Жылыту маусымына дайындық пысықталды
Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында жылу жүйесін күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселенің бірі — қыс мезгілінде емдеу мекемесіндегі палаталар мен басқа да бөлмелердің суықтығы.
Аталған нысанға облыс әкімі Ералы Тоғжанов барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
— Қазіргі таңда қазандықтар, жабдықтар, сонымен қатар жылу желілері жаңа құбырларға алмастырылып жатыр. Бір айдан кейін, жылу маусымының басына қарай аяқтаймыз, — деді бас дәрігер Ербол Жапақов.
Ақтөбе медицина орталығында да жылу маусымына дайындық жоспарға сай. Мұнда да жаңа қазандықтар қондырылып, барлық жылу жүйесі тексерілуде.
Бұдан бөлек өңір басшысы білім беру ошақтарының ғимараттарындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. №9 мектеп-гимназияда 35 жылдың ішінде алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық инженерлік желілер алмастырылып, қасбеті монтаждалып жатыр. Ералы Тоғжанов жұмыстағы кейбір олқылықтарға, атап айтқанда, қасбет панельдерінің түйіскен жеріндегі үлкен саңылауларға назар аударып, жұмыс сапасын тексеруді және анықталған ескертулерді жоюды тапсырды.
Сазды орта мектебіндегі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Мекеме әкімшілігі проблемалық сұрақтардың жоқ екендігіне сендірді.
Облыс әкімі уәкілетті мемлекеттік орган басшыларына атқарылып жатқан жұмыстың сапасын, уақытында тапсырылуын бақылау қажеттігін ескертті.
Бұған дейін хабарланғандай, 22 тамыздағы жағдай бойынша өңір жылу маусымына 89 пайызға дайын. 563 қазандық, 57,9 шақырым кәріз-су желісі, 11,7 шақырым жылу желісі жөнделді. Бұл бағыттағы жұмыс қазір де жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар отын жинақтау жұмыстары жалғасуда, бюджеттік мекемелерде көмір қоры — 27 268 тонна, дизель отыны — 1 500 тонна, бұл тиісінше бекітілген нормалардың 84 және 79 пайызына сәйкес келеді.
А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.