Әлеумет

«Бетбұрыс» жобасының үшінші кезеңі басталды

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының мәжіліс залында қалалық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен «Бетбұрыс» әлеуметтік жобасының үшінші кезеңі басталды.  

Жоба көпбалалы және жалғызбасты, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың, аз қамтылған отбасылардан шыққан әйелдердің психологиялық кедергілерді еңсеріп, өз ісін бастауға қолдау көрсетуге бағытталған. Жобаның алдыңғы екі кезеңі бойынша 40 ана курсты аяқтап, белгілі бір кәсіп түрлеріне бейімделіп, сертификаттарға ие болды.

Іс-шарада қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жамбыл Салиев «Бетбұрыс» әлеуметтік жобасының үшінші кезеңінің басталуымен құттықтап, қатысушы аналардың оқуына сәттілік тіледі.

— «Бетбұрыс» — көпбалалы, жалғызбасты, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарды қолдауға арналған әлеуметтік жоба. Үшінші кезеңде 80 әйелден өтініш түсті. Іріктеуден  өткен 21 ана енді тігінші, кондитер, бухгалтер, сұлулық салонының шебері, SMM секілді  5 бағыт бойынша кәсіпке бейімделмек. Курс ұзақтығы — бір ай. Бір ай ішінде тәлімгерлер психологиялық тренингтер мен шығармашылық сабақтар өткізетін болады. Тәжірибе алмасу мақсатында кәсібін дамытып отырған аналардың жұмыс орындарына да барады. Жоба соңында қатысушыларға сертификаттар беріледі, — дейді «Іскер ханым» қоғамдық қорының директоры Әсия Мұхсинова.

Оның айтуынша, «Бетбұрыс» жобасының екінші кезеңінде курстан өткен 20 ананың 18-і өз кәсібін ашып, бүгінде ісін сәтті ұйымдастырып отыр.

Шара барысында облыстық іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі, кәсіпкер Күлпаршын Айдарханова өз ісін ашқысы келетін аналарға кәсіпкерліктің қыр-сыры туралы айтса, «Бетбұрыс» жобасының түлектері Эльмира Ахаева мен Гүлзейнат Әуезовалар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button