Әлеумет

Үлкеннің ісі — өнеге

Облыстық ардагерлер кеңесінің президиум отырысында облыс тұрғындарына ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы атқарылған жұмыстар және Мұғалжар, Ойыл, Темір аудандарындағы «Ардагерлердің белсенді ұзақ өмір сүруі» орталықтарының жайы сөз болды.

Шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаңғұтов, төрағаның орынбасары Қ.Аймағанбетов, ардагерлер кеңесінің президиум мүшелері, аудандық ардагерлер ұйымдарының төрағалары, Ақтөбе қаласындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекшілері мен салалық ардагерлер кеңесінің төрағалары, қалалық мәдениет мекемелерінің өкілдері қатысты.

Бүгінде облыста ардагерлер ұйымдарымен жұмыс жақсы жолға қойылған. Облыс ардагерлері барлық деңгейдегі мәдени шараларға, қоғамдық жұмыстарға, түрлі спорттық шараларға белсене қатысады. Мәселен, «халықтық» атағы бар Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің «Наставник» соғыс және еңбек ардагерлерінің хоры, «Атамекен» аталар, «Асылым» әжелер ансамбльдері, «Сударужки» хор ұжымы мен Әйтеке би , Ырғыз, Қарғалы, Байғанин, Қобда аудандарындағы «Ақпейіл», «Асыл әжелер», «Ақши сазы», «Айқаракөз»,  т.б. хор ұжымдары ұрпақтар сабақтастығын насихаттауға ерекше үлес қосып келеді.

Сонымен қатар аудан орталықтарында ел игілігі үшін еңбек етіп, өнегелі ісімен көпке танылған аға буынның еңбек жолын жастарға насихаттау мақсатындағы мәдени шаралар жиі ұйымдастырылады.

Президиум отырысында Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин қаладағы тұрғын үй алаптарында көпшілікке арналған мәдени орындардың, спорттық кешендердің бой көтеруіне ардагерлер үнемі бастама көтеретінін жеткізді.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Зәпен Жұмабаева мемлекеттік органдар үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдармен, азаматтық сектор өкілдерімен өзара ынтымақтасып, бірлесіп жұмыс жасауы керектігін жеткізді.

Отырыста баяндама жасаған Ойыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Балмағамбетоваға ауданда архив мекемесінің лайықталған ғимараты жоқтығын,

аудандық архивтің музей ғимаратында бір бөлмеде орналасқанын айтты.

— Алдағы уақытта барлық ауданда архивтерге өз алдына бөлек арнайы ғимараттар берілетін болады. Жалпы, бүгінде облыстық мәдениет басқармасымен бірлескен жобалар жоғары деңгейде өтіп келеді. Биыл «Батамен ел көгерер» сайысына барлық аудан атсалысты. Бұл да жақсы жетістік, — деді жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаңғұтов.

Алқалы жиында ұрпақ бойына ұлттық құндылықтар мен ізгілікті, отаншылдықты сіңіру, жастарды жат әдеттерден сақтандыру, ұлттық идеология және өзге де мәселелер бойынша түрлі ұсыныс-пікір айтылды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button