Арпа егісін жинау басталды
Егін орағы
Жайлы жаздың егіні дер шағында пісіп жетілді. Қазір аймақта егін орағы қызу басталды. Алғашқы кезекте арпа егісіне орақ түсті. Енді санаулы күндерден кейін бидай егісі де орақ күтеді. Біз Мәртөк ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Шамиль Сариннен биылғы егін орағының ерекшеліктері туралы сұраған едік.
— Біздің ауданда да егін орағы алдындағы әзірлік толық аяқтала келді. Бұл кезде техниканы, оның ішінде комбайндарды жөндеудің маңызы зор. Биылғы егін орағы науқанына аудан бойынша 226 комбайн қатысады. Соның 34-і шетелдік: «Джон Дир», «Клаас» сияқты комбайндар.
Баршаға мәлім жағдай Егін орағының әр күні санаулы. Ол ырғалып-жырғалып жүруді көтермейді. Сондықтан біз бұл жұмысты қайткенде қысқа мерзімде аяқтаймыз дегенді алдын ала ойластырдық. Ол үшін еңбек қарқынын арттыра отырып, күніне 4-4,5 мың гектар алқаптың егінін жинауымыз керек.Қолдағы техника, адам күші бұған мүмкіндік береді.
— Ауданда егіс көлемі қанша?
— Биылғы дәнді дақыл егісінің көлемі 92 мың гектар. Бұған қоса 12200 гектар майлы дақыл алқабы бар, негізінен күнбағыс. Ол сәл кешеңдеу жиналады.
— Қазір егіске қай шаруашылықтар орақ салды?
— Төрт шаруашылық бүгінгі күнге арпа егісін жинауды бастады. «Мәртөк- Агросервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 500 гектардай жердің астығын орды. Орта есеппен гектарына 14 центнерден өнім алуда. «Айс» жауапкершілігі серіктестігі де арпаға орақ салды. Өздерінің айтқан мәліметіне қарағанда, түсім гектарына 8,8 центнер шамасында айналуда. «Кеңсахарада» егін орып жатқан «Рад-Агро» ЖШС 12 центнерден өнім жинауда. Тағы бір шағын шаруа қожалығы 70 гектардың шамасында егіс салып еді. Ол әр гектардан 10 центнерден астық жинап жатыр.
— Қалған шаруашылықтар орақ жұмысын қашан бастайды?
— Осы аптаның ортасы, аяғына таман барлық шаруашылықтар да егін орағына қалмай кіріседі. Арпа пісіп тұр. Көп кешікпей бидай алқабы да жинауға келеді. Ертерек еккендердің бидайы толық пісті.
— Биылғы ылғалдың түсуіне ешкімнің өкпесі жоқ шығар. Көктем жауын-шашынды болды. Жаз бойы тағы жауды. Агрономның көзімен қарағанда биылғы егіннің шығымы қалай?
— Биылғы жауын-шашынға өкпе болмаса да, астықтың шығу жағдайына байланысты ол әр жерге әртүрлі әсер етті ғой. Кей өңірге ала-құла жауып, нағыз дән құятын шақта тапшы болды.
— Біз биылғы жауын-шашынның молдығына қарап, гектарына кемі 20 центнерден астық жинайтын болармыз деп едік.
— Шаруашылықтардың әзірге беріп тұрған мәліметі осы. Алдын ала жасаған есептерінде орта есеппен гектарына 9 центнерден көрсеткен. Мұның ішінде бұдан жоғары, гектарына 10 центнерден беріп тұрған «Родники» акционерлік қоғамы. Оның егіс көлемі 24,5 мың гектардың үстінде.
— Өзіңіздің көзіңізбен қарағанда биылғы егіс қалай? Өткен кездерде қашан болды мұндай қолайлы жыл?
— 2008 жылы аудан бойынша гектарына 13 центнерден астық алдық. Биылғы егіс менің көзіме сол деңгейде көрінеді. Ол жылдары бізде егіс көлемі 120 мың гектардай болды.
Жалпы, биыл астық тәуір болуға тиіс.Техникалар дайын. Жанар-жағармай мәселесі шешілді. Биыл бұрынғы алған несиелерді, тұқымды қайтаруға мүмкіндік бар сияқты.
Жыл жайлы: өнім неге төмен?
Облыста Әйтеке би ауданынан өзге өңірлерде егін орағы жүріп жатыр. Терістіктегі бұл ауданда егінге орақ сәл кештеу түседі. Жылдағыша егінді мол салған да осы аймақ, 168 мың гектарға жуық егіс алқабы бар. Егісінің көлемі жөнінен мұнан кейінгі орынды Қарғалы ауданы алады. Осы жазда бұл аудан113,3 мың гектар дәнді дақыл егісіне орақ салады. Сондай-ақ үстіміздегі маусымда Мәртөк ауданы-91,5 мың, Хромтау-84,4 мың, Алға-64,4 мың, Қобда-25 мың, Мұғалжар ауданы-16,4 мың, Ақтөбе қаласы-17,3 мың гектар алқаптың астығын жинайды. Темір, Ойыл өңірлері биыл егінді шағындап салды, темірліктердің оратын жері 6,1 мың гектар болса, Ойылда- жоқтың қасы, 0,2 мың гектар ғана.
Облыстық ауылш аруашылығы басқармасының мәліметтеріне қарағанда, 9 тамызға облыс бойынша 586,5 мың гектар барлық дәнді дақыл алқабының 15,3 мың гектары орып, бастырылған. Алғашқы болып жаңа егінге орақ салған Мәртөк ауданының диқандары күні бүгінге 4 мың гектарға жуық алқаптың дәнді дақылын жинап үлгерді. Астықтың ең жоғары түсімі де осы ауданда, арпа егісінің әр гектарынан 12,1 центнерден, бидайдың әр гектарынан 11,4 центнерден өнім алуда. Облыс бойынша егін орағының басындағы нәтиже —дәнді дақылдың орташа түсімі гектарына 8,2 центнерден айналуда. Астықтың түсімі Мәртөк, Қарғалы аудандарында жоғары. Мұнда әр гектардан 10 центнерге жуық астық жиналуда. Өкінішке орай, қалған аудандарда және қала аумағында астықтың түсімі облыстың орта көрсеткішінен де төмен.
Әрине, кейінгі жылдардың қайсымен салыстырғанда да, биыл өңірдегі астықтың шығымы біршама тәуір деуге болады. Соңғы жылдары қуаңшылық салдарынан еңбегі еш болған шаруа қожалықтары биыл ес жиюда. Аса мол болмағанмен, бұрынғы алған несиелерден, тұқым бережағынан құтылуға мүмкіндік туып отыр. Онда да, астықтың бағасы қалыпты болған жағдайда. Үкімет тарапынан пәрмен болмаса, астықтың бағасының төмендеу қаупі бар. Бізде астық тәуір шыққан жылдары баға күрт төмендейді, қуаңшылық салдарыннан шығым кемігенде, астықтың құны шарықтап көтеріледі. Осы бір қайшылықты жағдай реттелмей келеді.
Жалпы, көпшіліктің биылғы жылдың астығынан үміті жоғары болғанын айтқан жөн. Көктем де, жаз да жайлы өтті, ылғал жеткілікті болды. Аймақта бітік егін шығатындай қолайлы жағдай туған еді. Алайда өнім күткендегідей болмаған сияқты. Қобдада, Мұғалжарда, Темірде дәнді дақылдың әр гектарынан 5-7 центнерден ғана өнім алынуда. Ең жоғары өнім гектарына 10-12 центнерден. Оның өзіне біздің мақтап жүрген астықты өңірлеріміз шақ жетіп отыр. Бұрын жылдың қуаңшылықты болуынан көріп келдік. Ал биыл олай деуге негіз жоқ. Ендеше, себеп не?
Таяуда Ақтөбе активімен кездескен кезде Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин мұның себебін ашық айтты. Егіншілік мәдениеті жоқ, агретехникалық шаралар сақталмайды. Егіс бапталмаған, дұрыс өңделмеген жерге егіледі. Ондай жерге астық ылғалдың күшімен ғана шығады. Биылғы жылдың мысалы осы сынның дұрыстығын көрсетті. Әрбір шаруашылық алда өмірдің осы ақиқатынан сабақ алмаса, қандай жылда да мол өнімге қол жеткізе алмасы анық.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.



