Әлеумет

Зорлық-зомбылық қоғамға жат болуы керек

Биыл облыста әйелдердің отбасылық жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық көруіне байланысты 6 қылмыстық іс тіркелген. Қазір құқық қорғау органдары осындай жағымсыз жағдайлардың алдын алу үшін жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Біз осы орайда жауапты органдардың өкілдері мен отбасында зардап шеккен әйелдермен тілдескен едік…

 Заңға өзгерістер енді: жауапкершілік күшейді

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Атап айтсақ, барлық өңірдегі полиция бөлімдері тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстырды. Яғни ендігі жерде жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға болады. Ол үшін әйел адамның тұрмыстық зорлық-зомбылық көргені туралы көршілері, туыстары, таныстары сотқа дерек берсе болғаны.

Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ақгүл Қасанғалиеваның айтуынша, биыл жаңа заңға сәйкес екі тарапты қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталды. Себебі қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің дені іс сотта қаралған кезде арыздарын қайтарып алатын болған.

1 шілдеден бастап елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған азаматтарға қарсы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейді. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 106 және 107-бабына денсаулыққа ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіру бойынша «Кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» белгісі енгізілді. Бұл қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу санкциясын қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді, — дейді А.Қасанғалиева.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері өңірде әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық көруіне байланысты 6 қылмыстық іс тіркелген. Атап айтсақ, үш әйелге отбасында қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтірілсе, екі әйел қасақана жасалған соққының салдарынан дене жарақатын алған. Ал бір дерек тағы басқа себепке байланысты болып отыр. Былтыр облыста дәл осындай жағдайда 7 әйел зәбір көрген. Ал жалпы қыз-келіншектерге қатысты І жартыжылдықта 919 іс қозғалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға төмен.

Сондай-ақ былтыр облыста 777 ер адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылса, биыл полиция инспекторлары 969 адамды заң аясында жазалаған. Сондай-ақ жыл басынан бері 2800-ден астам ер адамның үстінен нұсқама толтырылып, соттың шешіміне сәйкес 797 отағасына ерекше талап қойылған. Бұл көрсеткіштер, өкінішке қарай, биыл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көбейіп отыр. Демек, жыл артқан сайын әкімшілік жауапкершілікке тартылған ер адамдар саны көбеюде.

Инспекторлардың айтуынша, бүгінде әйелдердің дені отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықты ішімдікке салынған, нашақор, жұмыссыз және мінез-құлқы бұзылған күйеулерінен көреді. Кей кезде мұндай қиындыққа шыдамаған әйелдер өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады екен.

— Біз әйелдер арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жыл басынан бері үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп көптеген іс-шара өткіздік. Олардың қатарында семинарлар, тренингтер, кездесулер, тағы басқа да алдын алу шаралары бар. Сондай-ақ биыл «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтат!» акциясы аясында ерлі-зайыптылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Осы іс-шаралардың нәтижесінде облыстағы дағдарыс орталықтарына көмекке мұқтаж әйелдер орналастырылып, оларға жан-жақты қолдау көрсетілді, — дейді полиция майоры.

Зардап шеккендер қайда тұрып жатыр?

Бүгінде Ақтөбе қаласында отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған «Малика» орталығы жұмыс істейді. Қазір мұнда, 7 әйел, 13 бала тұрып жатыр. Олар орталықта 1-6 ай аралығында тұрып, жан-жақты көмек ала алады.

Орталық ашылғаннан бері жүздеген әйел мен балаға көмек бердік. Мәселен, біздің орталықтың қызметкерлері аналарға, мұқтаж жандарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және экономикалық жағынан жан-жақты қолдау көрсетеді. Біз орталыққа келген әйелдердің жұмысқа тұрып, табыс табуына, балаларының балабақшалар мен мектептерге орналасуына көмек көрсетеміз. Мұнда олар күніне төрт мезгіл тегін тамақтанады. Сондай-ақ балаларды саябақтарға, мұражайларға, басқа да мәдени орындарға апарамыз. Қазір орталықта тұрып жатқан балалар жаңа оқу жылына дайындалып жатыр, — дейді «Малика» орталығының психологі Әдемі Сопбекова.

Ал Ақтөбе қалалық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықта қазір 9 әйел, 20 бала тұрып жатыр. Бүгінде оларға орталық мамандары әлеуметтік қызметтер көрсетуде.

Бұл орталықта көмекке мұқтаж жандарға 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ бұл мекеме әйелдер мен балаларды төсек-орын, жеке гигиеналық заттар және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етеді.

Орталық 50 адамға арналған. Орталық мамандарының айтуынша, бүгінге дейін мұнда 247 әйел, 458 бала қабылданып, 705 қызмет алушыға әртүрлі әлеуметтік қызметтер ұсынылған. Оның ішінде биыл жыл басынан бері 49 әйел және 89 бала орталық қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.

Өкінішке қарай, ХХІ ғасырда өмір сүріп жатсақ та, әлі де қоғамда күйеуінен таяқ жейтін, ата-енесінен ауыр сөз еститін әйелдер, отбасында өгей әке-шешесінен қорлық көретін балалар саны азаймай отыр.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Айым Адаева (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді — авт.) 24 жыл бұрын тұрмысқа шыққан. Бүгінде 5 бала тәрбиелеп, өсіріп отыр. Ширек ғасырға жуық бірге өмір сүріп келе жатқан жолдасы осыдан бірнеше жыл бұрын жаман әдеттерге әуес болып, әйеліне қол көтеретінді шығарған. Қазір ерлі-зайыптылар ажырасу процесінде. Екеуі бөлек тұрып жатыр. Балалары аналарымен бірге тұрып жатыр екен.

Жолдасым мұнай саласында көп жыл жұмыс істеді. Осыдан 5-6 жыл бұрын қысқарып, жұмыссыз қалды. Содан бос уақыты көп болған соң ба, әйтеуір, жаман әдеттерге құмар болып, бұзылды. Үйде айқай-шу шығарып,, мені, балаларды үйден қуатын болды.. Кейде ішпей-жемей, маған қол көтеретін. Ақырында, міне, ажырасуға арыз бердім. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Балалар әкелерін қимайды, бірақ бұлай өмір сүре алмаймыз. Енді не боларын білмеймін, — дейді Айым.


 «Ақтөбенің» анықтамасы

БҰҰ-ның статистикасына сүйенсек, әлем әйелдерінің 35 пайызы жыныстық және физикалық зорлық-зомбылықты бастан өткізген. Яғни дүниежүзі мемлекеттерінің көбінде қатыгездікке тыйым салу заңдары бекітілгенімен, әйелдердің 35 пайызы зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ал кейбір елдерде бұл көрсеткіш 70 пайызға жетеді.

Ал біздің елімізде өткен жылы 300 баланың арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде олардың 60 пайыздан астамы отбасында өздерін қауіпсіз сезінбейтінін жеткізген. Себебі отбасында әкесінің анасына зорлық-зомбылық көрсететіні айтылған.


Көп жыл бірге тұрып, тату-тәтті өмір сүрген отбасының шаңырағы осылайша ортасынан түседі деп кім ойлаған? Айым ендігі уақытта жұмысқа орналасып, балаларын өзі тәрбиелемек. Әзірге ол психолог мамандардан кеңес алып жүр.

Ал психолог мамандардың айтуынша, қазір қоғамдаотбасында әйелдер көбірек зардап шегеді. Себебі әйелдер көп жағдайда отбасын сақтауға тырысады, балалары үшін күйеуінің таяғына көніп жүре береді. Ажырасып, ата-анасының үйіне баруға намыстанады. Сондықтан бүгінде отбасындағы осындай кикілжіңдердің алдын алу үшін отбасылық құндылықтарды көбірек насихаттау керек. Бұл орайда қазір Ақтөбе қаласында

«Бақытты отбасы» орталығы жұмыс жасауда. Бұл орталық отбасылық өмірде мамандардың көмегіне мұқтаж болған ерлі-зайыптыларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді. Қазір мұнда ерлі-зайыптылармен бірге ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында түрлі тренингтер, басқосулар өткізіледі. Отбасылық мәселелерді шешуге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға жағдай жасалады. Бұл жерде отбасылар медиатор, психолог мамандардың көмегіне жүгіне отырып, жұмыс істегісі, кәсіп ашқысы келетін әйел-аналар шеберлік сағаттарына қатыса алады.

Р.S. «Алып анадан туады» дегенді дана халқымыз бекерге айтпаған. Қазақ әйелі ардақты ана, отбасының қамқоршысы. Балалар біздің болашағымыз десек, аналарымыз сол жас ұрпақтың бойына адалдық, адамгершілік, имандылық пен отансүйгіштік сияқты асыл қасиеттерді дарытады. Сондықтан әйел-аналарға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету, оларды отбасында кемсіту — әлсіз еркектерге тән ғана әрекет.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button