Әлеумет

Үй жануарын тіркедіңіз бе?

Биылғы күз мезгілінен бастап үй жануарларына чип салу міндеттеліп отыр. Мамандар бұның ең бірінші кезекте үй жануарларын есеп алу мақсатында жүргізілетінін айтады.

Аталған тіркеу жұмыстары «Үй жануарларын есепке алу қағидаларын және есепке алуға жататын үй жануарларының тізбесін бекіту туралы» Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы №169 бұйрығына сәйкес жүзеге аспақ.

— Бұйрықтың 2-тарауы, 1-параграфы, 5-тармағында үй жануарларының тізімі түзілген. Атап айтсақ, ит, мысық, теңіз шошқасы, шиншила, күзен, сәндік егеуқұйрық, тасбақа, ергежейлі шошқа, хомяк, ұстауға тыйым салынған түрлерден басқа, маймыл есепке алынуға тиіс. Бұлардың арасында ит-мысықты тіркеу міндетті болса, қалғандары иесінің қалауына қарай чиптеледі. Жаңа талап жеке және заңды тұлғалардың барлығына ортақ.

Есепке алу құралын сатып алу, оны орнату жануар иесінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі, — дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зайрымбет Бектұрған.
Чиптерді орнатудың бірнеше жолы бар. Қызмет алушы ит-мысығының асқазан-ішек жолдарына, тері астына, құлағына, т.б. мүшесіне қоя алады. Сол арқылы деректер базасына иесінің толық аты-жөні, мекенжайы, чип орнатылған жануардың тұқымы, лақап аты, жынысы, туған күні, басқа да мәліметтер енгізілмек.

— Жануарларды есепке алу үшін «Таңба» ақпараттық жүйесі пайдаланылады. Үй жануарларының иесі өзінің электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы сол жүйеге тіркеліп, жануар туралы ақпаратты қарай алады. Жалпы, үй жануарларын есепке алу үшін жеке ветеринарлық емханаларға немесе қалалық, аудандық ветеринарлық станцияларға жүгіну керек.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 407-2-бабына сәйкес жануарларға жауапкершілікпен қарау заңнамасын бұзған жеке тұлғаларға — он, лауазымды адамдарға — жиырма, ал заңды тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлға әкеліп соқтырады. Сондықтан жұртшылықты жаңа өзгерісті орындауға шақырамыз, — дейді аталған басқарманың бөлім басшысы Асылбек Жантілеуов.

Айбек СЕРІКҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button