Кәсіп

Гүлжанаттың әшекейлері

Хромтау қаласының тұрғыны Гүлжанат Жаманғарина арнайы бөлшектерден ұлттық нақыштағы әшекейлер құрастырады. Оның қолынан шыққан сәндік әшекейлер хромтаулықтар арасында сұранысқа ие.

Он саусағынан өнер тамған кейіпкеріміз бастапқыда әшекей жасауға жай ғана қызығушылық ретінде қарап, өзіне, қыздарына шашбау, алқа жасаған. Кейін көздің жауын аларлық бұйымдар өзгелердің де назарын аударып, оған туыстары, достары мен таныстары тапсырыс бере бастайды. Сөйтіп, Гүлжанат

бұл іске қаңтар айынан бастап кіріскенін айтады.

Шығармашылыққа бейім ол дайын әшекей бөлшектерінен композиция жасайды. Яғни бөлшектерді арнайы құралдармен біріктіріп, сәндік бұйымдарды әзірлеп шығарады. Бұл іс бір қарағанда оңай көрінгенімен, өте ұсақ бөлшектерден тұратын әшекейді талғамы жоғары, төзімді әрі икемді адам ғана жасай алады. Гүлжанаттың айтуынша, бір бұйымды жасауға бірнеше күн қажет. Алдымен шебер қажетті бөлшектерді Ақтөбе қаласынан таңдап алып келеді. Одан соң дизайнды ойластырып, бөлшектерді біріктіруге кіріседі. Бір жиынтық құрамына білезік, сырға, сақина, шашбау, алқа және шекелік (баскиімінің шеке тұсына тағылатын әшекей бұйым) кіреді. Мұндай жиынтықтың бағасы жиырма бес мың теңгеден басталады.

— Бөлшектерді ұзақ уақыт таңдаймын. Өйткені әдемі әшекей жасап шығару үшін олардың үйлесімді болуы маңызды. Темір бөлшектер әр қатарға бірдей ұзындықта жалғануы керек. Әшекейді үш-төрт сағатта жасап шығара алмайсың. Тістеуікке ұқсас, арнайы құралмен темір бөлшектерді ұзақ уақыт бойы біріктірген кезде қолың талады. Оны тапжылмай жасап отыру оңай емес. Сондықтан әлсін-әлсін үзіліс алып отырып жасаймын. Дегенмен маған бөлшектерді үйлестіріп, әшекей жасаған ұнайды. Сондықтан болар, оның қиындығы аса білінбейді, — дейді ісмер.

Ол өзі жасаған әдемі де айшықты әшекейлерді мереке күндері ғана емес, күнделікті өмірде де тағып жүреді. Осылайша ұлттық нақыштағы бұйымдарды насихаттап жүрген ол кез келген киім үлгісін заманға сай үйлестіруге болатынын аяқтады:

— Әшекей-бұйымдарға Наурыз мерекесінің қарсаңында, басқа да мерекелерде, қыз ұзату тойына тапсырыс көп түседі. Ұлттық нақыштағы бұйымдарға жастар мен жасөспірімдердің де қызығушылығы ерекше. Мәселен, маған оқушы бала хабарласып, сегізінші наурызға жиырма бір шекелікке тапсырыс берді. Ол сыныбындағы қыздарға сыйлық жасағысы келген екен. Маған бір күн қалғанда хабарласты. Уақыт өте тығыз болды. Түнде көз ілмесем де, таңға дейін жасап бердім. Кәсібімді әлеуметтік желі арқылы жүргізіп отырғандықтан, бұйымдарға еліміздің түкпір-түкпіріндегі қыз-келіншектерден де сұраныс бар. Арасында тапсырыс беретін өзге ұлт өкілдері де кездеседі, — дейді ол.

Гүлжанат — аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Аталған қауымдастықтың ұйымдастыруымен жақында аудан орталығында облыстық форум өтті. Форум барысындағы жәрмеңкеде Гүлжанат өз бұйымдарын тұрғындарға ұсынды. Шараға біз де қатысып, тұрғындардың ұлттық әшекейлерді көптеп сатып алып жатқанын байқадық.

— Қауымдастыққа мүше болып кіргеніме көп уақыт өткен жоқ. Соның өзінде бірнеше ауқымды іс- шараның куәсі болдым. Жақында өткен форумда хромтаулық қыз-келіншектер: «Ұлттық әшекейлер өзіміздің ауданымызда бар екен ғой. Енді алысқа барудың керегі жоқ» — деп айтып жатты. Сатып алушылардың көпшілігі әшекейлерге қызығып, оны өздеріне немесе жақындарына сыйлық ретінде алды. Сондай-ақ соңғы уақытта қауымдастықтың форумдарында, жиындарында әшекей-бұйым жасау бойынша шеберлік-сағаттар өткізіп жүрмін, — дейді кәсіпкер.

Кәсіп иесі алдағы уақытта темірден жасалған бұйымдарды ғана емес, күміс әшекейлерді де сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.

Жанел НҰРБОЛАТҚЫЗЫ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button