Әлеумет

Мұқтаж отбасына көмек

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Мектепке жол» республикалық акциясы және әлеуметтік-материалдық көмек» тақырыбында брифинг ұйымдастырылды.

Жыл сайын еліміздің барлық өңірінде «Мектепке жол»  республикалық қайырымдылық акциясы өтеді. Акцияның мақсаты — аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.

— Былтыр «Мектепке жол» акциясы аясында облыс бойынша 17086 балаға қолдау көрсету мақсатында демеушілер тарапынан мектеп формасы, спорттық киім, күрте, оқу құралдары түрінде көмек көрсетілді. Биыл да дәстүрлі акция жылдағыдай 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін өтеді. Қайырымдылық акциясына әрбір ниет білдіруші қатыса алады, — дейді  облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева.

Көмекке мұқтаж балаларды қуантқыңыз келсе, олар туралы ақпаратты облыстық білім басқармасының  8(7132) 56-85-24 телефон нөміріне хабарласып, алуға болады.

Брифингте мектеп оқушыларына берілетін әлеуметтік көмек туралы да айтылды.  

— Былтыр Үкіметтің №64 Қаулысына өзгерістер енгізіліп, әр балаға бөлінетін қаражат көлемі қолданыстағы республикалық бюджет туралы заңнамаға сәйкес, ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен емес мөлшерде берілген болатын. Бұл үрдіс жалғасып, биыл 15168 оқушының ата-аналарының есепшотына 40567 теңге көлемінде ақшалай қаражат аударылады. Қаржылай және материалдық көмек оқу жылында бір рет беріледі, — дейді Дина Жаманбаева.

Қаржылай және материалдық көмек бірінші — мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, екінші — мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, үшінші — жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төртінші —   төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, бесінші білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі. Мысалы, егер отбасына бір айда кіретін орташа табысты жан басына шаққанда кедейлік шегіне, яғни 30 729 теңгеге жетпесе, бала бірінші санатқа жататын отбасының, егер табыс 30729 теңгеден жоғары, бірақ 40567 теңгеден, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болса, екінші санатқа жататын отбасының баласы болып есептеледі. Жан басына шаққандағы табыс мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш беру арқылы анықталады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button