Білім

«Alaqan мektep» жүйесі енгізілді

Білім беру нысандарындағы басым міндеттердің бірі — қолайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыру. Ақтөбедегі Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 IT мектеп-лицейінде «Alaqan Мektep» жүйесі енгізілді.

Аталған жүйенің идентификаторы алақан биометриясына негізделген, ол саусақ ізімен салыстырғанда күрделірек және өзіндік ерекшеліктері бар. «Alaqan Мektep» — білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және оқу процесін цифрландыруға мүмкіндік беретін бірыңғай экожүйе.

Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 IT мектеп-лицейі — әзірге «Alaqan Мektep» қанатқақты жобасы жүзеге асырылған Қазақстандағы алғашқы мектеп. Бұл білім шаңырағында алақанды сәйкестендіру жүйесі тегін енгізілді.

Мектепте турникеттер орнатылып, балалар ғимаратқа арнайы карталар мен білезіктермен кіреді. «Alaqan Mektep» жүйесінде мектепке қажетті сервистің барлығы бар. Бұл жүйеде оқушылар алақанын сенсорға қою арқылы кітапханадан кітаптар алып-тапсырып, асханада төлем жасай алады. Ал ата-аналар баланың мектепке қашан келіп-кеткенін біліп, мобильді қосымшасы арқылы асханада балаларының мәзірі мен шығындарын бақылай алады. Сондай-ақ ата-аналарға мектеп ауласымен және ішіндегі камералар арқылы балаларын көру мүмкіндігі берілді.

«Alaqan Mektep» жүйесінің  көмегімен кітапхана жұмысын автоматтандыру арқылы оның қызметін жаңа деңгейге шығаруға, мектептер арасындағы кітаптар қозғалысының процестерін цифрландыра отырып, өңірдегі барлық мектептердің бірыңғай кітап қорын құруға мүмкіндік береді.

Ақпараттық жүйе алақан тамырларының үлгісін цифрлық кодқа айналдырады. Шифрланған цифрлық код жүйеде тіркелген пайдаланушылардың арасында сәйкестендіріледі. Шифрланған цифрлық код табылған жағдайда  жүйеге кіріп төлемдерді жасай алады. Сканерлеу 0,3 секундта жүргізіледі. Жүйе ыңғайлы әрі қауіпсіз. Жоба тиімді жүзеге асып жатса, оның ауқымын кеңейту мәселесі қарастырылатын болады.

 А.БАЛЖАНАЙ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button