БілімБасты жаңалықтар

Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт

Білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі биыл осындай ұранмен өтті. Жаңа форматта өткізілген тамыз кеңесінің жаңашылдығы — еліміздің 20 өңірі тақырыптық бағытқа бөлінгені.

Еліміз бойынша онлайн режимде ұйымдастырылған бірыңғай пленарлық сессияны Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев ашты. Ал Премьер-Министрдің орынбасары — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласы қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтау сөзін оқып берді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бүгінде Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестациялау процесі автоматтандырылып жатқанын, сонымен қатар педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталғанын атап өтті.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы әзірленуде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында осы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға өседі.

Орта білім мазмұнын одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасады. Алғаш рет ауылдық және шағын жинақты мектептерді қолдау жұмыстары қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде 12 апатты және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешу мақсатында 132 мың оқушыға арналған 154 мектеп салынады. Келесі жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған тағы 217 мектеп пайдалануға беріледі, — деді Ғани Бейсембаев. Сонымен қатар оның айтуынша, министрлік әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде білім беруді дамытудың жол карталарын жасақтады. Мұнда білім жүйесінің барлық бағыты, оның ішінде балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу шаралары қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасы» жобасы қолға алынып, оның аясында мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік туындыларымен толықтыру жоспарланып отыр.

Министр балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының 90 пайызы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылғанын, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілгенін және дабыл түймелерімен жабдықталғанын да атап өтті.

Тағы бір маңызды шаралардың бірі — жаңа оқу жылында 1,5 миллионға жуық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар Ғани Бейсембаев колледждерге шефтік қамқорлықты жүзеге асыру мақсатында 500 кәсіпорынмен келісімдер жасалғанын, сонымен қатар колледж студенттерінің шәкіртақысы 1 қыркүйектен бастап 50 пайызға, келесі жылы 100 пайызға өсетінін айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берген вице-премьер Тамара Дүйсенова оқу жылының ұзақтығына қатысты жаңалықты енгізу үшін әуелі жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізу қажет екенін, сондықтан жаңа 2023-2024 оқу жылы 25 мамырда аяқталатынын атап өтті.

«Білім ALL» — ерекше үлгі

Өнер орталығында өткен педагогтер конференциясы аясында ақтөбелік және еліміздің өзге өңірлерінен келген ұстаздар «Ауыл мектебін дамыту» тақырыбын талқылады. Өйткені өңірде өткен оқу жылында облыс әкімінің бастамасымен шағын жинақты мектептерді қолдауға, білім сапасын теңестіруге арналған «Білім ALL» өңірлік жобасы іске қосылған болатын.

Өңірлік тақырыптық алаңға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, облыстық мәслихат депутаттары, білім саласының ардагерлері, салалық кәсіподақ мүшелері, педагогтер, білім беру ұйымдарының басшылары, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар қоғамдастықтарының өкілдері, жалпы саны 1200 адам қатысты.

Бірыңғай сессия отырысы басталмас бұрын кеңеске қатысушылар «Ауыл мектебі — үздік зияткерлік орта», «Ауыл мұғалімі: үздік білім сапасы», «Шағын жинақты мектеп — үлкен мүмкіндіктер мекені», «Ауыл мектебінің цифрлық әлеуеті», «Ауыл мектебі — медиа орталық» тақырыптарында ұйымдастырылған көрмені тамашалады.

Отырысты ашқан облыс әкімі биыл республикалық тамыз кеңесі алғаш рет жаңа форматта өткізіліп жатқанын алға тартты.

— Қала мен ауыл мектептерінің білім сапасын теңестіру — басты міндеттердің бірі. Жүйелі жұмыс, сапалы жобалар нәтижесінде білім алшақтығын азайтуға қол жеткізілді. Өңірдегі 404 мектептің 70 пайызы — ауыл мектебі. Оның ішінде 204-і — шағын жинақты. Алайда ауыл мектептеріндегі бала саны қаламен салыстырғанда әлдеқайда аз. Облыстағы оқушылардың 9 пайызы ғана ауыл мектебінде оқиды. Ауылдық мектептердің толымдығы қала мектептеріне қарағанда 10 есеге төмен, — деп атап өтті облыс әкімі.

Өңірде ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасын теңестіру мақсатында қолға алынған «Білім ALL» өңірлік жобасы аясында цифрлық технологиялар мүмкіндігін пайдалана отырып, қаланың үздік педагогтері шалғай аймақтардағы шағын жинақты мектеп оқушыларына онлайн форматта физика, математика, химия, биология, ағылшын тілі пәндерінен сабақ беріп, соның нәтижесінде бір мұғалімнің бірнеше пәнді жүргізуі тоқтатылды, оқушыларды бір ауылдан екінші ауылға тасымалдау мәселесі шешілді, мұғалімдердің біліктілігі жоғарылап, цифрлық сауаттылығы артты, олардың арасындағы байланыс нығайды, мектеп пен мектеп арасында байланыс орнады. Жоба басталғалы бері балалардың білім сапасына ай сайын мониторинг жүргізілді. Бүгінгі күні білім алшақтығы 15 пайыздан 10,3 пайызға төмендеді, яғни 4,7 пайызға азайды.

— Ақтөбеден бастау алған «Білім ALL» бірегей жобасы қазір бүкіл елге үлгі. 

Өңірлік жобаның тиімділігі нәтижесінде «Қазақстан халқына» қоры аймақтағы 12 тірек және 134 шағын жинақты мектепті жалпы құны 5 миллиард теңге болатын заманауи құрылғылармен қамтамасыз етіп отыр. Оқу-ағарту министрлігі, «Қазақстан халқына қоры», «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» ауыл балалары үшін бұрын-соңды болмаған қолдау жасап отыр, — деді Ералы Тоғжанов. Одан әрі облыс әкімі өңірдегі педагогтердің тапшылығын сөз етті.

— Өңірде 99 ауыл педагогі тапшы. Жаңа оқу жылында жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген 177 жас маман ауыл мектептеріне барады. Сондықтан бүгінгі «Ауыл мектебін дамыту» тақырыбындағы тамыз кеңесі отырысының Ақтөбеде өтуінің өзі орынды. Ақтөбе облысы ауыл мектебін дамыту бойынша тұтас ел аумағына үлгі болып отыр, — деді облыс басшысы.

Облыста білім саласын дамыту бағытында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, орталықтандырылған бұлтты бухгалтерия енгізіледі, бұл сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін азайтып, жылына 5 миллиард теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының ашықтық және жариялылықты қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес педагогтерді жұмысқа қабылдау «Jumys» электронды платформасы арқылы жүргізіледі. Оған бүгінгі күні 85 қала мектебінің деректері енгізілді. Сондай-ақ білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізу бойынша бірыңғай оператор айқындалатын болады. Мектептердің шаруашылық қызметін жергілікті әкімдіктердің қарамағына беру жоспарланып отыр. Яғни мектептердің жылу қазандықтары мен электр трансформаторларының жауапкершілігі жергілікті билік өкілдеріне тапсырылады. Бұл білім беру ұйымдарының жұмысын едәуір жеңілдетіп, педагогикалық емес қызметтен арылтады.

Тақырыптық алаң «Өрлеу» Ұлттық біліктілікті арттыру орталығының басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Өмірбекова «Шағын жинақты мектептерде сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету» туралы баяндамасымен басталды. Одан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Күләш Шәмшидинова «Ауыл мектебі: мәселелер мен мүмкіндіктер», облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан «Ақтөбе облысында ауыл мектептерінің әлеуетін көтеру шаралары», Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясы, Орта білім беру институты директорының орынбасары Салтанат Жұмабаева «Шағын жинақты мектеп педагогтеріне онлайн оқыту кезінде цифрлық шешімдерді пайдалануда ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету» туралы баяндамалар оқыды. Республикалық Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің орталық кеңес төрағасы, облыстық маслихат депутаты Марат Қойлыбаев ұлттық рухтағы тәрбиенің маңыздылығы мен құндылығын, «Online Mektep» платформасының негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы жаңа трендтер және цифрлық білім беру жағдайын әңгімеледі. Хромтау ауданы Дөң мектеп-гимназиясының директоры Абзал Құрманов «Ауыл мектебінің стратегиясын қалыптастыру» тақырыбында сөз сөйлеп, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан облыстарынан келген ұстаздар Powered by NIS» жобасын жүзеге асыру, білім беруді цифрлық трансформациялау процесінде ауыл мектептерін әдістемелік қолдау тәжірибелерімен бөлісті.

Ауыл тағдыры шағын жинақты мектепке байланысты

Тақырыптық алаңда «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының директоры Данияр Тоқтарбаев «Ақтөбе облысы — барлық аудандағы тірек мектептері жыл соңына дейін пайдалануға берілетін еліміздегі жалғыз өңір» екенін атап өтті.

— Біздің жоба аясында 12 тірек мектеп және 134 шағын жинақты мектеп қамтылды. Мұнда біз «Қазақстан халқына» қорымен және Назарбаев зиятркерлік мектебімен бірлесіп, мектептердің материалдық базасын жақсарту, оларды жарақтандыру, педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша кешенді жұмыс істейміз, — деді Данияр Тоқтарбаев.

Сессия тамыз кеңесінің қарарын қабылдаумен аяқталды.

— Ауыл мектептерін тиімді дамыту — маңызды мәселе. Әрбір шағын жинақты мектептің жағдайы ауыл тағдырымен тікелей байланысты. Бүгінгі  пленарлық сессия аясында  айтылған тың ойлар, ілкімді ұсыныстар мен соны пікірлер бізге алдағы уақытта бағытымызды тағы бір мәрте жүйелеуге өз септігін тигізетініне сенімдімін, — деп отырысты қорытындылаған өңір басшысы педагогтерге шығармашылық табыстар, оқушыларға жетістіктер мен жеңістер тіледі.

Тамыз кеңесі соңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Үздік білім беру ұйымы» байқауының гранттарын табыстады. Мұнда бас жүлдені Әл Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназия жеңіп алды. Жеңімпаз ұжым 15 миллион теңгенің сертификатына ие болды. І орын мен 11 миилион теңгенің сертификаты облыстық мамандандырылған физика-математика лицей-интернатына берілді.

ІІ орын мен 9 миллион теңгенің сертификатын №2 Шалқар мектеп-гимназиясы иеленді. Ал Хромтау қаласындағы №4 орта мектеп, Алға қаласындағы №3 орта мектеп және Ақтөбе қаласындағы №10 орта мектеп ІІІ орын мен 7 миллион теңгенің сертификаттарына қол жеткізді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button