Қала

Жаңа тазалық операторы іске кірісті

1 тамыздан бастап қаламыздағы қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинап-шығарумен жаңа оператор — «ATK QYZMET» ЖШС айналысып жатыр.

«ATK QYZMET»  тазалықшылары қаладағы қоқысты күн сайын екі ауысымда жинап тасиды. Қазіргі уақытта қала аумағындағы қоқыс шығару жұмыстарына барлығы 26 түрлі арнайы техника, оның ішінде қала әкімдігі сатып алған қоқыс таситын 12 жаңа көлік жұмылдырылған.

«ATK QYZMET» ЖШС директорының орынбасары Әлібек Селешовтің айтуынша, бірінші кезеңде — 20, екінші кезеңде 13 жүргізуші демалмастан жұмыс істеп жүр.

— Ақтөбе халқы жыл санап көбейіп келеді. Тиісінше әр үйден шығарылатын қоқыс та көп. Сондықтан жұмыс ауқымы үлкен. Әзірге арнайы техникалар жеткіліксіз. Көліктер толық келгенше, осылай екі ауысымда жұмыс істей тұрамыз, — дейді Әлібек Селешов.

Жоспар бойынша, қыркүйек айының соңына дейін қоқыс таситын тағы 13 жаңа көлік әкелінбек. Тазалықшылар сол кезде ғана қоқыс шығару жағдайы қалыпқа келетініне сендіреді.

Бірнеше жылдан бері қала қоқысын полигонға тасып жүрген Рамазан Нұрманов жаңа техниканың берілгеніне дән риза.

— Жаңа көліктер — сапалы қызмет көрсетудің дәнекері. Мен, негізінен, Бауырластар елді мекені жағында жүремін. Қала ішіндегі қоқысты уақытылы жинау, тасу үшін жұмыс ерте басталып, кеш аяқталады, — дейді көлік жүргізуші Р.Нұрманов.

«ATK QYZMET» мекемесінде қатты-тұрмыстық қалдықтар шығару мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін колл-орталық ұйымдастырылды: 📞 8 708 471 0750, 8 771 729 7708 (18.00-ден кейін ватсап). Тазалық операторының әлеуметтік желідегі парақшасына @atkqyzmet_aktobe  жазуға да болады.
Жазда қатты-тұрмыстық қалдықтарға тариф мәслихат шешімімен көп қабатты тұрғын үйлердің пәтер иелері үшін 417 теңге және жеке сектордың тұрғын үй иелері үшін 450 теңге мөлшерінде бекітілді. Жаңа тариф 1 тамыздан бастап қолданылады. Осыған дейін жаңа тариф бойынша түбіртектер алған абоненттерге қайта есептеу жүргізіледі.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button