Әлеумет

Үлкендіктің үлгісі

Сонау соғыс жылдарында дүниеге келген буынның бастан кешкен қиындығы аз болмағаны айқын. Ауылдың бас көтерер азаматтары ел қорғауға майданға аттанған, мұндағы қолына күрек ұстауға шамасы келгеннің барлығы «Бәрі де майдан үшін!» ұранымен күні-түні еңбек еткен.

Қазіргі Қопа селолық округі аумағындағы Сарықұмық елді мекенінде «Қызыл жұлдыз» колхозы еңбекшілері де көппен бірге сондай ауыртпалықтарға иығын төсеп, алда жақсы күндер болатындығына үлкен сеніммен қараған. Сауаты шамалылау болғанымен, колхоздың белсенді мүшелерінің бірі, қай іске де қолы шебер Нәби Төриннің отбасында сол 1943 жылдың тамыз айында дүниеге келген нәресте мұңды ауылға бір жылылық ала келгендей болып еді. Ол уақытта бір шаңырақтың қуанышы — күллі ауылға ортақ, бір үйден естілген күлкі жалпыға шуағын түсірер еді.

Жаңа дүние есігін ашқан сәбиге Шаңдыбай деген әдеттегіден өзгешелеу есім қойылады. Сірә, бұл бір жағы тіл-көзден сақтанғандық әсері болса да керек.

Тоғыз ай толғатып, соның өзінде күнделікті үй шаруасынан қалмай жүріп өмірге перзент әкелетін, онда да белін қаттырақ буып алып, тірлігіне қайта кірісіп кететін қазақ әйелінің қайратына қалайша таңғалмайсың!

Теңгеш ана да сол қатардан болатын. Оның ерекше бір қасиеті өрмек, алаша, шымыраулы  ши тоқыған. Тіпті тон, ішік, құлақшын, басқа да киім-кешектерді өзі  пішіп, қолмен тіге білетін ісмер-шебер жан болған. Еңбекке икемділігі осылай байқалған оның ертегі, жұмбақтарды айта білетін қасиеті де талайды тәнті еткенге ұқсайды. Көзі ашық, есепке жүйрік, арғы-бергі жағын қамтып отыратын ол төрінің берекесін келтіріп, дастарқанының молдығымен ауылда алдыңғы қатарлы үй санатында саналған.

Сол жылдарда аудан шаруашылықтарының малы алыстағы Самға көшіріледі. Өйткені жері шалғай болғанымен, ол жақтың табиғаты қыста қолайлы. Нәби шеберді колхоз басшылығы Самда малшы-шопандарға тұрғын үй, мал қора салуға жібереді. Еңбек үшін жаратылған ел азаматы ыстыққа күйіп, суыққа тоңса да өзіне тапсырылған міндеттерді абыроймен орындайды. Оның қолынан көтерілген ұядай үйлерде, қымтаулы қораларда алысқа көшіп барған малшы ағайындар алаңсыз тіршілігін жасап, қоғамдық мал басын аман сақтап, көбейтуге күш салады.

— Самнан  1951 жылы бір түйемен Үйтас деген жерге көшіп келдік. Осы жылы 1 қыркүйекте Қопа жетіжылдық мектебіне бірінші класқа бардым. Алғашқы ұстазым Кенжебай Қойшығарин қолыма қалам, қарандаш  ұстатты. Қопа жетіжылдық мектебінің емтиханын 1957-1958 оқу жылының соңында Баршақұмның қасындағы Пушкин атындағы  мектепке жаяу барып, екі-үш апта жатып, тапсырдық, — деп еске алады сол күндерді Шаңдыбай аға арада қаншама жыл өткенде қапысыз ойға оралтып.

Одан кейін сол 1958 жылы бір топ өз қатарларымен көршілес Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз станциясындағы №490 мектепке барып оқуын жалғастырады. Мектепті бітірмей жатып колхоздың көпсалалы шаруасына кірісіп кетеді. Адам қолы жетіспей жататын ауылда шаруашылық басшылары оны қуана қарсы алады.

Күзде, жиын-терін бірыңғайланған соң колхоз оны Қарауылкелдідегі №163 ауыл шаруашылығы жұмысшы мамандарын даярлайтын училищеге механизаторлық оқуға  жібереді. 1960 жылы бір жылдық курсты бітіріп келіп, трактор тізгінін ұстайды.

Қыста мал басындағы ағасына көмекші болып, жазда тракторын жүргізіп, күндіз-түні шаруа соңында шыңдалады.

1963 жылы аудандық әскери комиссариат шақырту қағазын жіберіп, Шұбарқұдық кәсіпшілігі жанындағы автокөлік жүргізушілерін даярлайтын курсқа тартады. Оны бітіріп келген соң да тракторын жүргізе береді. Ол кезде шаруашылықта қысқы мал азығын дайындауға айрықша мән беріледі. Тракторшылар күн шықпай, таңғы сағат төртте шабындық басынан табылады. Содан түскі он екіге дейін тыным жоқ. Күн қызуы қайтқанша тыныстап алып, қараңғы түскенше тағы да жұмыстарын жалғастырады.

Колхоздың озат механизаторын 1964 жылдың қараша айында әскер қатарына шақырады. Содан ол Батыс Украинаның Сумск облысы аумағындағы Глухов қаласы жанында үш жауынгерлік міндетін атқарады.

Жер көріп, ел танып, көзі ашылып келген жас, жігерлі жігіт енді бір мамандық игергісі келеді. Ақтөбедегі кооператив техникумына оқуға түсіп, алты айдай оқыған уақытында әкесі Нәби оқудан шығарып алады да, өздері тұратын Крупская атындағы совхоздың шаруасына салады. Ол уақытта бүгінгі кейбір жастар секілді өз бетімен шешім қабылдап, әкенің бетін қайтару деген атымен жоқ, ол шаруашылықта көлік жүргізушісі және көмекші шопан қызметін атқара бастайды.

1970 жылы ақпан айында Дәнекер Ізбасовамен шаңырақ көтеріп, үлкендердің батасы алады. Келер жылы тұңғыштары Мейрамбек дүние есігін ашады.

Жас болса отызға таяп қалды, Шаңдыбай әкесінің алдынан тағы бір өтіп, жоғары білім алғысы келетінін білдіреді. Сөйтіп, Орал қаласындағы Пушкин атындағы педагогикалық институттың география факультетінің сырттай бөліміне оқуға түседі. Оны 1976 жылы ойдағыдай бітіріп, география пәні мұғалімі атанып, қолына диплом алады. Осылайша ол отыз үш жасында мұғалім болып мектеп табалдырығын аттайды.

Төртінші мұнай айдау кәсіпшілігіне бастауыш класс мұғалімі болып үш жыл оқушыларға дәріс береді. Содан кейін аудандық оқу бөлімі оны Қопа орта мектебіне география пәні мұғалімі етіп жібереді. Ол ағарту саласына кештеу келсе де, уақыт талабына сай ізденісте жүріп, білімін жан-жақты жетілдіре береді. 1987 жылы жоғары санатты категорияға тапсырады.

Газет-журналдарды көптеп жаздырып алады. 1990 жылы Ақтөбе қаласындағы №12 мектептің директоры Әділхан Алиевтің бастамасымен география пәнін интеграциялық жолмен оқытуға ден қояды. Ғылыми-әдістемелік эксперимент жұмыстарын жүргізуде Мәскеудегі №395 мектептің педагогикалық ұжымымен байланыста болып, іс-тәжірбиесімен бөлісіп, оқушыларға сапалы білім беруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді. Осы бағытта Қопа және Ойыл орта мектептері өз тәжірбиелерін насихаттап, Ақтөбе облысы аумағында ең жоғары дәрежедегі атаққа ие болды. Қопа орта мектебіне тәжірбие алмасуға басқа өңірлерден мұғалімдер жиі келіп, конференциялар ұйымдастырылды.

Байғанин ауданында өткізілген алғашқы «Жыл мұғалімі»  байқауында Шаңдыбай Нәбиев жүлделі орынға ие болады. Осы тұста Байғанин ауданы бойынша оның география кабинеті бірінші орынды иеленеді.

Әріптестері оның ұйымдастырушылық қабілетін, іскерлігін жоғары бағалап, Қопа орта мектебі кәсіподақ ұйымының төрағасы етіп сайлайды.

1996 жылы мектептегі гуманитарлық пәндер секциясына жетекші болған ол жас мамандармен өзінің іс-тәжірибесін бөлісіп, оларға үйретіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Көптеген қоғамдық жұмыстарға өзі де белсене қатысып, әріптестерін де кеңінен тартады.

Өзі тұратын Крупская атындағы совхозда жаз айларында мал азығын дайындауға қатысады.

Ауылда шахмат, волейбол секілді спорт түрлерін кеңінен насихаттап, мектеп атынан ұстаздар қауымы болып, түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды жиі иеленгендері де күні кеше сияқты еді. Көпшіліктің көңілін көтеру мақсатында Жаңа жыл, 8 наурыз сияқты мерекелерде концерт қойып, спектакль ұйымдастырып, ауылдастарының ризашылығына бөленіп, талай рет алғыстарын да алған.

Марапат алу міндет емес сияқты көрінеді кейде. Дегенмен еңбектің бағаланып, еленуі мәртебеңді көтереді емес пе?! Ол 1965 жылы әскер қатарында жүргенде Ұлы Жеңістің 20 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталуын сан ұлт өкілдерінің арасынан қазақ баласының бір жетістігіндей көреді.

Ұстаздық жолда еңбек ете жүріп, әр жылдарда алған облыс әкімінің және облыстық мәслихат хатшысының Құттықтау хаты, облыстық, аудандық оқу бөлімдері басшылығының, облыстық салалық кәсіподақ комитетінің, облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да сол өткен жылдардың ерекше естелігі іспеттес.

Адамның үйлесімді тіршілігі, өнімді еңбек етуі негізінде отбасынан өріс алады. Шаңдыбай ағаның өмірлік серігі Дәнекер апа елге ақ халатты абзал жан ретінде танылып, халық денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етті.

Дүниеге алты перзент әкеліп, аялап өсірген ардақты ана, Күміс алқа иегері.

«Отбасылық өмірдің қиыншылығы мен қуанышында да бірге болып, заманның тар кезеңін артта қалдырған сияқтымыз. Ол мен үшін, біріншіден, өмірлік серігім, балаларымның алтын анасы, ортаға сыйлы, шаруаның несібесі, үйдің берекесі бола білген қадірлі жан.

Жасымыз келіп, қарттық белгі берсе де, құдай берген денсаулығымызды күтіп, көңіліміз қалаған ірілі-ұсақты істермен айналысып келеміз. Шешемнің ізін басқандай, кемпірім Дәнекер де ісмерлікпен айналысып, тоқымашылықты серік етті. Ауыл арасы, ағайын-тума, ұл-қыздары мен немереге сәнді әрі әдемі киім-кешек, дүниелерін тоқып беруде. Ара- тұра өзге өңірден де тапсырыс қабылдап, елдің алғысына бөленіп жүр», — деп ақсақал сөз реті келгенде өз жолдасына деген сыйластық-сүйіспеншілігін де білдіріп қояды.

Бүгінде олардың балаларының өзі ел таныған азаматтарға айналды. Мейрамбегі Ебейтіде су жүйесінің меңгерушісі. Келіні Гүлайым — Қопа селолық округінде балабақшада тәрбиеші. Олардың үш перзенті бар.

Қызы Сандуғаш Орал қаласына тұрмысқа шығып, сол жақта ұстаздық қызмет атқарады. Ол жолдасы Марат екеуі — екі ұл мен бір қызға өмір сыйлаған ата-ана.

Қызы Сайран — есепші, қазір шетелдерден зат алдырып, жеке кәсіппен шұғылданады. Жолдасы Мұрат вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Үш ұлы бар. Темір қаласында тұрады. Қызы Роза — Қопа ауылында Ақтан жырау негізгі мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Жолдасы Нұрғазы вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Олар — үш баланың ата- анасы.

Қара шаңыраққа ие болып отырған ұлы Сәндібек жеке мал шаруашылығымен айналысады. Келіні Айжан — Ақтан жырау мектебінде психолог. Бұлардың екі ұлы бар. Үлкені Малайсары ата-әжесін бабалыққа жеткізіп, Нұршапағат есімді шөбере сүйгізіп отыр. Кішісі Әлішер — денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Қызметтері, үй-жайы — Ақтөбе қаласында.

Кенже бала Еркебұлан «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясында жұмыс істейді, отбасылы. Келіншегі Лаураның да өз кәсібі бар.

Ілгері үздіксіз жылжыған өмірдің өз заңдылығы алдан бағыт сілтейді. Абай айтқандай, «Алдыңғы толқын — ағалар, кейінгі толқын — інілер». Тіршілік қозғалысы солай жалғаса береді.

Ұзақ жыл білім беру саласында жемісті еңбек еткен Шаңдыбай Нәбиевті 2007 жылы мектеп ұжымы, яғни әріптестері зейнеткерлікке құрметпен шығарып салды.

Ол арада көп уақыт өтпей Қопа селолық округінің ардагерлер алқасының төрағасы болып сайланды. Кейінірек Қопа селолық округі әкімшілігінің кеңес мүшесі болды. Осылайша ардагер аға Қопа селолық округінде тұрып жатқан халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, осы өңірдің өрісті дамуы жолында еңбек етуде, мүмкіндігінше өзінің үлесін қосуда.

Ел мұқтажы, халық қажеті ақсақалдың қол қусырып қарап отыруына мүмкіндік бермейді. Өткенде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына хат жолдады. Байғанин ауданы Қопа ауылдық округіне қарайтын Ақмола жерасты суын шетелдік мұнай өндіруші компания өз меншігіне өткізіп жіберген. Өкінішке қарай, аталған елді мекеніндегі осы тұщы суды меншікке алу үшін ешқандай қоғамдық жиын, яғни тыңдау өткізілмеген. Бұл кісі мұны заңға қайшы, халық мүддесін ескермей істеген шара деп қабылдайды.

Негізінде Ақмола елді мекенінде 2020 жылы су жүргізіле бастап, 2021 жылы іс бітпей жабылып, 2022 жылы сол күйі қалды. Міне, осы Қопа елді мекеніндегі жерасты суын елге қайтару үшін өтініш жазып, соңына түскеннен кейін ғана сол арқылы әділеттілік орнады.

Қазіргі таңда Ебейті-Қопа-Сағыз қиыршықтас жолдарын қалпына келтіру мәселесімен айналысуда, ел игілігі үшін мұны да бір жөнге келтіргенді дұрыс көреді.

Елге қызмет ету, көпшіліктің ортасынан табылу, халық мүддесімен тыныстау ұлағатты ұстаздың ұзақ жылдар бойы қалыптасқан дағдысы іспетті. Сондықтан да ол бүгінде де, сексен атты қадірлі жастың кемелді биігіне көтерілген тұста да үлкендіктің үлгісін берік ұстанып, сол қалпынан айнымақ емес.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Байғанин ауданы

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button