Әлеумет

Үмітіміз ақталды — жол дұрысталады

Жасым сексеннің үстіне шықса да, қоғамдағы жаңашыл бастамаларға балаша қуанып, өңірімізде елдің әл-ауқатын арттыратын ілкімді істердің көбейгенін шын ниетімізбен қалап отырамыз. Шалқар қалалық ардагерлер ұйымына жетекшілік еткеніме 15 жылға жуық уақыт болыпты. Ұйым мүшелерінің қатысуымен өткізілетін алқалы кездесулерде тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін сауалдардың бірі — қалаішілік, ауыл, ауданаралық жолдардың ахуалы еді. Соның ішінде облыс орталығына қатынайтын Қандығаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз республикалық автожолдарының талапқа сай болмауы тұрғылықты халықтың сан жылдардан бергі шешімін күткен өзекті мәселесі болатын.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өткен жылдың күзінде Шалқар ауданына жасаған алғашқы жұмыс сапарында осы кезге дейін мәселе болып келе жатқан өлкеміздегі жол мәселелері ретімен шешімі табылатындығын айтып, шалқарлықтарды үміттендіріп кеткен еді. Міне, сол үмітіміз орындалды, бүгінде салынып жатқан қала, ауылішілік жолдардың саны еселенуде. Ең бастысы, Қандыағаш-Шалқар тасжолы құрылысының басталғанына дән ризамыз.

Енді осы жолдарымыздың сапасы назарда болып, барша ел игілігіне берілетін салтанатты күндерді жақын уақыттарда көруге жазсын. «Жол мұраты — жету…» дейді халқымыз. Осы бір сөздің қадір-қасиетін сапарға шыққан әрбір адам терең ұғынатынына ешкімнің таласы жоқ шығар. Өзім жарты ғасырдан бері аудан орталығында автокөлік жүргізушілерін оқытатын «Авто Алтын» серіктестігіне жетекшілік етіп келемін. Темір тұлпардың тізгінін ұстауға ниеттенген әр шәкіртке ақырын жүріп, анық басуды үйрету — менің күнделікті жұмысымдағы басты қағидам. Алайда автокөлік жүргізу ережесінде бекітілген талаптар мен біздің жолдарымыздың арасындағы үйлеспеушіліктерді көріп, шәкірттер алдында тосылып қалатын кездеріміз де болады.  Қалай айтсақ та, сапалы, мейлінше заманауи талаптар ескеріліп салынған жолдардың қоғамға тигізер пайдасы орасан.

Шалқар — облысымыздағы іргелі аудандардың бірі. Жыл сайын облыс орталығына түрлі себептермен қоныс аударып жатқандар да көп. Сондықтан  ағайын-туыстың, жекжат-жұрағаттың арасындағы дәстүрлі қарым-қатынасты жалғауға осы жол қатынастарының қолайлылығы себепші.

Сондықтан осы кезге дейін бірде-бір жөндеу көрмеген Қандыағаш-Шалқар автожолы тақтайдай тегіс жолға айналарына сенеміз. Осы ауқымды жобаны қолға алуға бастамашы болған азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз.

Аманкелді ҚАЛЫБАЕВ,

«Авто Алтын» ЖШС автомектебінің директоры,

Шалқар ауданының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button