Әлеумет

Оқырман

 • Өткенге — салауат

 АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ — АДАМДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

Еліңнің тарихын терең білу үшін алдымен төңірегіңді түгендеп, өзіңнің тегіңді етене танып, жеті атаңды жете біліп, шежіреңді тарқата білу ләзім. Осы тұрғыда мені Бәубек ұрпақтарының ата-бабалар аманатына адалдығы, келешекке қол созбас бұрын өткенге тағзым етуі, ой-санада тарих сырларын жаңғыртып отыруды перзенттік парызымыз деп санауы қуантады.

Бәубек ұрпақтарының басы қосылатын үлкен жиынның алдында мен де толғанысқа ерік бердім. Осы орайда бет түзейтін құбылам, адастырмас темірқазығым, жүрегімде әр сөзі аксиомадай жатталған ақылшым — әкем Жанділлә Нұрмағамбетұлының 1997 жылғы 16 қазандағы бір жазбасы қолыма түсті «Біздің өткен ардақты ата-бабаларымыздың мағынасы терең өмірбаяндары бір кезең, бір дәуірдің еншісінде қалмайды. Оған ауыспалы ұрпақтар, біздің қолымыз жетпеген архивтердегі құжаттарға жүгініп, өз бағасын береді деп сенеміз. Бұлай болса, қилы кезеңде туып, шытырман өмір кешкен ұлы пенделерде жұмбақ көп» деп жазыпты. Осылай толғанған әкем тарих «жұмбақтарының» шешімін табуды жаңа буынға тапсырады, демек, беталысы түзу, парасаты мен пайымы биік, жоғалғанын іздеп, жоғын түгендейтін ұрпақтардың келеріне сенген ғой.

Қазақ халқы ешқашан батырлар мен даналарға кенде болмаған. Дүниежүзіндегі тоғызыншы аумақ деп саналатын сайын даланы найзаның ұшымен, ақылдың күшімен қорғай білген ата-бабаларымыздан қалай айналмассың?! Сондай елге әйгілі, халыққа көшбасшы бола білген жандардың Бәубек руынан көптеп шыққанын әкем тебірене жазады. Қалдыбай батыр, Асан ишан, Өтеғұл батыр, Тағыберген Жәмешұлы деген танымал адамдардың болғанын, алайда олар туралы деректердің аз екеніне қынжылады. Қиыннан қиыстырып жол таба білген, халықтың адал перзенттері болған Бәубек руының көрнекті өкілдері туралы деректердің архивтерде сарғайып жатқандығын айтып, оларды көтеріп, шындықты жария етуді келешек ұрпаққа тапсырады.

2021 жылы Ақылбек Дадиннің құрастыруымен «Бәубек ұрпақтарына тарихи мұра» атты салмақты энциклопедия жарық көрген екен. Осы еңбекте әкемнің көксегені орындалғандай екен. Осы бір зілдей томдардың іші шын мәнінде тұнып тұрған тарихи сыр екеніне көзім жетті. Әр бетінен өткен дәуірдің ізі көрініп тұрғандай, қазақылықтың, парасаттылықтың, даналықтың, имандылықтың иісі аңқып тұрғандай.

Осындай кітаптар өз елінің тарихына құрметпен қарайтын, өз тағдырын ел тағдырынан бөліп қарамайтын, тегінің, әулетінің атағына кір келтірмеуді ойлайтын, қазақ деген данышпан халықтың адал сүт емген ұл-қызы деген атаққа лайық әр адамның төрінде тұрса ғой!

Бұл жерден түйетін тұжырым, өскелең ұрпаққа туған жер топырағының әр түйірінің, ежелден жеткен әр нақыл сөздің, көне дәуірлерден сақталған әр жер-су аттарының, батыр бабалардың, асыл аталардың әр есімінің қаншалықты қымбат екенін үйрету қажет-ақ. Қажет қана емес, қазіргі аға буынға — парыз, орта буынға — міндет, кіші буынға — аманат.

Жанат ЖАНДІЛЛӘҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

  • Мәселе

 ЖАҢА АМБУЛАТОРИЯ КЕРЕК!

Мен Қурайлы ауылының Ақсақалдар алқасының төрағасымын. Зейнеткермін. Жоғарғы Қурайлының Елек-74 деген жерінде тұрамын. Жақында Қурайлы ауылында жеке инвестор, медицина ғылымының кандидаты Қанат Түребековпен әңгімелесіп қалдым. Әңгіме барысында ол бүгінде бірнеше облыс орталықтарында соңғы үлгідегі медициналық клиникалары табысты жұмыс істеп жатқанын айтты. Біз, Ақсақалдар алқасы мүшелері, ауылымызда он жылдан аса қараусыз тұрған, бұзылған деп танылған бұрынғы әкімдіктің ғимаратын алып, оны жөндеп, бізге емхана салып беру туралы ұсынысымызды инвесторға айттық. Ол кісі ұсынысымызды қабылдап, жаңағы ескі ғимаратқа жөндеу жүргізіп, қажетті құралдар сатып алуға инвестиция салатынын айтқан-ды. Тартылатын қаражат көлемі — 500 млн теңге. Біз қыста ғимаратты алу жолында көп еңбектендік. Сатылып кетейін деп тұрғанда алып, Алматы ауданы әкімдігіне өткізген болатынбыз. Енді тек инвесторды конкурсқа қатыстыру ғана қалып еді. Бірақ жұмысты бастауға рұқсат етілмеді.

Мен Шығармашылық үйінде өткізілген облыс әкімінің қабылдауында болып, осы мәселені айтқанмын. Әкім облыстың денсаулық сақтау басшысымен сөйлесті, басқарма басшысы Қурайлы ауылында амбулатория бар екенін, 5 мың тұрғынға жұмыс істейтін қауқары бар екенін айтты.  Алайда бүгінде Қурайлыда 5 мың емес, 10 мыңға жуық адам тұрады. Амбулаторияға тек бес мың адам ғана тіркелген болар, бірақ тұрғындар саны екі есеге жуық көп. Тұрғындардың кемінде 30 пайызы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытының, тағы бір көп бөлігі қаладағы басқа емханалардың тіркеуінде. Себебі ауылдағы амбулатория сын көтермейді, дәрігерлер де облыс орталығынан келіп жұмыс істейді, тұрғындар маман-дәрігерлерге қаралу үшін Тұрғындар қалашығындағы  №1 емханаға қатынайды. Ауылымыз Ақтөбеден 18 шақырым қашықта. Қалаға қатынап жүріп, еңбекке жарамсыздық парағын алудың өзі бір машақат. Ауылдағы амбулаторияда бір ғана ЭКГ аппараты бар…

Меніңше, мұндай жағдайда қаржы саламын деген инвесторға мүмкіндік беру керек. Бұл — тек менің ғана емес, тұтас ауыл тұрғындарының тілегі. Бізге жаңа амбулатория қажет! Халық қалаға қатынаудан қажып кетті.

Сансызбай ЖҮГІНІСОВ,

Қурайлы ауылы.

 

  • Зерде

 АБАЙ ӘЛЕМІ

А.Байтұрсыновтың 1913 жылғы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасаң, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша — әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Кей сөздерін, ойланып дағдыланған адам болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі» дейді. Ал енді біз Абайды қаншалықты толық түсініп жүрміз? Абайдың айтпақ болған ойларын өз деңгейінде жеткізіп жүрміз бе? «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне қиын екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда» дейді А.Байтұрсынов.

Әрбір сөзі тезиспен жазылған хакім сөзі тарқатып, талдауды талап етеді. Абай — қыры көп жұмбақ адам. Әр сөзінде астар бар. Ал енді Абайды жақсы түсінген кім бар? Біз Абайға солар арқылы келуіміз керек. Сонда ғана Абайды түсіну оңай болмақ. Оның бірі — ақынның тікелей шәкірті әрі ақын інісі Шәкәрім. Ол — Абайдың философиялық дәстүрін жалғастырушы, Абайдың «Толық адам» концепциясын дамытып, «Ар ілімін» жасаушы. «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық» өлеңінде «Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан, жалыналық Абайға, жүр баралық»  дейді Шәкәрім. Дуалы ауыз Абайдан бес жасында бата алған М.Әуезов заманында «Абай жолы» роман-эпопеясын жазды. Ленин жолы болып тұрған ноқталы заманда Абай жолын жазу үлкен ерлік еді. Абай жолы —  қазақтың жолы. Абай жолы — толық адамның жолы. Абайға бойлау үшін Әуезовті оқуымыз керек.

А.Байтұрсынов «Әдебиеттанытқыш» еңбегінде Абайдың жиырма өлеңіне талдау жасайды. Ж.Аймауытов «Психологиясында», М.Жұмабаев «Педагогикасында», Қ.Кемеңгерұлы «Егін егу туралы» атты еңбектерінде ойларын Абай өлеңдерімен дәлелдеп отырған. Алдыңғы буын ағалардың ізімен біз де Абайды әр кезде басшылыққа алуымыз керек. Абай өлеңдерінде кездесетін араб-парсының мағынасы қандай — оны білмек керек. М.Мырзахметовтың Абай сөздерін кезінде түсінбей, өзі қиналғанын ескеріп, «Абайдың лұғаты» атты кітап жазған. Оның ішінде түсінуі қиын жүзден аса сөз бар. Осы сөздер бізге кезіккенде қалай түсініп, оқушыларға қалай түсіндіріп жүрміз?

Ал енді Абайдың дін, тағат, ығтиқат турасында жазған «Тасдиқат» ғылыми трактаты бүгінгі біз білетін көлемді отыз сегізінші қара сөзі өз алдына бір тақырыпқа арқау болар кесек дүние. Бұл қара сөзі толықтай Құдайды тану, өзін-өзі тану, жақсы жаманды айырмақтықтан тұрады. Шынын айту керек, ұстаздардың сырт айналып, көктей өтетіні — Абайдың дін тақырыбы, көп жағдайда араб-парсы сөздері араласқан өлеңдері. Абай шығармаларында арабшадан — төрт жүз екі сөз, парсыдан — елу сөз, шағатайдан жиырма төрт сөз бар екен. Сөздік қорында алты мың екі жүз тоқсан үш сөз және сөздік оралымы, қолданысы, образдары қырық алты мың бес жүз тоқсан алтыны құрайды. Абай өлеңдеріндегі адамшылық — бәйтеректің жоғарғы жағы, ал оның терең тамыры — құдайшылық. Біз бұл тақырыптардан қашпауымыз керек. Шәкәрімнің «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді» өлеңінде «Сөйтіп, бұзып, бүлдіріп есіл дінді, Дін десе білімділер тұра қашар»  дейді. Кезінде М.Әуезов «Абайдың діні сыншыл ақылдың шартты діні»  деген болатын. Абай «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» десе, тағы бір өлеңінде «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа» дейді. Бүгінгі күмәнді діндерге, жат ағымдарға біз Абаймен қарсы тұрамыз. Абайды таныған бала ғана сырттан келген түрлі идеалогияға төтеп береді, тіні берік болады. Еліне, тіліне, жұртына жаны ашитын ұрпақты біз, ұстаздар, тәрбиелейміз. Біздің қолымыздағы ең үлкен қару —  Абай мұрасы. Онда қазақи болмысыңды сақтайтын тілдің шұрайлығы, салт-дәстүр, әдет ғұрып, терең тарих, бұзылмаған дін жатыр. Оның үшін Абай біздің ұлттық идеалогиямызға айналуы керек. Бүгінде біз Европаның озық мәдениетіне еліктейміз деп жүргенде, батыстық цивилизацияның шыңырауына құлап кетпейміз бе? Біз Абайды жүрекпен тануымыз керек. Абай «Ақылмен ойлап білген сөз — бойға жұқпас, сырғанар, Ынталы жүрек сезген сөз — бар тамырды қуалар»  дейді. Және де «сыртын көріп іс бітпес, сырын көрмей», «екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат» деген секілді ой айтады. Ол үшін ұстаздың Абайға махаббаты болу керек. Абай оның жүрегіне кіру керек. Біз Абайға махаббатпен бармасақ, мектеп бағдарламасымен, бұйрықпен, жарлықпен баланы оқыта алмаймыз. Абайды оқыту үшін алдымен ұстаздың балаға жаны ашып, жаны ауыруы керек. Қазақ айтады «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын». Абай да «Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, Харекет қыл пайдасы көпке тисін, Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін»  дейді. Абайдың қабырғалы еңбектерінің бірі «Толық адам» концепциясы ұстаздар қауымын қалың елі қазағына өзін бағыштауға шақырады. «Өзі үшін өмір сүрген адам — өзі үшін оттаған хайуанмен тең», — дейді хакім. Ал көпке қызмет ету —  Құдайдың шексіз жолына түсу. Бұл — Абай айтқан толық адам жолы. Абайға жеңіл, үстірт қарамай, алыптар салған жолмен келейік. Абай әлеміне зердемен барайық.

Дариға ЕСҚАЛИЕВА,

31-орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

  • Тарих

 ӨЛСЕ ДЕ, ӨЛМЕГЕНГЕ ТЕҢ БОЛҒАНЫ…

 «Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,

Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен

Арттағыға сөзің мен ісің қалса,

Өлсең де өлмегенге боласың тең», — деген Абай атамыздың өлең жолдарын Әлия Молдағұлова 1943 жылы Мергендер даярлайтын Орталық әйелдер мектебін бітіріп, майданға аттанар алдында апасы Сапураға газет бетіне жазып қалдырыпты. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова соғыста жүрген кезінде апасына көп хат жазған. Солардың бірінде «Смелость командира» деген мақаласы бар газет бетінің шетіне «Бүгін орманға барып, бір құшақ гүл тердім. Орман сондай жақын. Жан-жағымыздың барлығы — әдемі гүлдерге толы шалғындар. Сол әдемілікті жалғыз өзім тамашаламайын деп, саған арнап қалампыр, құлпынайдан бір бума гүлді  жіберіп жатырмын»  деп жазып, екінші шетіне «Менің мекенжайым: Мәскеу облысы, п/о Шелково, Амерово аулы, Орталық Әйелдер Мергендер мектебі» деп көрсеткен.

2015 жылғы батырдың туғанына 80 жыл толуына орай музейіміздің экспозицияциясы қайта жасақталды. Сол кезде аталған хат жазылған газет бетінен бір сиямен жазылған жазуды байқадық. Техника көмегімен ұлғайтып қарағанымызда  Абай атамыздың осы бір өлеңін оқыдық. Ол жазу кезінде соғысқа аттанар алдында Әлия апамыздың бізге жіберген сәлемдемесі  іспеттес. Сол кезге дейін бұл өлең жолдарын ешкім байқамаған. Ал Әлия соғысқа Отаны үшін өмірін қиюға  дайын екенін, майданға жеңу үшін, жеңіс жолында жанын беру үшін саналы түрде аттанғанын көреміз.

Батыр Әлияның артындағы ұрпағы айта жүрер ерлігі ұмытылмайды. Оның ерлігін ұлықтайтын шығармалар көп. Солардың бірі — Әлияны соғыс алаңында көрген жалғыз майдангер жазушы, журналист Жекен Жұмахановтың «Әлия әні» кітабы. Бұл — Әлияның ерлігі жалғыз Казачиха ауылы маңындағы болған ұрыста жауға қарсы жауынгерлерді ұрандатып тұрғызумен шектелмейтінін дәлелдейтін деректі оқиғаларға негізделген шығарма. Жекен Жұмаханов кітап жазғанда соғыста қайтыс болған Ставскийдің де әңгімелерін повестке қосқан. Әлия қырағы, айлалы мерген болған. Оған мына оқиға дәлел: Бірде Әлия тілші Ставскиймен барлауға шыққанда суға шомылып жатқан неміс офицері мен әйелді көреді. Ставский Әлияға «фашисті алғаш құрту керек екендігін әрі суға түсіп, жақындағанда ату қажеттілігін» айтқанда ол кәрі казактың  айтқанын тыңдамай, әуелі жағада тұрған әйелді, сосын ер адамды атып түсіреді. Ставский Әлиядан не себепті керісінше әрекет еткенін сұрағанда, ол «фашисттің ешқайда қашпайтынын, сондықтан әуелі сатқынды өлтіру керектігін, ал суға малтып басы қылқиып тұрған адамды атқаннан, бойы сорайып тұрғанда атқан дұрыс екендігін» айтады.

Тағы бір аңдысуда Әлия мен Ставский неміс дала асханасынан ауқат алып бара жатқан 2 фашистке кезігеді. Бұл жолы да мерген қыз жазушы Ставскийден қайсысын бірінші атудың дұрыс екенін сұрайды. Тілші «алдыңғысын атса, артқысының жолын бөгер» деген ойын айтып болғанша Әлия алдымен артқысын, сосын алдындағыны жайратады. «Алдыңғысын атса, артқысы жата қалады, ал алдыңғысының артында көзі жоқ, не болғанын ұғынып болғанша мен де атып үлгеремін» деген Әлияның тапқырлығына Ставский тәнті болған көрінеді.

Ал жазушы Жекен Жұмахановты Әлия өз позициясына жолатпапты. Оқиға былай болған: Әлияның мергендігі бүкіл майдан даласына әйгілі болады. Ұлтжанды жазушы өзінің жерлесі туралы майдан газетіне жазбақ болып іздеп келеді. Екеулеп алдыңғы шепке бара жатқанда мерген қыз шашырай жүруді бұйырған. Бұл атыс болған жағдайда біреуінің аман қалуы үшін алдыңғы шептің ережесі екен. Әлия алға түсіп, бауырлай жөнелсе, тілші тізерлеп қана өтеді. 300-400 метр қашықта жатқан фашистер оны байқап қалып, бір уыс оқты бората салады. Осы кезде Әлия тілшіге мерген оғының дөп түсетінін, бұл пулемет оғы екенін  айтып, снаряд ойып кеткен апанға құлауын бұйырды. Құлауы сол екен тағы бір уыс оқ алғашқы жерді ойсыратып өтті. Көп ұзатпай траншеяға секіруін сұрады. Кетуі сол екен, орнына гранатамет оғы барып түсіп, тас-талқан еткен. Жаудың сырын алақанында тұрғандай біліп, есебі айна қатесіз келетініне жазушы таң қалған. Осылайша батыр жазушыға өміріне қауіп төндірмес үшін кейін қайтуын өтініпті.

Жекен Жұмаханов батальон штабына келіп, Әлия жөніндегі құжаттармен танысады. Көлемі қобдишадай болатын отқа күймейтін сандықшадан балауыз қағазға оралған Әлияның комсомол және қызыләскерлік билеті шығады. Су тиіп, көп қажалған комсомол билетінің сырты тозған екен. Дегенмен 1944 жылдың қаңтарына дейін мүше болып, жарнасы төленіп, белгісі соғылып отырған. Ал қызыләскер билеті көбіне штабта тұрған болуы керек, жап-жаңа. Ішінде «Лия Молдағұлова, ұлты — қазақ, әскери атағы — ефрейтор…» деп жазылған. Сол ораудың ішінен бірнеше хаттар да шығады: Сапураның «открыткаға» жазған хаты, Бисенбай мен Әби деген туыстарына үшкіл бұрыш конвертке оралған хаттары бар. Соңғы екеуінде мекенжайдың орнына 5 санды дала пошта нөмірлері жазылған екен. Не себепті хаттары жіберілмегенін сұрағанда, сол кездегі қобдишаға жауапты батальонның парторгі алматылық лейтенант  Абдолла Бабашев пен батыр қыздың құрбысы Яковлева 1943 жылдың 16 желтоқсанында жазылған хаттың бұл алғашқы нұсқасы екендігін, қайта көшіріліп Әлия көзі тірісінде жібергендігін айтады.

Жазушыға Зинаида Яковлева Әлияға қатысты тағы бір қызықты оқиғаны баяндап береді: Бірде екі шептің ортасында, ойпатта бір жирен аттың жусап жүргенін көрген Әлия бейсауыт пайда болған атқа сезікпен қарап, маңдайдан және қос өкпеден көздеп атады, бірақ ат құламайды да шыңғырмайтын көрінеді. Атты тексеріп қараса, төрт аяқты жылқы етіп жасалған немістердің барлаушы «техникасы» екен. Бұл батырдың әр нәрсеге мұқият қарайтындығын, байқампаз болғандығын көрсетеді.

… Старшина кезекті ұрыстан кейін сиреп қалған ротаны кешкі тексерістен өткізіп, түгендеп отырады екен. Сол кезде «ұрманов, Ужегова, Попова, Яковлевадан кейін «Молдағұлова» дегенде «Совет Одағының Батыры Молдағұлова Лия орнында жоқ, ол Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы ұрыстарда қаза болды!»  деген саңқылдаған дауыс қапаландыра да, жұбата да естілетін болған. Бұл — Әлияның атының өшпегені, өлсе де, өлмегенге тең болғаны…

Батырдың өзі Сапураға жазған хатындағы Абайдың:

«Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,

Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен

Арттағыға сөзің мен ісің қалса,

Өлсең де өлмегенге боласың тең», — деген өлең жолдары өзіне арналғандай…

Толқын ЖАҢАБЕРГЕНОВА,

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлова музейінің бас қор сақтаушысы.

  • Туған елдің перзенті

 БӨГЕТСАЙЛЫҚ ПРОФЕССОР

Медицина  ғылымдарының кандидаты, Ресей Жаратылыстану Академиясының профессоры Жанпейіс Талдықбаев — Бөгетсай ауылының перзенті. Ғалымның медицина саласына әкелген жаңалығын бүгінде дәрігерлер ота жасау кезінде басты назарда ұстайды.

Жанпейіс Сақанұлы 1951 жылы бұрынғы Қарабұтақ ауданы Бөгетсай ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған жас түлектің таңдауы дәрігерлік мамандықты игеру еді. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын 1975 жылы бітіріп шыққан жас маман аталған оқу орнының анатомия кафедрасында алғашқы еңбек жолын бастайды. Оқытушы-профессорлық құрамның қасында жүрген жас маман үшін бұл ортадағы үш жыл уақыт оның өзін-өзі ширата түсуіне зор мүмкіндік болды.

Ол 1978-1980 жылдары облыстық диспансерде дәрігер рентгенолог болды. Кейін бес жыл медицина институтының қалыпты физиология кафедрасында қызмет етеді. Жанпейіс Сақанұлы өзінің ғылымға бет бұруына ұстаздары — Сембай Марданов пен Марат Ізтілеуовтердің айтқан кеңесі, солардың ағалық ақылына құлақ түргенін бүгінде зор ықыласпен айтады. Осылайша жас маман 1985-1988 жылдар аралығында Мәскеудегі Н.Пирогов атындағы мемлекеттік медициналық институтында аспирантурада оқып,  «Ағзаның бұзылған иннервациясы жағдайында бауырдың гематопаренхималық тосқауылын морфофункционалды талдау» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты атағын иеленеді.

Ғалымның медицина саласына әкелген жаңалығын бүгінде хирургтер ота жасау кезінде басты назарда ұстайды.

Хирургтер асқазандағы жара, ісік сияқты басқа да ауруларға ота жасаған уақытта бауырға баратын жіңішке жүйке талшықтарын зақымдап алмауы керек. Дәрігерлер осы істе көп жағдайда байқамай, қателікке бой алдырып жатады. Себебі бауырға және асқазанға баратын жүйке талшықтары бір-біріне өте жақын орналасқан. Егер ота кезінде мұндай жүйке талшығын абайсызда зақымдап алса, онда бауырдың, оның айналасындағы жасушалар құрылымы мен қызметі бұзылады. Ал отадан шыққан науқас үш-төрт ай оның зардабын тартады. Содан соң ғана жасушалар қалыпты қызметтерін атқарады. Менің медицина саласы бойынша ғылымға әкелгендегі жаңалығым сол — хирургтарға асқазанға ота жасау кезінде бауырға баратын жүйке талшығына абай болу, яғни бауырдың нервтік реттелуін зақымдап алмау жөнінде ұсыныс бергем. Бүгінде мұның клиникада, дәлірек айтсақ, хирургияда пайдасы бар, — деді ол.

Терең кәсіби білім мен ғылыми дәрежені игерген Жанпейіс Сақанұлының алдынан талай шәкірт шықты. 1989 жылдан жаңа ғасырдың алғашқы жылдарына дейінгі аралықта ол Ақтөбе медицина институтында гистология, эмбриология және цитология кафедрасында жемісті қызмет атқарды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде он жылға жуық еңбек еткен уақыт та кейіпкеріміздің ғылымға едәуір үлес қосқан кезеңдері болды. Кейін оның қызметі Астанадағы агротехникалық университетте жалғасады. Бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жаратылыстану факультетінің биология және генетика кафедрасында қызмет жасайтын ғалымның қырық бес жылдық педагогикалық еңбек өтілінде 70-тен астам еңбегі ғылыми баспаларда басылып шығыпты.

Отыздан астам — бакалаврдың, жиырмадан астам магистрдің дипломдық жұмыстарына жетекшілік еткен ғалымға былтыр Ресей академиясы білім мен ғылым саласына сіңірген еңбегін жоғары бағалап, профессор атағын беріпті. Қазіргі кезде ғалым оқу құралдарын шығару жолында еңбектеніп жатқанын айтады.

Қазір оның авторлығымен анатомия пәні бойынша шығарылған оқу құралын екінші курс студенттері университет кітапханасында отырып оқып жүр.

… Ор өзенінің бойы тұнған тарих. Бұл өңірде талай атпал азаматтар дүниеге келіп, ел есіне өздерінің өшпес шежіресін жазып қалдырған. Белгілі спортшы Күнсәуле Сұлтанмұратұлының бір кездері шәкірті болған Жанпейіс Талдықбаевтың былғары қолғап киіп, шаршы алаңда қарсыласты шаң қаптырғанын бүгінде бірі білсе, бірі білмес.

Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button