Жастар

Кезекті іріктеу алты сала бойынша өтеді

Президенттік жастар кадр резерві

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің ерекшеліктері туралы айтылды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айбол Қозбағаровтың айтуынша, іріктеудің басты ерекшелігі — мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып жүргізу. Осылайша кезекті іріктеу инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам секілді  негізгі 6 сала бойынша өтеді.

— Сондай-ақ биыл үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізу тәжірибесі енгізіліп отыр. Талаптарға сәйкес іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан азаматы қатыса алады, — дейді Айбол Қозбағаров.

Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалының директоры Саида Садуақасова Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуге тиіс екенін айтты.

Мұнда бірінші кезеңдерезервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарықабылданады. Ол осы жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады.Екінші кезеңде мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Тестілеу процесінде аудио-бейне фиксацияланады, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады.Үшіншікезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасы мен біліктілігін бағалауға бағытталған. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейнежазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды.Төртінші кезең — ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат беру. Ассессмент-орталық Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған.Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындауға тиіс. Бесінші кезең — сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады. Комиссия қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады. Соңғы алтыншы кезеңде — Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады.

— Президенттік жастар кадр резерві талаптарына сәйкес резервке қабылданғандар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік-саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.Мәселен,облыс бойынша 2019 жылы — 12 адам, 2021 жылы — 1 адам кадрлық резервке іріктелді. Бүгінгі таңда 13 адамның 12-сі жұмыс істеп жүр, — дейді Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалының директоры Саида Сәдуақасова.

Брифинг соңында Айбол Қозбағаров облыс жастарын іріктеуге белсенді қатысуға шақырып, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button