің құрылысы биыл басталып, 2024 жылы қолданысқа берілетін болады.

Жаңа оқу жылы баршаңызды жаңа жетістіктерге жетелесін! Оқуда да, еңбекте де алда болайық! Мереке құтты болсын! — деді.

1-сыныпқа қабылданғандардың бірі —Ғазиза Сабыртай енді сабаққа барып, оқушы атанғанына ерекше қуанышты. Әріптерді танып, санай білетін балдырған әке-шешесі сынды оқуда озат болғысы келетінін айтады. «Бүгін мектебіме келіп, Алғашқы қоңырау шарасына қатысқаныма қуанып тұрмын. Сыныптағы балалармен танысып үлгердім, апайымды да білемін. Болашақта «өте жақсы» деген бағаға оқимын», — дейді Ғазиза.

Салтанатты шара мұғалімдер мен оқушылар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласып, артынша сынып жетекшілерінің тәрбие сағатымен жалғасты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button