Әдебиет

Өр ақын еді Өтежан…

Ол ауылда туғанымен, бүкіл саналы ғұмыры әсем шаһар Алматыда өтті. Сол жерден мәңгілік мекенін тапты.

Бірақ көзі тірісінде бір сәт те Жарқамысын жадынан шығарған емес.

2008 жылы ақын жетпіс жасқа толуына орай елге келді. Әдеттегідей Ақтөбеден емес, пойызбен келіп, Қарауылкелдіден түсті. Біздер, ортамызда ақтөбелік қаламгерлер Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Жақсылық Айжанов бар, бәріміз бірге сол жерден күтіп алдық.

Ақын аяулы жары Күләш апамен бірге келді.

Мен ол кезде облыстық телекомпанияның басшысы болатынмын. Әуелі Алматыдан тікелей телефон шалды. «Інім, жолға шығайын деп отырмын. Мені күтіп алып, бірге жүретін жағдайың бар ма?» — деді. Сосын: «Егер сен күтіп алсаң, басқа ешкімге хабарласпаймын», — деп әңгімені күрт доғарды. Ағамыздың мінезін бала кезімізден жақсы білеміз ғой, оған қарсы келуге болмайды.

Сонымен, Қарауылкелдіде, Жарқамыста, Кемершиде кездесулер өтті. Өлеңдерін оқыды тебіреніп, оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Мектеп оқушыларына «Ақын болмаңдар, кәсіпкер болыңдар!» деп ақылын айтты.

Сол тұста «Өтежан — өр ақын» атты үш бөлімнен тұратын әдеби хабар түсіріліп, облыстық телеарнадан бірнеше рет қайталанып берілді, қазірде телеарнаның алтын қорында сақтаулы тұр.

Жарқамыста болғанымызда ерте тұрып, өзен жағасында ойланып отыр екен: «Жемге барып, бет-аузымды шайдым», — деді жаймен ғана.

«Әй, бала, кеше жетпісте едім, бүгін жетпіс бірдемін!» — деді бір кезде маңғаз кейіппен. Сосын өз бетімен бір ойларға беріліп кетті. Мен кедергі жасамайын деп, кері шегіндім…

Сол кезеңнің қилы-қилы тағдыры,
Қосылғанда… жұмбақ еді таң нұры…
Жұмбақ еді сол кезеңнің адамы,
Жұмбақ еді сол кезеңнің жаңбыры…

Оның өлеңдері осындай болып келетін. Әсіресе соғыс жылдарында өткен балалығы — оның жауһар жырларының мәңгілік арқауы еді.

Мен бәрібір ұмытпаймын сол күнді,
Жетім қалған жүректегі толқынды.
Шырқыратам өтіріктің өзегін,
Толтырғанша шындықпенен олқымды…

Осы шындық оның алдынан талай кедергілерді тосты. Бірақ ол мойыған да жоқ, кедергілерге де қарамады. Ар алдындағы ақиқатын айқайлап айта берді.

Әдебиетке алпысыншы жылдары «Менің махаббатым» атты жыр жинағымен келген ақын одан кейін қаншама кітап шығарды — бәрібір бастапқы бағытынан айнымады. Туған жер, өскен өлке, сол өңірдің адамдары оның өлеңіне өзек болды да отырды.

Сол шалдар да бір күндері сынар-ау,

Жасы жүзге жақындаған шығар-ау…

Бұл өлеңнің кейіпкері — Әбілғазы қария жүзге жақындап өмірден өтті. Оның баласы —  Шектібай. Бұлар Өтежанның жақын ағайындары еді. Олар Алматыға аттанған ақыннан қамқорлығын аяған жоқ.

Есіңде ме, сол бір күндер, Шектібай,

Алматыға алғаш сапар шектім-ай… — деп өлеңде айтылатын Әбілғазы ақсақал, оның баласы Шектібай менің туған нағашыларым болғандықтан да осы жайларды жақсы біліп өстім.

Сол жырларының негізі «Соғыстың соңғы жазы» деген атаумен оқырмандарына айрықша танымал болды.

Оның әр сөзі, әр айтқаны бірін-бірі қайталамайтын.

Өзінің беріректегі бір сұхбатында: «Мен маркасы жоқ хат сияқтымын», — депті.

Елге кейінгі бір ат басын тіреген тұсында «Байғанин топырағы бос жатыр үңірейіп. Мен осы топырақтан жаралғанмын, соның бір кетігін бітеуге келдім» деп еді адуын ақын мұңды кейіппен.

Алда ғұмыр-дариясының үзілер шағы жақын қалғанын болжады ма екен…

Содан кейін шынында да көп ұзамай мәңгілікке бет алды…

2011 жылдың қаңтар айының жетінші жұлдызында өзі талай табалдырығын аттаған Жазушылар одағында айбынды ақынмен қалың елі қимай қоштасты.

«Алматыда белгілі ақын, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері қазақ поэзиясының алыбы, шындықтың бетіне қаймықпай қарайтын ақиқатшыл ақын Өтежан Нұрғалиев дүниеден озды» деп жазды баспасөзде сол кезде.

Оған да, міне, он екі жылдан асыпты.

Өтежан-ғұмыр мәңгілік!

Оның жырлары жас ұрпақпен бірге жасарып-жаңарып, көктей береді…

Раукен ОТЫНШИН, ҚР мәдениет қайраткері


Өтежан НҰРҒАЛИЕВ: Барсаң, сәлем айта бар Байғанинге!

Ақ қағаздан қорқушы ем нүктесі жоқ,
Айдаладан қорқушы ем бүкпесі көп.
Нүктесін де көп көрдім, бүкпесін де,
Маған, сірә, бұл жердің өкпесі жоқ.

Ерғараның иесіз орманында,
Таңды көрдім Ақтамда қонғанымда.
Күнді көрдім мен тұңғыш құмға батқан
Қызыл жирен Құмсайдың ар жағында.

Атты көрдім аяғы тұсалмаған.
Құсты көрдім аспанға ұша алмаған.
Айдын көлдің аққуын сонда көрдім
Құшамын деп, құшам деп, құша алмаған.

Өтті, кетті,
жасық боп жыламаймын,
Өткен күнді еске алам, сынамаймын.
Жемнің арғы бетінде құлан құсап,
Жылқылары жүр ме екен Жұмабайдың?

Жауды көрсе әлі де ақия ма,
Тар болмай ма жетпіс жас тақияға?
Бір тай мінер уақытым болды менің,
Барсаң, сәлем бере шық Жақияға.

Сәлем беріп, мен болып тайға мін де,
Барсаң, сәлем айта бар Байғанинге.
Анда-санда құлақ сап жүр дегейсің
Жүрегінде жоғалмай қалған үнге.

***
Ол да осындай борап тұрған қыс еді,
Бір сағатта қар түсетін үш елі.
Ақтам менен Төбегөңнің арасын
Жаяу кезген кезім еске түседі.

Есіңде ме сол бір күндер, Шектібай,
Алматыға алғаш сапар шектім-ай.
Самолетке отырам деп ауданнан
Екі өгізді ат шанаға жектім-ай.

Жастай көріп жетімдіктің тоқпағын,
Есіңде ме Төбегөңнен жортқаным?
Шаңғытбаев Қуандықтан ақша кеп,
Есіңде ме, «бұл неге?» деп
қорыққаның.

«Көңіліңнің, — дедің сонда, — қапасын
Бір серпуге кетіп бара жатасың».
Есіңде ме Ерғараға соққаным –
Сіздің шалдың алайын деп батасын.

Сол кеткеннен, жолым болып,
мол кеттім,
Мол кетуден көкірекке қонды екпін.
Бірде адасып, бірде тауып жолымды,
Барар жерге бұралаңдап мен жеттім.

Сіздің үйге сол баруым дөп екен,
Анда-санда соны есіме ап өтем.
Тағы да бір бата алатын кез жетті
Мен барганша тірі жүрсе Әбекең!

Сол шалдар да бір күндері сынар-ау,
Жазы жүзге жақындаған шығар-ау,
Жігіт едің жеңіл аяқ өзің де,
Пошта тасып жүретін ақ құбалау.

Алып кетіп мені алысқа арманым,
Көптен бері аттың ізін салмадым.
Бірақ менің есімде тұр алғашқы
Төбегөңнен Алматыға барғаным.

Қалта жұқа, жер сүйретіп шекпенім,
Есіңде ме, әбден азап шеккенім.
Самолетке жетейін деп сол күні,
Екі өгізді ат шанаға жеккенім…

***
Шығыр шыққан, шайыр шыққан
Біздің ауыл Шағылда еді.
Су моншақ құм, қиыршақ құм
Гауһар ма еді, лағыл ма еді?

Құмырсқа бел сағым белбеу
Белден асар, ырғып белі.
Жел соққанда жалын-көлден
Желп-желп еткен түндіктері.

Ыстық шілде… ыс басқан үй…
Жаңбыр жауса — қарақұрым, —
Исі шығып үйіткен қойдың,
Балғын шидің балағының.

Исі шығып сары сиырдың
Жаңа түскен жапасының,
Дауысы шығып Жансүгірдің
Сиыр сауған апасының.

Дауысы шығып Есенбайдың
«Шәуім-шәуім…» бұзауына,
Көзі шығып Әсембайдың
Қарай-қарай қызды ауылға,

Шеке қайтып келе жатыр,
Сиыр бағып таңдай кепкен.
Әжім дейтін қара батыр
Бір бастық бар — Қалдайбектен.

***
Өзі жуан болса-дағы… жуандық
Жасамайтын кісі еді Қуандық.
Бір жаманы — махоркіні тартатын,
Төңірегін көк түтін ғып, тұман ғып.

Бір жаманы — ішкіш деген жаман ат,
Үзілмеуші ед дастарқаннан ақ арақ.
Нан, жуаны иіскеп алып соққанда,
Таң қалушы ем күйсеуіне қарап-ақ.

Шешесінің қылтамақтан өлгенін,
Белқаңтарда қар астына көмгенін,
Айтқан кезде… түсінемін неліктен
Қу сүйек боп жүдегенін жеңгенің.

Сол жайында айтып қана
қоймайды-ау,
Басталады жеңгей жақтан ойбайлау.
Ағай жақтан басталады гүжілдеу,
Біз тараптан — зәре қалмау,
сор қайнау.

Жеңгей даусы сай-сүйектен
өткенмен,
Қолым құйттай. Қолдан келер жоқ дәрмен.
Сондай кезде арашаға жарамай,
Өзімді өзім өлердейін жек көргем!

Сондай кезде…
сондай қиын күйде сол —
(Дәу жұдырық қалжыңыңды
сүймес ол).
Көк желкеге енді қона бергенде…
Өте сирек келетұғын үйге сол…


 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button