Спорт

«Ұлы дала жорығы» бәйгесі басталады

Елімізде республикалық «Ұлы дала жорығы» ат спорты марафон бәйгесі басталады. Дүбірлі додаға Ақтөбе облысының ұлттық спорт қауымдастығының спортшылары да қатысады.

«Ұлы дала жорығы» — әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ республикалық ат спорты марафоны. 14 күнге созылатын жарысқа ел өңірлерінен 20 команда, 100 шабандоз қатысады деп жоспарланып отыр.

Жобаның мақсаты — ұлттық ат спортын халықаралық аренаға шығару, жастарды спортқа баулу.

Марафон бәйгесі 5 қыркүйекте ресми түрде ашылады. Марафоншылар қыркүйектің 5-19 аралығында елордадан Түркістан қаласына дейін 1300 шақырым жолды жүріп өтеді.

— «Ұлы дала жорығы»  жобасы — жастарды ұлттық спортқа баулитын бірегей жоба.  Марафон отандық туризм мен ұлттық спортты дамытуға серпіліс беретініне сенімім мол. Былтыр командалық есепте көш бастағанымызбен, жылқыларымыздың жолда ауырып қалуына  байланысты жарыстан шығып қалдық. Осы жарысқа тыңғылықты дайындық жасап жатырмыз. Ақтөбе облысының атынан биыл Сейілғазы Аймағанбетов, Жасұлан Елубаев, Әлихан Мұхаммедов, Бауыржан Ерімбетов, Асхат Қайырмағанбетов сынды шабандоздар қатысады, — дейді Ақтөбе облысы ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Азат Жүкен.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button