Ақтөбенің жас экобелсенділері бас қосты
Ақтөбенің жас экобелсенділері былтыр өздері құрған «Eco MADENIET» волонтерлік қозғалысының бір жылдығын атап өтті.
Қала сыртындағы демалыс базаларының бірінде бас қосқан жас экобелсенділердің жиынына қала әкімі Азамат Бекет те барып, жастармен кездесті.
«Eco MADENIET» жас еріктілер ұйымының жетекшісі — Есет батыр тұрғын алабындағы №60 мектептің 10-сынып оқушысы Темірлан Жолдыбай.
— Әлеуметтік желілерден алматылық еріктілердің экология, қала тазалығына қатысты бейнежазбаларын көріп, қатты ойландым. Әсіресе туған қалам —Ақтөбемнің тазалығына, экологиялық мәселелеріне бейжай қарай алмайтынымды түсіндім. Сөйтіп, өзім секілді жастардың басын қосып, еріктілер қозғалысын құрдым. Әуелі 40 едік, бүгінде экологияның кішкентай жанашырлары күн санап көбейіп келеді. Қазір ұйымда 15 пен 25 жас аралығындағы 250-ден астам мүше бар. Бізге қаладағы экобелсенділердің бірі, қалалық мәслихат депутаты Айман Қази қолдау білдіріп, жыл бойы жанымыздан табылады. Бір жыл ішінде саябақтарды, жағалауларды қоқыстан тазартып, экоакциялар ұйымдастырдық. Жазда жиі бас қосып, тазалық жұмыстарымен айналысамыз. Қоқысты сұрыптап жинауға тырысамыз, қазір қалада қабылдау пункттері бар, соларға тапсырамыз. Сосын біздің арамызда «Ақтөбе» футбол клубының жанкүйерлері көп. Сондықтан біздің тазалайтын тағы бір алаңымыз — Орталық стадион. Ойынға дейін Орталық стадионға жиналған жанкүйерлермен кездесіп, тазалық сақтауды ескертеміз, футболдан соң тамақ қалдықтары мен сусын құтыларын жинап кетеміз, — дейді 16 жастағы экобелсенді Темірлан Жолдыбай. Сонымен қатар ол «Eco MADENIET» ұйымының мүшелері тек тазалық жұмыстарымен ғана айналыспайтынын, қаламыздағы жастарға арналған іс-шаралардың басы-қасынан табылуға тырысатынын айтты.
Кездесуде Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет жастардың игі ісіне ризашылығын білдірді.
— Сіздер үлкен жұмыс атқарып жүрсіздер. Жастардың мұндай бастамаларын әркез қолдауға дайынбыз. Экомәдениетті тұрғындар арасында қалыптастыруға, табиғатты аялауды насихаттауға үлес қосып жүрген істеріңіз көпшілікке үлгі. Қатарларыңыз көбейсін! — деді ол.
Волонтерлік ұйым жетекшісі Темірлан «Eco MADENIET» жас еріктілер ұйымының әлеуметтік желілердегі @eco_madeniet парақшасына тіркеліп, сол жердегі сауалнаманы толтырып, экобелсенділер қатарына қосылуға болатынын айтты.
Бұл күні жастар мен жасөспірімдер ән салды, қала әкімімен емен-жарқын әңгімелесіп, өз мақсаттарымен бөлісті.
Бетті әзірлеген Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.