Әлеумет

Өмір қуанышы

 Жүздескенде жылы жымиып, кім-кімге де ілтипатын білдіріп жүретін осы жігіт ағасының елмен етене араласып, үнемі көпшілік ортасынан табылатыны, игілікті істерде белсенділік танытып, сөзбен де, қолдай да кірісіп кететін, кісі баласына қамқорлық жасауға әзір тұратын қағілез мінезі туралы сыртынан жиі айтылады. Ал өзімен тілдесе қалсаңыз, қарапайым қалпымен адамдар арасындағы ауызбіршілік, жақсылық жасау, елдік пен бірлік төңірегіндегі жақсы ойларын тілге тиек етіп отырады.

Бұл — облыстық мәслихаттың бірнеше мәрте депутаты, «Әлия жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, елдің танымал азаматы, бүгінде жетпіс жастың биігін бағындырып отырған Жұмабек Қоқанов туралы әңгіменің бастауы.

Теміржолдың бойында

Ол туып-өскен Шұбарқұдық станциясы арқылы күні-түні пойыздар тынымсыз өтіп жатады. Вагондар доңғалағының дүрсілі бұл мекеннің балаларына таңсық емес. Оның қатарластары үшін бос уақытты вокзал маңында өткізу әдет сияқты да еді ол кезде. Сол себептен де болар, кейін көпшілігі теміржолшы мамандығын таңдады.

Жұмабектің әкесі Құлмұхамбет кәнігі теміржолшы болды. Ол жол бойының қара жұмысымен шыныққан. Он төрт жасында Қалмаққырғанда еңбек жолын бастап, елу бес жыл ғұмырын осы салаға арнаған. 1946 жылы армия қатарына алынғанда да теміржол бөлімінде қызмет еткен. Бес жыл бойы КСРО деп аталатын алып елдің батыс шекарасындағы Брестен Краковқа дейінгі шойын жол құрылыстарында қалпына келтіру жұмыстарына қатысады. Армиядан оралған соң Шұбарқұдықта жол мастері қызметіне кіріседі.

Бір қызығы, отбасын құрып, балалы-шағалы бола бастағанының өзінде білімін жетілдіріп, мамандығын тереңірек игеруді көздеген. Сөйтіп, Ташкенттегі теміржол техникумына оқуға түсіп, үш жыл білім алады. Осындай ұмтылыстардың нәтижесінде Шұбарқұдықтағы жол шебері қызметінен Батыс Қазақстан теміржолы басқармасының жол қызметі бөлімінің бас маманы лауазымына дейін көтеріледі.

Әкесінің теміржол бойындағы тынымсыз тірлігі, мамандығын шексіз қадірлейтіні баласына да әсер етері анық қой. Біразға дейін теміржолшы болуға ой тоқтатпағанымен, әкесінің жанында жүріп осы кәсіптің қыр-сырын бала кезінен сезініп өсті.

Анасы Ақтолқын сонау соғыстың сұрапыл жылдарында елдегі халық басындағы қасіретті жеңілдетуге көп еңбек сіңіріпті. Қаршадай қыз панасыз қалған жетім балаларды басынан сипап, қанатымен су сепкен қарлығаштай олардың әрқайсысына қамқорлық жасауға ұмтылған. Бүгінде адам айтса нанғысыз, ол алпысқа жуық жетімекке жүрек жылуын сыйлаған.

Солардың көпшілігі кейін үйлі-баранды болып, қысталаң шақтар артта қалғанда сол аялы алақанның жылуын ұмытпай, көпке дейін алғыстарын білдіріп жүріпті.

Осындай ортада өскен Жұмабектің бойындағы ізгіліктің ұшқындары бүгінде ұрпақтарына жалғасуда.

Әдетте азамат үшін мамандық таңдау мен жар таңдауда қателеспеу маңызды екені көп айтылады. Жұмабектің өзі әуел баста мұғалім болуды жоспарлап жүріпті. Мектепте жақсы оқығаны бар, оның үстіне ұлағатты ұстаздарына еліктеп, осы жолға бүйрегі бұрған шығар, бәлкім. Сөйтіп, Ақтөбедегі педагогикалық институттың физика-математика факультетіне баруға іштей шешім қабылдап жүргенде, Сәкен Үркімбаев деген ұстазы өзі оқытатын физика мен математикадан дайындығы жөнінде сұрап қалмасы бар ма?! Бұны бастапқыда өзінде жақсылыққа жорып, қуанып қалған. Алайда мұғалімнің ойы басқаша екен. «Жұмабек, сенің ойыңды білемін. Мұғалім болғың келеді, бұл да оңай жұмыс емес. Келешек техникалық мамандардың қолында болатынын ескер. Сен теміржолшының отбасында өстің. Сондықтан менің ағалық кеңесім — осы салаға барғаныңды жөн көремін», — деді ол. Шын жанашырлық сөз оны қатты толқытты. Дегенмен өзінің бастапқы ойынан өзгеру де оңайға соқпады.

Бәрібір үлкендердің ақылын тыңдап, болашақ мамандығын «өзгертті».

Сонымен, 1970 жылы орта мектепті жақсы тәмамдап, Алматы теміржол инженерлері институтына оқуға түсті. Мұнда да сабақты жақсы оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарға, оның ішінде мәдени-көпшілік шараларға, спорттық сайыстарға белсене араласты. Жазғы каникулда студенттік құрылыс отряды құрамында еңбек етті. Қандыағашта, Атырау, Орал өңірлерінде теміржолдар мен тұрғын үй құрылысына қатысты.

Студент Жұмабек Қоқанов өз ортасында оқу озаты, қоғам белсендісі, студенттік құрылыс отрядының командирі ретінде танылды. Ол жолдастарын жанына ертіп алып, Алматы театрларының жаңа қойылымдарынан қалдырмайтын, «Қайрат» командасының сенімді жанкүйерлері де осылар болатын.

1975 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіріп, қолына үздік дипломын алған жас маман көп ойланбастан туған жерге жол тартты. Өзінің балалық шағы өткен Шұбарқұдық станциясында кезекші қызметінен еңбек жолын бастады. Жұмыс өте жауапты еді. Өйткені сол тұста іргелес Шиілсай фосфорит кенішін игеру жұмысы Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс деп жарияланып, жүк вагондарының бағыты КСРО-ның әр тұсынан осылай қарай молынан бағыт алған-ды. Соларды кестеге сай қабылдап, дер кезінде жөнелтіп отыру теміржол қызметіне тәуелді болды. Осы міндеттерді абыроймен орындаған жас маман бір жылдан соң станция бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Жұмабек Құлмұхамбетұлы сол кезде кадралар даярлау мәселесіне көп көңіл бөледі. Бекет бойында тұратын ата-аналармен сөйлесіп, олардың балаларын теміржол саласының автоматика және телемеханика мамандығын игеруге бейімдеді. Мұның пайдасы еліміз егемендік алған тұста бірден көрінді. Бұған дейін Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан келіп істейтін мамандар елдеріне қайтқан кезде Шұбарқұдық аймағына оның салдары байқалған жоқ.

Егер Жұмабек Қоқановтың бұдан кейінгі еңбек жолына көз жүгіртсек, ол Шұбарқұдық станциясының бастығы, Орал теміржол бөлімі бастығының орынбасары, бастығы, ал 1991-1997 жылдары Батыс Қазақстан теміржолының жүк тасымалдау басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. Нарық заңы, экономикалық қиындықтар ұзақ жылдар қалыптасқан жұмысы бар Батыс Қазақстан теміржолы басқармасының тарауына әкеліп соқты. Сол кезде Жөкең «Калибра» деп аталатын бірлескен кәсіпорын басшылығына келді.

… Уақыт жылжып өтіп жатыр. Жаңа ғасыр басталды. Өмірлік тәжірибе бар. Жұмабек Құлмұхамбетұлы осы кезде кәсіпкерлікпен шұғылдануға бет бұрды. Ол да оңай емес екен. Банктен 3 миллион теңге несие алып, «Әлия жолдары» деп аталатын серіктестік ашты.

«Мен бала кезімнен қазақтың батыр қызы Әлия есімін ардақтап өстім, ол туралы кітаптарды да көп оқыдым. Серіктестік атын қойғанда да аяулы апамызға деген құрмет сезімі ойымда тұрды, оның үстіне сол кісідей батыр болсын деп өз қызыма да Әлия есімін бергенмін», — дейді ол.

Бастапқыда бірер техника сатып алып, тасымал жұмыстарымен шұғылданды. Ауыл шаруашылығы жұмыстарымен де айналысты. Бірте-бірте мұнай компанияларымен ынтымақтастық негізінде жұмыс істей бастады. Бүгінде ол басқаратын компания — жан-жақты шаруашылығы бар, көптеген адамдарды жұмыспен қамтып отырған іргелі ұжымдардың бірі.

Жұмабек Қоқановтың ерен еңбегі, қоғамдық белсенділігі «Құрмет» орденімен, «Шапағат» медалімен, басқа да мемлекеттік марапаттармен атап өтілді.

Депутат демеушілігі

 «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дегендей, жұртшылықтың көп мұқтажы әдетте депутаттарға тіреліп жатады. Ел ішінде жиі болып, өзінің сайлаушыларымен тұрақты кездесетін Жұмабек Құлмұханбетұлының бір ой-мақсаты — солардың тілегін орындау, ойлаған шаруаларын шешуге үлес қосу іспетті болып қалыптасты.

Ол депутаттық мандат алған соң-ақ жұртшылықты мазалаған мәселелерге назар аудара бастады. Соның бірі — Шұбарқұдық-Ойыл тасжолының жарамсыздығы еді. Дереу іске кірісіп, Алтықарасу елді мекеніне дейін қатты жамылғы төсеуге бастамашы болды. Аталған жол бойында үш көпір салуға қаржы бөлінді.

Осыдан жиырма жыл бұрынғы кезең еді. Экономикалық жағынан қысталаңдау шақ болатын. Соған қарамастан, Теректі және Қопа ауылдарында 320 орындық екі мектеп салу мүмкіндігі табылды. Аталған елді мекендердің ауызсу проблемасы да оңтайлы шешілді. Кеңқияқ пен Сарыкөл ауылдарының тұрғындары да тұщы суға қол жеткізді. Кеңқияқ-Ақтөбе тасжолының Победаға дейінгі аралығын жөндеу де сол жылдарда аяқталды.

2011 жылы Темір қаласы мен Жамбыл ауылының аралығындағы көпірге облыстық бюджеттен 150 миллион теңге бөлініп, тұрғындар қатынас қиындығынан құтылды.

Депутатпен бір кездесуде Байғанин ауданының тұрғындары оған Кеңқияқтан газ желісін жеткізуге, ауызсу құбырын тарттыруға ықпал етуін сұрады. Бұл проблема да дер кезінде шешілді. Әрине, қазір шешілді деп айтуға оңай. Әйтпесе тиісті орындар алдында нақты дәлелдемелер келтіруге, құжаттармен сараптама жасауға тура келген тұстар аз болмады.

Мәртөк ауданына газ құбырын тарту ісінде де Жұмабектің депутат әріптестері белсенділік көрсетті.

Әрине, көптеген игілікті істер депутат Жұмабек Қоқановтың тікелей араласуымен, шынайы жанашырлығымен атқарылғанын қалың жұртшылық жақсы біледі. Әр кезде оған алғыс айтып жүргендер де жеткілікті. Бірақ Жөкеңнің өзі олай санамайды. Қай шаруаны да көптің ісі деп біледі.

Ол жағдайы қиын, қиындықтағы адамдарға көмек көрсетуді өзінің азаматтық парызы санайды. Балалар үйлеріне, соғыс және еңбек ардагерлеріне үнемі қолдау жасап келеді. Батыр қыз Әлия дүниеге келген Бұлақ ауылында аллея салып, ағаштар, гүлдер отырғызды.

Көңіліне бір медет тұтар шаруасы  Шұбарқұдықтан Досжан хазірет мешітін тұрғызып бергені.

Имандылық сәулесін айналаға тарату — оның жүрек әмірі іспетті. Сондықтан да біз Жұмабек аға атқарған көп тірлікті түгендеуді мақсат тұтпадық бұл ретте.

Атадан алтау туған соң…

Олар Құлмұхамбеттен туған алты ағайынды. Абай айтқандай, «атайдан алтау болған адамның жалғыздық көрер жері жоқ».

Үлкені өзі болған соң Жұмабекке түсетін жүк те ауыр болатыны белгілі. Көш бастаған секілді бір дүние ғой…

Өзінен тетелес інісі Бейсенбаймен арасы бір жастай ғана болатын. Орда бұзар отыз жасында жол апатынан қаза тапты. Ізіндегі өкшелес бауырының бақилық сапарға мезгілсіз кеткені оңайға соқпады. Артында үш бала қалды. Үлкені Асқар жетіде, одан кейінгі Жанат пен Нұрлан да енді желкілдеп өсіп келе жатқан кез еді. «Бұлар енді қалай адам болады?» деп күңіренген ағайындар да болмай қалған жоқ. Шүкір, жетілді бәрі де. Асқар қазір өңірдегі сөзі де өтімді, қолынан да іс келетін беделді азаматтардың бірі.

Жөкеңнің ақылымен жүріп, айтқанын істеп, алғы қатарға шықты. Балаларға сол үшін де ырза.

Әулеттегі екі ер баладан кейінгі қос қарындасы да аға қамқорлығын көріп өсті. Жәния ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарды, бес перзент тәрбиелеп, азамат етіп өсірді.

Ал Қалам болса, бүгінде Атырау облысында тұрып жатыр, төрт қызғалдағына жақсы тәлім беріп, жоғары білім алуларына жағдай жасады.

Самат деген інісінің он бес жасында Алматы қаласында өмірден озуы да бірге өскен бауырлардың жүректеріне салмақ түсірді.

Ал кенже інісі Марат кешегі кеңшарлар тараған кезде, қалаға көшіп келіп, Жұмабек ағасының жанынан табылды. Төрт баласын үйлендіріп, тіршілігін түзеді.

Марат әке-шешесін бағып-қағып, ақтық сапарына өз шаңырағынан жөнелтті.

Сондай шаруалардың бәрінің басы-қасында бағыт беруші Жөкең болғанда, оның аяулы жары Лида азаматын қолдап, көп істі үйлестіріп жүруші еді…

Қазақ «Бірге тумақ болғанмен, бірге өлмек жоқ» екендігін де айтып кеткен. Бірақ ағайынның татулығына, ауызбіршілігіне не жетсін!

Жұмабек аға ұстанатын басты қағида да осы!

Жарасымы мол жылдар

Ұлы Абайдың «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар…» деп аталатын өлең жолдары ойға оралатыны бар кейде.

Бір мектепте қатар оқып, жастық шақтың қызулы күндерінде тілек табыстырған жан жары Лидамен жарасты ғұмыр кешкенін қалай ұмыта алар?!

Міне, бес жылдай уақыт болды, шаңырақтың шуағын молайтқан, балаларының аяулы анасы, ауыл-елге қадірлі, ағайынға сыйлы болған өмірлік серігінің мәңгілік сапарға мезгілсіз жол шеккеніне…

Өмірімнің ажары, көңілімнің базары деп ұғынған сол жанмен мектепте бірге оқыды, арман құстарын аспанға бірге ұшырғандай күй кешкен күндер сірә да естен кетер ме?!

Екеуі де теміржолшы мамандығын таңдады. Байқап қараса, теміржолдың қос рельсі секілді өмір ағыстары да қатар өрілген екен. Лиданың әкесі уақытында әскери қызметте болған, соғыс ардагері, аудан прокуроры болған адам. Өзінің қадір-қасиетімен елге сыйлы, көпке қадірлі азамат, өкінішке қарай, балаларының қол ұстасып жүрген қызығын мейірі қанып, көп көре алмады.

Лида келін болып түскен кезінен ата-енесін аялаған, олардың бабын таба білетін сүйкімді жан болып танылды. Отбасында азаматын ардақтаған аяулы жар, балаларының сүйікті анасы атанды.

Олардың үлкені Ләззат педагогикалық институтты бітіріп, ұстаздық жолды қалады. Гүлшат — теміржолшы. Әлия мен Руслан — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің түлектері.

Қазір олардың қай-қайсысы да ел таныған азаматтар деңгейінде, өздері ұрпақ өсіріп, немерелері ата құшағында ерекелеп өсуде.

…Жұмабек Құлмұхамбетұлы жетпісінде де жігерін жани түсуде. Оған балаларынан тараған кішкене бүлдіршіндерінің сәби күлкісі қуат береді ылғи да. Өмір қуанышының өзі де осы емес пе?!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button