Мереке

Ата Заң — елдік пен тұрақтылық тірегі

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай Ақтөбедегі Өнер орталығында «Ата Заң — азат елдің ар-намысы» атты салтанатты шара өтті.

Жиын еліміздің Әнұранымен ашылды. Әнұранды Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның қазақ камералық хоры мен эстрадалық-үрлемелі оркестрі орындады.

Бұдан соң облыс әкімі Ералы Тоғжанов құттықтау сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Конституцияда белгіленген демократия құндылықтары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері Қазақстан Республикасы дамуының нақты стратегиялық бағдарын айқындайды. Қолға алынып жатқан өзгерістердің басты міндеті — халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттілігімізді мейлінше нығайту және қоғамды үйлесімді дамыту. Бұл міндеттерді орындауға еліміздің әрбір азаматы атсалысуы қажет»,—деп атап өткендей, Ата Заңымыз — бүкіл ел мен қоғам, сондай-ақ әр адамның өмірі үшін ең маңызды құжат. Расында, өркениетті елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жолындағы істерді әр азамат өзінен бастауы қажет. Ата Заңымыз Қазақстандағы барлық ұлттардың бір шаңырақ астында татулығы жараса, алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етті. Конституция күні — еліміздің ең қастерлі мерекелерінің бірі, барша халқымыз бұл күнді айрықша қадірлейді, — деді облыс басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Облыс әкімі Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізу мақсатымен 2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыхалықтық референдумға да тоқталып, оның нәтижесі қазақстандықтардың өзгерістергедайындығын көрсететінін, референдумға ақтөбеліктердің де белсенді қатысқанын атап айтты. Облыс басшысы құттықтау сөзін игі тілектермен жалғады.

Бұдан соң марапаттау рәсімі басталды. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. Отбасы құндылықтарын, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау мақсатында елімізде «Мерейлі отбасы» байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттады. Атап айтқанда,жүлдегерлерқатарында темірлік Нұртазиндер, теміржол саласының ардагері Болат Нұртазиннің отбасы; хромтаулық Айымбетовтер, тау-кен инженері, осы салада 42 жыл еңбек еткен Мырзатай Айымбетовтің отбасы; шалқарлық Нұрғалиевтер, тыл ардагері Рахат Нұрғалиевтің отбасы; ақтөбелік Қабижановтар, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марат Қабижановтың отбасы; ойылдық Сәрсеновтер, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Айса Сәрсеновтің отбасы; ақтөбелік Тобылбаевтар, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Теміржан Тобылбаевтың отбасы бар. Ал бас жүлде иегерлері — байғаниндік Спановтар әулеті. Әулеттің жасы үлкені — 81 жастағы әзиз ана Гүлжаһан Шыбынтаева. Отбасынан 9 бала, 37 немере, 13 шөбере өрбіген. Бүгінде олар әр салада жемісті еңбек етіп жүр.

Жеңімпаз және жүлдегер отбасыларға ақшалай сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ осы күні еліміздің азаматы ретінде қолына алғаш рет құжатын алған бір топ жасқа

жеке куәлігі салтанатты түрде табысталды. Олардың ішінде Дамир Жоламан,Ақтоты Адаева, Айнұр Ерлан, Руслан Демченко, Арина Гогель, Сабина Қарашаева бар.

Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Жұртшылық Естайдың «Құсни-Қорлан», Д.Айтжановтың «Жаса, Қазақстан», К.Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел», т.б. әндерді тыңдап, «Аққу», «Әлия гүлі» би ансамблдерінің билерін тамашалады. Концертте қазақ камералық хоры, «Достық» вокалдық тобы, Г.Сағынғанова, С.Закария, А.Махашев, М.Сапарова, Г.Саламат, басқа да әншілер өнер көрсетті.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button